Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

1300-ге жуық құтқарушы еліміздің төрт өңіріндегі өртпен күресіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Өткен тәулікте елімізде 22 табиғи өрт пен жану оқиғасы тіркелді. Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен оның 17-сі сөндірілді.

а
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Министрліктің мәліметінше, қазір Шығыс Қазақстан, Абай, Ақмола және Қарағанды облыстарында 13 табиғи өрт пен жану ошағы бақылауда.

1300-ге жуық құтқарушы еліміздің төрт өңіріндегі өртпен күресіп жатыр
Фото: ТЖМ

Өртті сөндіру жұмыстары таулы және далалы жерлердің қолжетімсіздігі, күрделі жер бедері, жоғары ауа температурасы мен қатты желге байланысты қиындап отыр.

— Өртпен күреске 1300-ге жуық адам мен 240-тан астам техника жұмылдырылған. Мамандар жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, аумақтарды дрондар мен «Қазавиақұтқару» әуе кемелері арқылы әуеден бақылап жатыр. Негізгі мақсат — өрттің елді мекендерге, тұрғын үйлерге, шаруашылық нысандары мен ауыл шаруашылығы алқаптарына таралуына жол бермеу. Жағдай ТЖМ бақылауында, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Қарағанды облысында дала өртінен екі адам күйіп қалғанын жаздық.