136 мың жол белгісі тексерілді: Қазақстанда 97% талапқа сай екені анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның республикалық жолдарында орнатылған 136 мыңнан астам жол белгілерінің 97%-ы нормативтік талаптарға сай екені анықталды. Жүргізілген тексеру барысында кейбір кемшіліктер тіркеліп, оларды жою үшін жауапты мекемелерге тиісті шаралар қабылдау тапсырылды. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.

136 мың жол белгісі тексерілді: Қазақстанда 97% талапқа сай екені анықталды
Фото: Көлік министрлігі

Қазақстанның республикалық маңызы бар автожолдарында 136 мыңнан астам жол белгісі орнатылғанын білесіз бе? Олар күн сайын жүргізушілерге бағыт-бағдар беріп, қауіпті учаскелер туралы ескертіп, жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Жол инфрақұрылымының қауіпсіз әрі заманауи талаптарға сай болуы үшін жол белгілерінің жай-күйі тұрақты түрде бақылаудан өткізіліп отырады.

136 мың жол белгісі тексерілді: Қазақстанда 97% талапқа сай екені анықталды
Фото: Көлік министрлігі

Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар аясында Жол активтері сапасының ұлттық орталығы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол белгілеріне ауқымды тексеру жүргізді.

— Тескеру барысында мамандар республикалық автомобиль жолдарының бүкіл желісін қамти отырып, 136 мыңнан астам жол белгісін тексерді. Нәтижесінде жол белгілерінің шамамен 97%-ы қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес келетіні анықталды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар профилактикалық бақылау аясында назар аударуды қажет ететін шамамен 4,3 мың жағдай анықталды. Ескертулердің басым бөлігі жекелеген жол белгілерінің табиғи тозуына және техникалық жай-күйіне байланысты. Бұл — көлік қозғалысының қарқындылығы мен ауа райы жағдайларының әсерінен туындайтын қалыпты жағдай.

— Анықталған кемшіліктер қатарында кейбір жол белгілерінің бүлінуі мен тозуы, орнату талаптарынан ауытқулар, сондай-ақ ақпараттық құрылымдардың көрінуі мен оқылуын жақсарту қажеттілігі бар, — хабарлады ведомстводан.

Бұдан бөлек, жекелеген учаскелерде жол белгілері мен шақырымдық көрсеткіштердің жетіспеуі, сондай-ақ кейбір элементтердің түнгі уақытта жақсы көрінуі үшін жарық шағылыстыру қасиеттерін күшейту қажеттілігі тіркелді.

Барлық анықталған ескертулер жедел шара қабылдау үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен «ҚАЖсервис» ЖШС-не жолданды.

Жүргізіліп жатқан тексеру жұмыстары тұрақты әрі жүйелі түрде жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, жол инфрақұрылымының сапасын жақсартуға және жол пайдаланушылары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

Еске сала кетейік, республикалық маңызы бар жолдарда 140 мыңға жуық жол белгісі орнатылған. Жол қауіпсіздігі жөніндегі кешенді нысаналы бағдарлама аясында жыл сайын 10 мыңға жуық белгі жаңартылады.