14,5 млн. теңге жымқырған «Тұлпар Тальго» ЖШС-нің бас есепшісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды
АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Мемлекетке 14,5 млн. теңге залал келтірген «Тұлпар Тальго» ЖШС-нің бас есепшісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы бүгін Астана қаласы бойынша Қаржы полициясы департаментінің Даму институттары мен ұлттық компаниялардағы қылмыстарды ашу басқармасының басшысы Бейбіт Молдабеков баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Тұлпар Тальго» ЖШС-нің («ҚТЖ» АҚ ҰК еншілес компаниясы) бас есепшісі Тәңірбергеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалып, өндіріспен аяқталды. Ол 2011-2012 жылдар аралығында 14,5 млн. теңге жымқырған. Астана қалалық сотының үкімімен жоғарыда аталған азаматша 7 жылға бас бостандығынан айырылды», - деді Б. Молдабеков.
Сонымен қатар, басқарма басшысының мәліметі бойынша, мемлекеттік инвестициялық жобаны іске асыру кезінде мемлекетке 14,84 млн. теңге шығын келтірген «Нейстон» ЖШС басшысына қатысты алаяқтық фактісі бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Ол сот үкімімен шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ (оның 100% үлесі мемлекетке тиесілі) бас есепшісі Майлина шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өзінің қызметін асыра пайдаланып, 2012 жылдың наурызы мен желтоқсаны аралығында кәсіпорынның 7,4 млн. теңге қаржысын жымқырған.