14 ақпанда Қазақстанның екі облысында күшті аяз болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Антициклон бұрынғыша Қазақстанның оңтүстік бөлігіне өз ықпалын сақтайды - 14 ақпанда ауа райының ашық болуы күтіледі, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі Қазгидрометке сілтеме жасап.

14 ақпанда Қазақстанның екі облысында күшті аяз болады

Түнде Алматы және Жамбыл облыстарында кей жерлерде күшті аяз болуы күтіледі.

Республиканың солтүстік бөлігінде атмосфералық ағындардың өтуімен ауа райының тұрақсыз сипаты күтіледі, кей жерлерде қар жауады, бірқатар аудандарда бұрқасынды жел күшейеді. Республика бойынша кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады.

Қостанай облысында кей жерлерде бұрқасын көтеріледі, тұман түседі, желдің күші 15-20 м/с-қа жетеді. Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының бірқатар аудандарында тұман түседі, көктайғақ болады. Ақтөбе облысында кей жерлерде тұман түседі, желдің екпіні 18-м/с-қа дейін күшейеді. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының кейбір аудандарында тұман түседі. Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде желдің күші 15-20 м/с-қа жетеді.