14 қазан. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 14 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік стандарттау күні

1946 жылғы 14 қазанда Лондонда 25 мемлекеттің өкілдері қатысқан ұлттық стандарттау ұйымдарының конференциясы ашылды. Конференцияда Халықаралық стандарттау ұйымын (ISO) құру туралы шешім бірауыздан қабылданды. Ал 1970 жылы ISO президенті Фарук Сунтердің бастамасымен Дүниежүзілік стандарттау күні белгіленді. Бүгінде ISO құрамына 162 елдің ұлттық стандарттау ұйымы кіреді.

Стандарттау — барлық мүдделі тараптардың қатысуымен белгілі бір қызмет саласына ортақ ережелер мен талаптарды белгілеу үдерісі. Ол өнім сапасын арттыруға, талаптардың бірізділігін сақтауға және халықаралық сауданы дамытуға ықпал етеді. Стандарттар ғылым мен техникада, ауыл шаруашылығында, өндірісте және экономиканың өзге де салаларында кеңінен қолданылады.

Дүниежүзілік тісжегісіз болашақ күні

2010 жылы тісжегінің кеңінен таралып бара жатқанына алаңдаған бір топ тіс дәрігері бірігіп, Тісжегісіз болашақ альянсын құрған болатын. Осы халықаралық коммерциялық емес ұйымның бастамасымен жыл сайын аталып өтеді. 2016 жылы Альянстың бастамасымен Дүниежүзілік тісжегісіз болашақ күні құрылды. Негізгі мақсат — тістің дұрыс күтімінің маңыздылығына халықтың назарын аудару.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1939 жылы Қазақстанның оңтүстігінде Жамбыл облысы құрылды. Облыс орталығы — Тараз қаласы. Құрамына 10 аудан, облыстық маңызы бар 1 қала және аудандық маңызы бар 3 қала кіреді. Жамбыл облысы түсті металдарға, баритке, көмірге, әрлеу және техникалық тастарға, сондай-ақ құрылыс материалдарына бай. Өңірдің мәдени өмірі де бай. Мұнда қазақ және орыс драма театрлары, филармония, 5 музей, кітапханалар, клубтар мен мәдениет үйлері жұмыс істейді.

1994 жылы елордада көрнекті ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына 100 жыл толуына орай ескерткіш ашылды. Бұл монумент Қазақстанның көрнекті тарихи тұлғалары мен ұлттық мәдениет қайраткерлеріне арналған маңызды туындылардың бірі саналады. Ескерткіш Қарағанды көркемсурет қорының көркем шеберханаларында жасалған.

1994 жылы Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясына қол қойды. Ал 1997 жылғы 7 шілдеде оны ратификациялап, конвенция талаптарын жүйелі түрде орындауға міндеттеме алды. Конвенцияның басты мақсаты — шөлейттенуге қарсы күресу және құрғақшылықтың зардаптарын азайту. Бұл бағытта барлық деңгейде тиімді шаралар қабылдау, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және бірлескен серіктестікті дамыту көзделеді.

2002 жылы Астана қаласында жаңа халықаралық әуежайдың іргетасы қаланды. Бұл оқиға елорданың көлік инфрақұрылымын дамытуға және халықаралық әуе қатынасын кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

2003 жылы Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы Шу-Іле тауларында, Қарабастау ауылының солтүстік-батысында «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі құрылды. Шамамен 900 гектар аумақты алып жатқан археологиялық кешенде жартас суреттері, ежелгі қоныстар, қорымдар мен ғұрыптық құрылыстарды қамтитын жүзден астам ескерткіш бар. Олар б. з. д. XIV ғасырдың ортасынан XX ғасырдың басына дейінгі кезеңді қамтиды. Таңбалының көне мұралары жақсы сақталған әрі табиғи ландшафтпен үйлесім тапқан. Бұл — халқымыздың бай тарихы мен мәдениетін танытатын құнды тарихи мұра.

2008 жылы Қазақстандағы алғашқы автобан — Астана–Щучинск автожолының алты жолақты бөлігінде көлік қозғалысы ашылды. Автожолдың жалпы ұзындығы 224 шақырым, оның 215 шақырымы алты жолақты қозғалысқа арналған. Бұл жоба еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болды.

2011 жылы Семейде «Ядросыз әлем» халықаралық форумы аясында Бейбітшілік стеласының ашылу рәсімі өтті. Биіктігі 28 метр болатын монумент құрбандарға арналған «Өлімнен де күшті» ескерткішіне қарама-қарсы орналасқан.

2014 жылы Грекиядан қазақтың көрнекті қоғам қайраткері әрі жазушысы Сәкен Сейфуллинге қатысты 1930 жылдары латын қарпімен жазылған құжаттар табылды.

2016 жылы Қашаған кен орнынан іске қосу-баптау кезінде өндірілген алғашқы 7 700 тоннаға жуық мұнай Каспий құбыр консорциумының (КҚК) құбыр жүйесіне жөнелтілді. Қашаған — соңғы 40 жылдағы әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Оның мұнай қоры шамамен 9-13 миллиард баррельді құрайды. Қатаң климаттық жағдайлар, экологиялық талаптар, қауіпсіздік, жобалау және логистика күрделілігіне байланысты Қашаған әлемдегі ең күрделі мұнай-газ жобаларының бірі саналады.

2016 жылы Мысыр астанасы Каир қаласындағы «Бостандық пен достық» саябағында ұлы қазақ ақыны әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының бюсті ашылды. Ескерткіш екі ел арасындағы мәдени достық пен рухани байланыстың символына айналды.

2017 жылы Атырау қаласындағы жаңа ретро-саябақта әйгілі «Дос-Мұқасан» вокалды-аспаптық ансамбліне арналған мүсіндік кешені орнатылды. Гранит тұғырға қойылған қола мүсінде алты музыканттың өнер көрсетіп тұрған сәті бейнеленген. Ескерткіштің ашылу салтанатында «Дос-Мұқасан» тобы өнер көрсетті.

2019 жылы қазақстандық шахматшы Меруерт Камалиденова Үндістанда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ол 42 елден қатысқан 82 шахматшының арасынан 14 жасқа дейінгі қыздар санатында үздік атанды.

2020 жылы Португалия Ұлттық кітапханасында ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» португал тілінде таныстырылды. Іс-шара барысында қазақстандық дипломат Дәулет Батрашев Абайды «қазақтың Камоэнсі» деп атап, оның басты еңбегі португал оқырмандары арасында кеңінен танылып, жоғары бағаланады деген үміт білдірді.

2020 жылы PIK100FM радиосы мен Dimash Latvia Dears фан-клубы қазан айын Латвиядағы Димаш Құдайберген айы деп жариялады.

2023 жылы Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы әуе қатынасын кеңейтуге бағытталған «Көлденең келісім» жобасы Еуропалық комиссиямен талқыланды. Қазақстандық «Эйр Астана» және SCAT әуе компанияларына Еуропа елдеріне тұрақты рейстер орындауға шектеу қойылмаған.

2023 жылы Доминикан Республикасында өткен Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) съезінде қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов орта салмақтағы үздік боксшы деп танылды. Сол кезде оның рекорды 19 жеңіс, оның ішінде 11 нокаутты құрады.

2024 жылы Қазақстанда мұнай-газ химиясы саласын 2024-2030 жылдары дамытуға арналған жол картасы әзірленді. Энергетика министрлігі ұсынған құжат шикізатпен қамтамасыз етуден бастап дайын өнім өндіруге дейінгі негізгі шараларды қамтиды. Басты мақсаты — саланы дамыту және жаңа жобаларды қолдау.

2024 жылы Қазақстанда «Беске дейін үлгер» («Успеть до пяти») мобильді қосымшасы іске қосылды. Ол мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналарына бала күтімі мен дамуы бойынша консультативтік қолдау алуға мүмкіндік береді. Қосымша маңызды тақырыптар бойынша қолжетімді мазмұнды ұсынады: денсаулық, тамақтану, ата-ана тәрбиесі, дағдыларды дамыту және балалармен қарым-қатынас. Қосымшадағы барлық материал олардың тиімділігі мен практикалық құндылығына кепілдік беретін нейробиологиялық зерттеулерге негізделген.

2025 жылы Ақмола облысының параспортшысы Давид Дегтярёв Каирде өткен пара пауэрлифтингтен әлем чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алды. Ол 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 191 келі көтеріп, Қытай мен Сальвадор спортшыларынан басым түсті. Сонымен қатар Азияның жаңа рекордын орнатты.

2025 жылы Қостанай қаласындағы № 1 мектеп-лицейдің оқушысы Никита Белашов пен физика пәнінің мұғалімі Дмитрий Судоргин жоғары температураға төзімді «Старлайт» материалын жасап шығарды. Қалыңдығы 0,5 сантиметрлік пластина 1000°C температурадағы ашық отқа екі минут бойы төтеп беріп, екінші жағындағы температураны адам өміріне қолайлы деңгейде сақтай алады. Бұл материалды өрт сөндірушілердің киімі мен техникасын қорғауға пайдалану арқылы күйік алу және адам өміріне қауіп төну қаупін азайтуға болады.

2025 жылы Ақмола облысындағы Новобратское ауылының маңынан мамонттың төменгі жақ сүйегі мен бір сүйегі табылды. Алғашқы зерттеулер бойынша, қалдықтар шамамен 40-15 мың жыл бұрын өмір сүрген, жасы 40-50 шамасындағы ересек мамонтқа тиесілі. Бұл ерекше олжаны агрохолдинг қызметкерлері Әділет Омаров пен Әлжан Рақышев анықтады.