14 қазан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 14 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform/ Midjourney

77 жыл бұрын (1947) Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, «KAZENERGY» қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Сүлейменұлы ҚАРАБАЛИН дүниеге келді.

КАРАБАЛИН Узакбай Сулейменович
Фото: kmg.kz

Атырау облысы Ембі ауданы Қосшағыл кентінде туған. 1970 жылы И.М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын «Мұнай мен газ кеніштерін игерудің кешенді механизациясы және технологиясы» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолы: 1973-1974 жылдары «Қазмұнайгазбарлау» басқармасы Оңтүстік Ембі мұнай-газ барлау экспедициясының инженер-технологі, 1974-1981 жылдары Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институтының шайылмалы ерітінділер, бұрғылау технологиясы зертханасының меңгерушісі, 1981-1988 жылдары Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. 1988-1990 жылдары «Каспий маңы геология» бас аумақтық басқармасы тереңдей бұрғылау басқармасының басшысы, 1990-1991 жылдары В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының Гурьев филиалының кафедра меңгерушісі, 1991-1992 жылдары ҚР Президенті Аппаратының және ҚР Министрлер кабинетінің өнеркәсіп бөлімінің аға референті, 1992-1994 жылдары ҚР Энергетика және отын ресурстары министрлігінің мұнай және газ бас басқармасының басшысы, 1994-1997 жылдары ҚР Энергетика және отын ресурстары министрінің, ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің орынбасары болды. 1997-2000 жылдары «Қазақойл» ҰМК бірінші вице-президенті, 2000-2001 жылдары «ҚазТрансГаз» ЖАҚ президенті, 2001-2003 жылдары ҚР Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі, 2003-2008 жылдары «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті, 2008-2013 жылдары «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ бас директоры, 2013-2014 жылдары ҚР Мұнай және газ министрі, 2014-2016 жылдары ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. 2016 жылдан «KAZENERGY» қауымдастығы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

ІІІ дәрежелі «Барыс» (2005), «Құрмет» (2000), «Лидер российской экономики» (2005) ордендерімен; «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006) мерейтой медальдарымен; «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері» (2007) медалімен; «КСРО жер қойнауын барлау үздігі» (1988) төсбелгісімен марапатталған.

«Қазақстан Республикасының құрметті жер қойнауын барлаушысы» (2003) атағын; «Kazenergy» Еуразия энергетикалық форумында «Жыл адамы» атағын, «Алтын Прометей» сыйлығын (2009) алған; «Қазақстанның Еңбек Ері» (2011).

76 жыл бұрын (1948) «Caspian Group» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Андреевич ЦХАЙ дүниеге келді.

ЦХАЙ Юрий Андреевич
Фото: olympic.kz

Жамбыл облысында туған. 1972 жылы Қырғыз мемлекеттік дене шынықтыру және спорт институтын «Дене шынықтыру және спорт» пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1968 жылы «Локомотив» қоғамының Шу аудандық кеңесінің жаттықтырушысы, 1968-1980 жылдары орта мектеп мұғалімі, Шу қаласындағы БЖСМ директорының орынбасары, Жамбыл облысы боксшылар командасының аға жаттықтырушысы болып еңбек етті. 1980-1989 жылдары ҚазКСР, Кеңес Одағы құрама командаларының бокстан жаттықтырушысы, 1989-1991 жылдары Оңтүстік Корея құрамасының бокстан жаттықтырушысы, 1991-2007 жылдары «Достар» компаниясының президенті қызметтерін атқарды. 2007 жылы ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі болып тағайындалды. 2004-2007 жылдары «Каспий инвестициялық холдингі» АҚ президенті, директорлар кеңесінің негізін қалаушы және төрағасы (қазіргі «Caspian Group» АҚ) болды. 2007-2013 жылдары ҚР Парламент Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды.

«Құрмет», «Достық» ордендерімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1964) жазушы, драматург Роза Қажығалымқызы МҰҚАНОВА дүниеге келді.

МУКАНОВА Роза Кажыгалимовна
Фото: jjtv.kz

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген.

Орталық мұражайдың Әдебиет және өнер бөлімінде, Қазақстан Жазушылар одағының Аударма алқасының аға редакторы, ҚР Ақпарат министрлігінің жауапты қызметкері болған.

«Жарық дүние», «Қыз жылаған», «Дүние кезек», «Құдірет-Кие», «Мәңгілік бала бейне» әңгімелері мен драмалық шығармалардың авторы. 2001 жылы Рабғұзидің «Қисса-сүл-Әнбий-я» кітабын қазақ тіліне тәржімалаған. 1996 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Мәңгілік бала бейне» пьесасы қойылды. 1997 жылы Ғ. Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында М. Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесінің желісінде жазылған драмалық қойылымы сахналанды. 2001 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Қыз жылаған» әңгімесінің желісімен кино түсірді.

Қазақстан Жастар сыйлығының, «Алаш» халықаралық әдебиет сыйлығының иегері.

55 жыл бұрын (1969) Қорғаныс министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Дәурен Жұматайұлы ҚОСАНОВ дүниеге келді.

КОСАНОВ Даурен Жуматаевич
Фото: inbusiness.kz

Павлодар облысында туған. 1990 жылы Армавир жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесін, Әскери-әуе академиясын бітірген.2005 жылы Ю. А.Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясын, 2013 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын бітірген.

Үшарал жауынгерлік полкінде қызмет етті. Талдықорғандағы "Су-27" эскадрильясының командирі, Қарағанды авиабазасы штабының бастығы;

Шымкент авиабазасының командирі, ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының директоры қызметін атқарған. 2022 жылғы 29 желтоқсанда ҚР Президентінің бұйрығымен ҚР Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.

II дәрежелі "Даңқ" орденімен, "Жауынгерлік ерігі үшін" медалімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

52 жыл бұрын (1972) «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Серікқали Аманғалиұлы БРЕКЕШЕВ дүниеге келді.

 БРЕКЕШЕВ Сериккали Амангалиевич
Фото: primeminister.kz

Павлодарда туған. 1995 жылы Ақтау политехникалық институтын «Мұнай және газ кен орындарын игеру, тау-кен инженері» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын «Қазақстан-Ресей сауда үйі» бірлескен кәсіпорында бастады. 1997 жылы Ақтау қаласы бойынша Салық бөлімінің инспекторы болып жұмыс істеді. 1997-1998 жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға қарасты «Мұнай-гермес» материалдық-техникалық қамтамасыз ету және өнімді өткізу басқармасы филиалының арнайы техника және қосалқы бөлшектер көлігі бөлімінің, сондай-ақ құбырлар мен металл бұйымдары бөлімінің инженері, 1998-2006 жылдары «ҚарақұдықМұнай» ЖАҚ-та инженер, мұнай өндіру шебері, кеніш менеджері болып еңбек етті. 2007-2010 жылдары ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мұнай өнеркәсібі департаментінің мұнай жобаларын мониторингтеу мен нормативтік-техникалық саясат басқармасының бастығы, газ өнеркәсібін дамыту департаменті директорының орынбасары, 2010-2014 жылдары ҚР Мұнай және газ министрлігінің газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры қызметін атқарды. 2014-2015 жылдары «BNG LTD» ЖШС бас директорының орынбасары, 2015-2020 жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ-та техникалық саясат департаментінің директоры, ГТЖ басқару жөніндегі басқарушы директор, техникалық саясат жөніндегі басқарушы директор, бас директордың ресурстық базаны дамыту және техникалық саясат жөніндегі орынбасары, 2020-2023 жылдары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі, министрі лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың ақпан айынан бастап атқарып келеді.

52 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дархан Аманұлы КӘЛЕТАЕВ дүниеге келді.

КАЛЕТАЕВ Дархан Аманович
Фото: Посольство РК в Украине

Шығыс Қазақстан облысында туған. 1994 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тарихшы мамандығы бойынша және 1997 жылы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Жоғары мемлекеттік басқару мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1995 жылы ҚР Министрлер Кабинеті жанындағы Тіл комитетінде маман ретінде бастаған. 1995-1996 жылдары ҚР Ұлттық саясат жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас маманы болды. 1997 жылы ҚР Білім және мәдениет министрлігі Тіл саясатын үйлестіру департаментінің басқарма бастығының орынбасары, 1997-2002 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Жастар саясаты бөлімінің бастығы, Ішкі саясат департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды. 2002 жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне Жастар саясаты департаментінің директоры ретінде ауысады. 2002-2007 жылдары Ішкі саясат басқармасының сектор меңгерушісі, Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Ішкі саясат басқармасының әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі, әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2007-2008 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, 2009-2016 жылдары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның Басқарушы директоры, 2018 жылы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі, 2018-2019 жылдары ҚР Қоғамдық даму министрі қызметін атқарды. 2019 жылы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы, кейін ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Қазіргі лауазымын 2020 жылғы ақпаннан бастап атқарып келеді.

44 жыл бұрын (1980) VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ардақ Құттықожаұлы НАЗАРОВ дүниеге келді.

НАЗАРОВ Ардак Куттыкожаулы
Фото: azattyq-ruhy.kz

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қақпақ ауылында дүниеге келген. 2011 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, Қазақ қатынас жолдары унирвеситетін «Экономика» мамандығы бойынша, 2014 жылы Қазақ спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша аяқтады.

Джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы (1999, Алматы), аралас жекпе-жектен үш мәрте әлем чемпионы және әлем кубогының иегері, Еуразияның екі мәрте чемпионы (2001, Астана, 2002,Қарағанды). Азия чемпионы (2003, Бішкек,Қырғызстан), Еуропа-Азия турнирінің жеңімпазы (2005, Екатеринбург, Ресей). Еуропа чемпионы (2007, Таллин, Эстония). Ережесіз жекпе-жектен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.

Қызметін 2023 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.