14 мамыр. Тұлғалар туған күн

күнтізбе
Фото: Pyxabai.com

Бүгін, 14 мамыр күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

83 жыл бұрын (1941) белгілі актер, Қазақстан Республикасының халық әртісі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржұман Байжұманұлы ЫҚТЫМБАЕВдүниеге келді.

ИХТЫМБАЕВ Нуржуман Байжуманович
Фото: stan.kz

Алматы облысы Кербұлақ ауданында туған. Алматы музыка училищесін, Панфилов педагогикалық училищесін және «Қазақфильм» студиясы жанындағы актерлік студияны бітірген, Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған.

Кинодағы мансабы кездейсоқ басталған. Болашақ киноактердің ауылына келген «Мазасыз таң» фильмінің түсіру тобы оны фильмге түсіруге шақырады. 1968 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының актері.

Актер кинода әрқилы болмысты, мінезді кейіпкерлер бейнесін жасады, мысалы, «Адамдар арасындағы бөлтіріктегі» тұйық, қатаң мінезді, «Сталинге сыйлықтағы» жұмсақ мінезді, бірақ бірбеткей, ал «Барлаушыдағы» қарапайым, шығысқа тән даналық көрінетін кейіпкерлер, тағы басқалар.

Актердің соңғы жұмыстарынан француз актері Ж. Депардьемен бірге түскен «Кеш оянған махаббат» фильмін атауға болады.

Актер анимациялық ленталарды дыбыстауға да қатысады («Қадырдың бақыты», 2000).

2007 жылы «Жол қараушы» фильміндегі ролі үшін «Адал жүрек» кинофестивалінде бас жүлдені, 2009 жылы «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің ең үздік актері, 2009 жылы Чебоксарыдағы МКФ - «Сталинге сыйлық», «ең үздік ер адам ролі үшін» сыйлығын, Қасым ролі үшін Бүкіламерикалық өнерді қолдау қауымдастығының арнайы жүлдесіне («Сталинге сыйлық») ие болған.

62 жыл бұрын (1962) композитор, әнші, дирижер, музыкалық продюсер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс СЕЙДУЛЛАҰЛЫ дүниеге келген.

СЕЙДУЛЛАУЛЫ Женис
Фото: wikipedia.org

Қызылорда облысында туған.

Еңбек жолы: 1984-1987 жылдары «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің оркестр әртісі, 1989-1994 жылдары Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармония оркестрінің әртісі, 1994-1997 жылдары «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің бас дирижері, 1998-2004 жылдары Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әншісі және ұйымдастырушысы, 2005 жылы «Отан» Республикалық саяси партиясының Орталық аппаратында «Идеология» бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған. 2006-2013 жылдары «Қазақ әуендері» АҚ филиалы «Гүлдер» ансамблінің директоры, 2013 жылы «Қазақ әуендері» АҚ Алматы қаласындағы Аймақтық директоры, 2013-2014 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында шығармашылық жұмыстар және сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры, 2014 жылы «Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі» РМҚК директоры, 2016-2018 жылдары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры лауазымын атқарған. 2018 жылдың ақпан айынан бастап «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры болып еңбек етуде.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2006), «Құрмет» орденінің иегері (2015). «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» (2007), «Алматы облысы Қаратал ауданының құрметті азаматы» (2015).

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Астана 20 жыл» (2018) мерекелік медальдарымен марапатталған.

52 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің Халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша вице-президенті Андрей Александрович КРЮКОВ дүниеге келді.

КРЮКОВ Андрей Александрович
Фото: prosports.kz

Алматы қаласында туған.

1990 жылы Алматы қаласындағы Олимпиада резервінің № 2 училищесін, 1994 жылы Қазақ денешынықтыру институтын, 2011 жылы РФ президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы корпоративтік басқармасының Жоғары мектебін, 2011 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін бітірді.

Еңбек жолы: 1996-2001 жылдары ҚР жүзу федерациясында қызмет атқарды. 2001-2005 жылдары ҚР Жүзу федерациясының спорттық директоры, 2005-2008 жылдары ҚР судағы спорт түрлері федерациясының Бас директоры қызметін атқарған. 2006 жылдан бастап Азияның жүзу федерациясының (AASF) вице-президенті. 2008 жылы ҚР Судағы спорт түрлері федерациясының Бас хатшысы, 2011 жылдан бастап Азия Олимпиада комитетінің Қысқы Азия ойындарының Бас үйлестірушісі қызметінде. 2015 жылы ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің Халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі вице-президенті қызметінде болып, 2020 жылы қайта сайланды. 2015-2016 жылдары ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі лауазымын атқарған. 2019 жылдан бері ҚР Судағы спорт түрлері федерациясының президенті.

Қазіргі қызметін 2020 жылдың мамыр айынан бері атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен (2014); «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2012), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) медальдарімен марапатталды. КСРО спорт шебері (1989), Қазақстан Республикасының су добы бойынша Халықаралық кластағы спорт шебері (1994), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы (2010); Қазақстанның су добы бойынша талай дүркін чемпионат жүлдегері мен Кубок иегері. Азия ойындарының жеңімпазы (Хиросима, Япония, 1994).

Соңғы жаңалықтар