14 мамырға арналған ауа райы болжамы
АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің солтүстік аймақтарында кей жерлерде жаңбыр жауады, найзағай ойнап, түнгі және таңғы уақытта тұман тұрады деп күтілуде.
Бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасап ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен хабарлады.
Елдің қалған бөліктерінде күн жауын-шашынсыз өтеді. Республиканың кей жерлерінде жел көтеріліп, батыста оған шаңды дауыл араласады.
Атап айтқанда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Жамбыл, күндіз Қостанай, Павлодар, Маңғыстау облыстарында жел күшейеді, Маңғыстау мен Атырау өңірлерінде шаңды дауыл тұрады.
Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарының кей аумақтарын түнде тұман басады. Еліміздің батысында, оңтүстігінде, шығысы мен орталығында кей жерлерде жоғары өрт қаупі сақталады.
Жақын тәуліктерде республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы өзендерде судың көлемі ауытқиды. Батыс Алтай өзендерінің денінде су деңгейінің төмендеуі жалғасады.
Сырдария өзеніне Қайраққұм су қоймасынан келетін судың көлемі азайғандықтан, Шардара су қоймасына ағылатын судың көлемі де төмендейді. Болжам бойынша, еліміздің басқа су нысандарында гидрологиялық режімде елеулі өзгерістер орын алмайды.