14 наурыз күні Қалихан Ысқақ дүниеге келген

АСТАНА. ҚазАқпарат - 81 жыл бұрын (1935-2014) прозашы, драматург, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты ЫСҚАҚ Қалихан дүниеге келді.

14 наурыз күні Қалихан Ысқақ дүниеге келген

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Мәскеудегі Мемлекеттік кино жанындағы режиссерлер мен сценаристердің жоғары курсын бітірген.

«Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Халық конгрессі» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Парасат» журналдарында бөлім меңгерушісі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының үшінші шығармашылық бірлестігінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесші, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

«Дос хикаясы», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Күреңсе», «Қоңыр күз еді» повестер жинағы, «Березовая роща», «Кедры высокие» жинақтары, «Тұйық», «Қара орма», «Ақсу - Жер жаннаты» романдары, «Жарық дүние» пьесалар жинағы жарық көрген.
Оның «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жаңғырық», «Есеней - Ұлпан», «Жан қимақ», «Сабатажж!», «Қылкөпір», «Мазар», «Революция сарбазы», «Ерліктің екі сағаты», «Приказ остается в силе», «Двое в степи», «Апатай», «Жәке-жәкетай», «Сайқының тұқымдары» атты жиырмаға жуық пьесасы республикалық, облыстық драма театрларының репертуарларына енді.
Бүкілодақтық экранға шыққан «Ұшы-қиырсыз жол», «Саршатамыз», «Охран бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда» атты толықметражды фильмдердің сценарийларын жазған.

Шығармалары өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, шешен, орыс, украин, словак, болгар тілдерінде жарық көрген.
Аударма саласында Л.Толстойдың, А.Чеховтың, И.Тургеневтің, А.Куприннің, И.Буниннің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Нобель сыйлығының лауреаттары болған жеті драматургтің пьесаларын қазақшалаған.

Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Шығыс Қазақстан облысы Қатон Қарағай ауданының Құрметті азаматы.