14 наурыздан бастап қарсы алып жатқан Жаңа жылымыз құтты болсын - ҚР Бас прокуроры
АЛМАТЫ. 22 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Біз Ұлыстың ұлы мерекесін отбасында қарсы алуды дәстүрге айналдырғанбыз».
ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай айтты.
«Наурыз жыл басы ғой. Ақ мол болып, береке-бірлік болсын деп біз бала кезден мерекені наурыз көже жасап отбасында қарсы алуды дәстүрге айналдырғанбыз. Онда бір-бірімізге тілек тілейміз. Ал көшеге шығу, қонаққа бару міндет емес. Оны ретіне қарай көреміз. Мен 10 жыл бойы еліміздің батысында қызмет жасадым. Онда мейрамды 14 наурыздан бастап қарсы алып, бір-біріне жыл құтты болсын немесе жас құтты болсын деп қауышып жатады. Сондықтан мен бүкіл қазақстандықтарға 14 наурыздан бастап қарсы алып жатқан Жаңа жылымыз құтты болып, ақ мол болып, еліміз аман, тұрақтылығымыз бекем болсын дегім келеді», дейді Қайрат Әбдіразақұлы. Оның айтуынша, Ұлыстың ұлы тойында ақ түйенің қарны жарылып, барлық тіршілік иесі қуанышқа кенеледі. Жасы кішілер үлкендерге сәлем беріп, біреуге өкпе-реніші бар адамдар Наурыз мерекесінде өзара түсіністікке келіп, тіл табысып жатады. Бұл Жаңа жылды жақсы тілекпен қарсы алуға жасалған ең ізгі іс-шара.