14 сәуір. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 14 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform / Midjourney

ЕСІМДЕР

59 жыл бұрын (1967) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары — Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Қайрат Әнуарбекұлы САДЫҚОВ дүниеге келді.

Қайрат Әнуарбекұлы САДЫҚОВ
Фото: Gov.kz

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында туған. 1988 жылы Орынбор жоғары зениттік зымыран командалық училищесін бітірді. 2010 жылы Ұлттық қорғаныс университетінің жоғары академиялық курстарынан өтті. 2013 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша көлік және құқық гуманитарлық университетін бітірді, сол жылы Қырғыз Республикасының Жоғары аттестаттау комиссиясының шешімімен оған «философия ғылымдарының кандидаты»ғылыми дәрежесі берілді. 2022 жылы Ұлттық қорғаныс университетінің Бас штаб факультетін бітірді.

Еңбек жолы: 1988-2010 жылдары взвод командирінен бастап бірнеше әскери бөлімдердің командирі лауазымдарын атқарды. 2010-2017 жылдары Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы, 2017-2019 жылдары Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының (тәрбие және идеологиялық жұмыс бойынша) орынбасары — бас басқармасының бастығы, 2019-2023 жылдары ҚР Қарулы Күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы, 2023-2025 жылдары Бас штаб бастығы — Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметінде болды.

2025 жылғы маусымда Мемлекет басшысының өкімімен ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары — Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды

II дәрежелі «Айбын», «Жауынгерлік ерлігі үшін» ордендерімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

49 жыл бұрын (1977) Қарағанды облысының білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы болып Санат Қабиденұлы МУСИН дүниеге келді.

Санат Қабиденұлы МУСИН
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Қарағанды облысында туған. 2003 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған.

Әр жылдары атқарушы билік органдарында түрлі лауазымдарды атқарған. 2003 жылдан бастап сот орындаушылығы, құқықтық қамтамасыз ету және әкімшілік басқару бағыттарында қызмет етті.

2012 жылдан бері оның кәсіби қызметі ҚР Білім және ғылым министрлігімен байланысты. Қарағанды облысының білім саласындағы бақылау департаментінде әкімшілік және қаржылық жұмыс бөлімін, кейін білім беру қызметін лицензиялау бөлімін басқарды. Сондай-ақ Қарағанды облысы мен Ұлытау облысының білім сапасын қамтамасыз ету департаменттерін басқарды.

Қазіргі лауазымын 2025 жылдың шілде айынан бері атқарып келеді.

43 жыл бұрын (1983) Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті директорлар кеңесінің төрағасы Данат Есболұлы ЖУМИН дүниеге келді.

Данат Есболұлы ЖУМИН
Фото: primeminister.kz

Қостанай облысында туған. 2006 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетін «саясаттанушы», 2009 жылы АҚШ Монтана университетін «мемлекеттік басқару магистрі» мамандығы және 2017 жылы АҚШ Гарвард бизнес мектебін жоғары басшыларды даярлау бағдарламасы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2003-2007 жылдары Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры, 2009-2011 жылдары ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының дипломатия институты ректорының кеңесшісі, директордың орынбасары, 2011-2013 жылдары Астана қаласындағы «Apex Consult» ЖШС бас директоры, 2013-2014 жылдары «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ хатшылығының басшысы, басқарма төрағасының кеңесшісі, 2014-2016 жылдары «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы, 2016-2017 жылдары Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарған. 2017-2018 жылдары «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратында саяси жұмыстар департаментінің директоры, 2018-2019 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, 2019-2021 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары, 2021-2022 жылдары Креативті индустрияларды дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің басшысы, 2022 жылы Barakat Partners серіктесі, ҚР премьер-министрінің креативті экономика жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың ақпанынан бастап атқарып келеді.

42 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам ӘЛИ дүниеге келді.

Рустам ӘЛИ
Фото: Үкімет

Алматы облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 2006 жылы «Деловая неделя» газетінде тілші болып бастаған. 2006-2011 жылдары «Деловая неделя» газетінде тілші, редактор, бас редактордың орынбасары, 2011-2012 жылдары «Жетісу жастары» жастар орталығы» МКҚК директоры, 2012 жылы Алматы облысы жастар саясаты орталығының директоры, 2012 жылы Алматы облысы Қайнарлы ауылдық округінің әкімі, 2012-2016 жылдары Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының бастығы, басшысы, 2016-2020 жылдары Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы болып жұмыс істеді. 2020-2021 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары, 2021-2022 жылдары Алматы облысы Ескелді ауданының әкімі, 2022-2024 жылдары Жетісу облысы әкімінің орынбасары, 2024-2026 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы қызметін атқарған.

2026 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016), «Ерен еңбегі үшін» (2018), «Қазақстан мәслихатына 25 жыл» (2019) медальдарымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар