14 сәуір. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 14 сәуірге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1993 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР заңын қабылдады. Мақсат – қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау, оларға тигiзген моральдық және материалдық залалды мүмкіндігінше өтеу. «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi жаппай саяси қуғын-сүргiндерге ұшыраған адамдарға қатысты әдiлеттiлiктi қалпына келтiруге батыл бел байлап, осы қуғын-сүргiндердiң барлық құрбандарын ақтау, оларға тигiзген моральдық және материалдық залалды қазiргi уақытта барынша мүмкiн болатын өтеудi қамтамасыз ету мақсатында осы Заңды қабылдайды» деп жазылған құжатта.
2000 жылы «Қазақстанкаспийшельф» компаниясы құрылды. 100 мың шаршы метр аумақта 26 мың км-ден астам сейсмикалық пішіндер әзірленді. «Қазақстанкаспийшельф» компаниясы бірқатар шетелдік мұнай компанияларын тартып, Каспий теңізі бойынша бірегей халықаралық консорциум (CSC) құрылды. Зерттелген мұнай қорлары бойынша Қазақстан әлемдегі 13-ші орынға, газ бойынша 15-орынға шықты.
2001 жылы ҚР Президентінің Алматы облысының әкімшілік орталығын Талдықорған қаласына көшіру туралы Жарлығы шықты. Алматы облысы Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Аумағы 223,9 мың шаршы шақырымды құрайды. Өңірде 777 елді мекен бар, 103 ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Облыс құрамына облысқа бағынышты 16 аудан және 3 қала кіреді. Облыс орталығы - Талдықорған қаласы.
2006 жылы Павлодар қаласындағы №1 көркемсурет мектебіне Халықаралық ЮНЕСКО клубы мәртебесі берілді.
2010 жылы Азаматтық авиация комитеті Қазақстанда шығарылған «Арай» алғашқы үш ұшағына мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер берді. Ұшақтар алматылық «АвиаМастер Эйркрафт» шағын кәсіпорнында канадалық лицензия бойынша жасалды. Олардың тұсаукесері Алматыдағы Байсерке аэдромында болды. Ұшақ америкалық Лайкоминг қозғалтқышымен жабдықталған, қарапайым қазақстандық А-95 маркалы автомобиль бензинімен жұмыс істейді.
2014 жылы Анкарада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арналған фотокөрме өтті.
2015 жылы Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі музейлік-көрме орталығында Қазақстанның пошталық маркасы мен ұлттық валютасына арналған көрме ашылды.
2022 жылы Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік мұражай-қорығында 1888-1989 жылдары Қазан қаласында басылған Құран Кәрімді музей қорына тапсыру рәсімі өтті. 555 беттік кітап 1977 жылы Ақшоқы қорымынан табылды.Құран 114 аяттан тұрады. Кітап өте жақсы сақталған, оның барлық беттері реттелген.
2023 жылы шахматтан 15-ші әлем чемпионы, үндістандық гроссмейстер Вишванатан Ананд пен әйел гроссмейстер, жылдам шахматтан әлем вице-чемпионы, Азия чемпионы Динара Сәдуақасова Астанадағы Шахмат саябағында ағаш көшеттерін отырғызды. Саябақты 2005 жылы 12-ші Әлем чемпионы Анатолий Карпов пен ҚКФ қазіргі вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов ашты.
2024 жылы су тасқынынан зардап шеккен Қарағанды облысы Шет ауданының тұрғындары баспаналы болды. Еріген судан баспаналары жарамсыз болып қалған бес отбасына бюджет қаражаты есебінен жаңа үйлер берілді. Тағы бір отбасына жаңа үй салынды. Қауіпсіз деп танылмаған қалған 54 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар осы мақсаттар үшін өтемақы алды.