14 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 14 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 14 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

14 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

14 шілде, ДҮЙСЕНБІ

Франция Республикасының Ұлттық мейрамы - Бастилияны басып алу күні. 1789 жылы париждіктер көтеріліске шығып, Бастилия түрме-қамалын басып алды. Бұл оқиға Ұлы француз революциясының бастамасы болып есептеледі. Бастилияны басып алу - адамзат тарихындағы ұлы оқиғалардың бірі, «Бастилия» сөзінің өзін саяси бостандықтың белгісіне айналдырған оқиға болды. Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 25-інде орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы құрылды.

17 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңы қабылданды.

9 жыл бұрын (2005) Бішкекте Қазақстан мен Қырғызстан Президенттерінің қатысуымен Қырғызстандағы Қазақ елшілігінің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.

9 жыл бұрын (2005) Алматыда Орталық Азиядағы адам құқығын қорғайтын Мұсылман комитетінің бас кеңсесі ашылды. Комитет мүшелері болып заңгерлер, теологтар және діни қауым өкілдері тіркелді. Ұйымның мақсаты азаматтардың ұлтына, дініне және саяси тиістілігіне қарамастан құқығын қорғау болып табылады.

5 жыл бұрын (2009) Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің археологтар экспедициясы Нұра өзенінің ортаңғы ағымының тұсынан сақ дәуірінің жәдігерлерін тапты. Самарқанд және Тегісжол ауылдарының арасындағы Темірқаш шатқалында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде темір қорамсақ, жебенің ұшы, жас сарбаз белбеуінің айылбасы сияқты заттар табылған. Археологтар бұл жәдігерлерге 2 мың жылдан астам уақыт болған деп пайымдады.

147 жыл бұрын (1867) Рэдхилл карьерінде (Ұлыбритания, Сюррей графтығы) Альфред Нобель алғаш рет динамитті сынақтан өткізді.

105 жыл бұрын (1909) Бүкілресейлік аэроклуб кеңесі медициналық куәландырылған жағдайда ғана ұшуға жіберу туралы шешім қабылдады. Осы шешіммен авиациялық және ғарыштық медицинаның даму кезеңі басталды. 60 жыл бұрын (1954) АҚШ-тағы Принстон университеті алғаш рет компьютерлердің жеке пайдалануға берілетіндігін жариялады.

ЕСІМДЕР

110 жыл бұрын (1904-1987) актер, Қазақ КСР-нің халық әртісі РОГАЛЬСКИЙ Павел Петрович дүниеге келді. Украинаның Полтава облысында туған. Сахналық өнер жолын Днепропетровск музыкалық театрының қосымша құрамында актер болудан бастады. Ол көбіне комедиялық бағыттағы рөлдерді орындаумен өзінің жарқын мінезді актер екенін байқатты. 1937 жылдан Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрында актер болды. Орыс және шетел драматургиясы бойынша қойылған спектакльдерге қатысып, елеулі сахналық бейнелер жасады. Сахналық тұлғаның сыртқы кескін-бейнесін дәл табушылық, сонымен қатар қаһарманның ішкі жан дүниесін терең психологиялық тұрғыдан ашып көрсету - оның актерлік шеберлігіне тән қасиет. Жазушы Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» спектакліндегі Қарабай рөлі осы тұрғыда шешім тапты.

94 жыл бұрын (1920-2003) - ғалым, физик, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі ПОМЕРАНЦЕВ Глеб Борисович дүниеге келді. Ресей Федерациясында туған. Санкт-Петербор мемлекеттік университетін бітірген. 1947-1976 жылдары - Ақтау энергокомбинатының инженер-физигі, бөлім бастығы, ғылыми жетекшінің орынбасары, бас инженердің ғылыми жөніндегі орынбасары. 1976 жылдан - Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) Ақтау қаласындағы бөлімшесінде ғылыми қызметтер атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері ядролық реакторлардың өнімділігін арттыру, жылдам нейтронды қуатты реакторларды жасау және жетілдіру, тағы басқа мәселелерге арналған. 235 ғылыми еңбектің, 6 өнертабыстың авторы. Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты. 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.

85 жыл бұрын (1929-1999) техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, екі мәрте КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ҚОНАЕВ Асқар Меңдіахметұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Мәскеу болат және қорытпалар институтын бітірген. 1951-1953 жылдары - Теміртау металлургия зауытының болат қорытушысы. 1953-1972 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының ғылыми қызметкері, директоры. 1972-1974 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының вице-президенті. 1974-1986 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының президенті қызметін атқарды. 1996-1999 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының құрметті директоры болды. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері кен өңдеудің физикалық-химиялық кешенді технологиясын дамытуға арналған. А.Қонаев кремнийге бай сирек кездесетін металл кендері мен фосфориттердің тотығуын және қалпына келуінің жаңа заңдылықтарын тапты. Қорғасын өндірісі қалдықтарын электр-термиялық жолмен қайта өңдеу әдісін металлургия өнеркәсібіне енгізіп, басқа ғалымдармен бірлесіп, мыс, қорғасын және мырыш алудың КИВЦЭТ-тік технологиясын жасады. Ол қатарынан фосфор мен кешенді легирлеуші қорытпалар алудың жаңа технологиясын, өнеркәсіптік көлемде фосфорлы темір кенін өңдеу технологиясын жасап өндіріске енгізді. 9-10 сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Ленин, Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

80 жыл бұрын (1934-1993) спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы ТҰРЛЫХАНОВ Болат Тұрлыханұлы дүниеге келді. Семей қаласында туған. Қазақ дене тәрбиесі институтын бітірген. 1985 жылдан Аягөз қаласындағы аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Жарма, Үржар, Аягөз және Таскескен аудандарындағы мектептерде жұмыс істеген. Ол Н.Төлендинов, М.Ақышбаев, Л.Жанаров сынды көптеген спорт шеберлерін дайындап шығарды. Олардың қатарында КСРО-ның 7 дүркін чемпионы, Еуропа, Әлем чемпионы, ұлы Дәулет Тұрлыханов та бар. Жыл сайын Семей қаласында грек-рим күресінен Болат Тұрлыханұлын еске алу турнирі өтіп тұрады. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 61 жыл бұрын (1953) "ХХІ ғасыр" ақпараттық-зерттеу қызметінің директоры ӘРЕНОВ Мұрат Майханұлы дүниеге келді. Өскемен қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. Қазақстан Ғылым академиясының математика және механика институтында инженер болды. 1976-1982 жылдары - "Маңғыстаумұнай" ӨБ ақпараттық есептеу орталығында инженер, аға инженер. 1982-1984 жылдары - Маңғыстау облыстық партия комитетінің лекторы. 1986-1988 жылдары - Маңғыстау облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі. 1991-1997 жылдары - ҚР Жоғарғы Кеңесінің, ҚР Парламентінің Ақпараттық-талдау орталығының директоры. 1997-2003 жылдары "Қазақ ақпараттық агенттігі" бас редакторы, бас редакторының бірініші орынбасары, бірінші вице-президенті. 2003-2004 жылдары - "Ақ жол" ҚДП БАҚ-пен байланыс және стратегия- PR тобы жетекшісі. 103 жыл бұрын (1911-1991) белгілі жазушы, аудармашы БРАГИН Алексей Иванович дүниеге келді. Ресей Федерациясында туған. Солтүстік Кавказ мемлекеттік университетін бітірген. «Комсомольская правда», «Правда Южного Казахстана», «Казахстанская правда» газеттерінде, «Простор» журналы редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби қызметкерден бастап, әр түрлі лауазымды қызметтер атқарған. «Близкое и далекое», «Казахстанские самоцветы», «Две судьбы», «У истока реки», «Предгорья», «Озеро тысячи родников», «Прадеды и внуки», «Сокровища медного купола» (Қаныш Сәтбаевтың балалық шағы туралы), «Дневник века моего», «Третье рождение» атты повесть-әңгімелері, өлеңдері жарық көрген. Жамбыл Жабаевтың өлеңдері мен поэмаларын, Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» (ІІ,ІІІ томдарын), «Мөлдір махаббат», «Сөнбес сәуле» романдарын, «Сәкен Сейфуллин» атты пьессасын, тағы басқа қазақ жазушыларының еңбектерін орыс тіліне тәржімалаған. «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.

56 жыл бұрын (1958) тау-кен инженері-бұрғышы ИБРАШЕВ Кенжебек Ниязұлы дүниеге келді. Гурьев қаласында туған.И.М. Губкин атындағы Мәскеу мунай институтын бітірген (1981). Техника ғылымдарының кандидаты.1975 жылдан - Қаспий маңы мұнай барлау экспедициясында дизельші, моторшы. 1981 жылдан - «Ембімұнай» ӨБ Балықшы барлаушылық бұрғылау басқармасында бұрғышының көмекшісі, бұрғышы, бұрғылау шебері, бұрғылау жөнінде аға инженер, бұрғылау учаскесінің бастығы,бас технолоғ. 1988 жылдан - «Гурьевмұнайқазгеология» ӨГБ Каспий маңы МБЭ бас инженері, «Ембімұнай» ӨБ Балықшы барлаушылық бұрғылау басқармасының бастығы. 1993 жылдан - «Қазақстанкаспийшельф» ААҚ Атырау филиалының директоры, 1996 жылдан - вице-президенті, 1997 жылдан - президенті. 1998 жылдан - «ОКІОС» компаниясының әкімші менеджері. 2001 жылдан Agip КСО» компаниясының жаңа жобалар женіндегі менеджері 2002 жылдан - «Адір КСО» компаниясының аймақтағы жобалар женіндегі директоры. 2003 жылдан -"Agip" КСО» компаниясының ҚР-дағы бизнесті дамыту жөніндегі директоры. 2005 жылдан - «ҚазМұнайТеңіз» ТМК АҚ бас директорының бірінші орынбасары. 2006 жылдан «ҚазМұнайТеңіз» ТМК» АҚ бас директоры. 2009 жылдан бері - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры. «Құрмет» (1997), «Парасат» (2010) ордендерімен; «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) медалімен, «Қазақстан мұнайына 100 жыл» төс белгісімен марапатталған. Қазақстан Республикасыныңжер қойнауын Құрметті барлаушысы.

49 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы ӘУБӘКІРОВ Серік Ғабдоллаұлы дүниеге келді. Шымкент қаласында туған. 1985 жылы өрт сөндіру технигі мамандығы бойынша КСРО ІІМ Алматы өрт сөндіру-техникалық училищесін бітірді, 1996 жылы өрт қауіпсіздігі инженері мамандығы бойынша ҚР ІІМ Алматы жоғарғы техникалық училищесін бітірді. Училищені бітіргеннен кейін Алматы қаласының атқарушы комитетінің ІІБ 4-ДӘӨБ ӨКБ инспекторы; Алматы қаласының атқарушы комитетінің ІІБ ӨКБ №104 ВПЧ қарауыл бастығы; Алматы қаласының атқарушы комитетінің ІІБ 4-ДӘӨБ ӨКБ инспекторы; Алматы қаласының атқарушы комитетінің ІІБ 4-ДӘӨБ ӨКБ аға инженері; Алматы қаласының атқарушы комитетінің ІІБ ӨКБ №104 ППЧ бастығы; Алматы қаласының МӨҚ ММ №4 ӨБ бастығы; Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар агенттігінің «Өрт сөндіруші» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бастығының орынбасары; Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өрт сөндіруші» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бастығы; Төтенше жағдайлар саласында мемлекеттік бақылау және қадағалау комитеті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бөлімінің бастығы; Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасының орынбасары; Өртке қарсы қызмет комитеті Алматы қаласы Өртке қарсы қызмет департаментінің бастығы; Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары. 2008 жылғы 11 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 5 мамырдағы №73 Жарлығымен С.Ғ. Әубәкіровке генерал-майор арнайы атағы берілді. «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» I, II, III дәрежелі медальдарымен марапатталған (2006), «Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар органдарының ардагері» (2008).

35 жыл бұрын (1979) «SAT&Company» АҚ басқарма төрағасы РАҚЫШЕВ Кеңес Хамитұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік академиясын, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы ҚР ІІМ жанындағы жол қозғалысы қауіпсіздігі қорында кеңесші болып бастады. 2000 жылы "БанкТұранӘлем" ААҚ оқу орталығының маманы. 2000-2002 жылдары - «Intergas Central Asia» ЖАҚ материалдық-техникалық жабдықтау департаменті маркетинг бөлімінің бастығы. 2002 жылы - "ҚазТрансГаз" ЖАҚ Сыртқы экономикалық байланыстар басқармасының бастығы. 2003 жылғы қаңтар-қазан айларында - "ҚазМұнайГаз" Сауда үйі" ЖШС бас директорының экспорт жөніндегі бірінш орынбасары. 2003 жылғы қазан-2004 жылғы қыркүйек - "ҚазМұнайГаз" АҚ бас директорының маркетинг жөніндегі орынбасары. 2004-2005 жылдары - "Меркурий" ЖШС бас директоры. 2005 жылы - ҚР Сауда-Өнеркәсіп палатасы одағының вице-президенті. 2006 жылы - «SAT&Company» директорлар кеңесінің төрағасы. 2007 жылы - «Kazakhstan Petrochemical Industries» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.

101 жыл бұрын (1913-2006) АҚШ-тың 38-інші президенті Джеральд ФОРД дүниеге келді. Мичиган штатының Гранд-Ренидс қаласында туған. 1973 жылы Ричард Никсон Фордты АҚШ-тың вице-президенті етіп тағайындады. Бір жылдан кейін, 1974 жылғы 9 тамызда Никсон Уотергейт ісіне қатысты тергеумен байланысты отставкаға кеткеннен кейін, Форд АҚШ президентінің тағына отырды. Д.Форд Рональд Рейганның рекордынан басып озып, АҚШ-тың ең ұзақ өмір сүрген президенті болды. Ол Калифорнияда 2006 жылдың 26 желтоқсанында қайтыс болды.