14 тамыз. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 14 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
64 жыл бұрын (1962) мемлекет және саясат қайраткері Ерлан Жақанұлы ҚОШАНОВ дүниеге келді.
Қарағанды облысының Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылында туған. 1984 жылы Қарағанды политехникалық институтын, 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
Институтты бітіргеннен кейін Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының слесары, шебері болып жұмыс істеген. 1988-1990 жылдары Қазақстан ЛКЖО Жезқазған облыстық комитетінің жұмысшы және ауыл жастары бөлімінің нұсқаушысы, жастардың әлеуметтік-экономикалық проблемалары бөлімінің меңгерушісі, 1990-1995 жылдары Жезқазған облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитетінің жетекші маманы, бөлім бастығы, төраға орынбасары, төрағасы, 1995-1999 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, 1999-2001 жылдары Үкіметтің ҚР Парламентіндегі өкілі, 2001-2003 жылдары ҚР премьер-министрі кеңсесі басшысының орынбасары – Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілі, 2003-2006 жылдары ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі, 2006-2007 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы, 2007-2012 жылдары ҚР премьер-министрі кеңсесі басшысының орынбасары – Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілі, 2012-2017 жылдары ҚР премьер-министрі кеңсесінің басшысы, 2017-2019 жылдары Қарағанды облысының әкімі, 2019-2022 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы лауазымын атқарған.
2022 жылғы 1 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы болып сайланды.
2022 жылғы 14 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының жетекшісі болып сайланды.
2022 жылғы 24 сәуірде «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІІ съезінде партия төрағасы болып сайланды.
І дәрежелі «Барыс» (2021), «Парасат» (2013), «Құрмет» (2007) ордендерімен және мерекелік медальдармен марапатталған.
61 жыл бұрын (1965) Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуат Маратұлы БАЙМЫРЗАЕВ дүниеге келді.
Алматы облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, географ (1989).
Еңбек жолы: 1989-1991 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті комсомол ұйымы хатшысының идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, 1991-1997 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті ректорының көмекшісі, 1997-1998 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенттермен жұмыс жөніндегі проректоры, 1998-2001 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің жалпы және өндірістік-экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры, 2001-2004 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті география факультетінің деканы, 2004-2016 жылдары Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған. 2016-2023 жылдары І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің басқарма төрағасы — ректоры лауазымын атқарған.
«Құрмет» орденімен марапатталған (2007); «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Халық Ассамблеясы 20 жыл» (2015) мерекелік медальдары; «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері (2007), «Ы. Алтынсарин» (2008), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Құқық қорғауға қосқан үлесі үшін» (2014) ордендерімен марапатталған.
54 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігі мен Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы Өкілдігінің Басшысы Роман Юрьевич ВАСИЛЕНКО дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. 1994 жылы Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің Экономика, қаржы және құқық әскери академиясын үздік бітірген.
Еңбек жолын ҚР Президенті Аппараты Халықаралық бөлімінің бас маманы ретінде бастады. Сондай-ақ ҚР Премьер-министрінің кеңсесінде, ҚР Мемлекеттік хатшысының хатшылығында және басқа мекемелерде жұмыс істеді.
ҚР Сыртқы істер министрлігінде Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші, Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы болды. Әртүрлі жылдары Қазақстанның Ұлыбритания мен Америка Құрама Штаттарындағы елшіліктерінде дипломатиялық лауазымдарда қызмет атқарды.
2016-2019 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды, ал 2019-2022 жылдары Қазақстанның Словакиядағы Елшісі болды. 2022-2025 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2025 жылдың шілдесінен бері атқарып келеді.
Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежеге ие.
48 жыл бұрын (1978) «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Арман Аманжолұлы ХАСЕНОВ дүниеге келді.
Қарағанды облысы Шахтинск қаласында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика (1999), заң (2003) факультеттерін бітірген.
Еңбек жолы: 1999-2003 жылдары Астана қаласының салық органдарында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 2001-2002 жылдары ҚР Қарулы Күштері қатарында әскери борышын өтеген. 2003-2009 жылдары Павлодар облысының прокуратурасында, 2009-2012 жылдары ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде басшылық қызметтерді атқарған. 2012-2014 жылдары ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Тергеу департаменті 1-басқармасының бастығы, 2014-2021 жылдары ҚР Бас прокуратурасында, Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 2021-2022 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының (штабы) басшысы, 2022-2025 жылдары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі аппаратының басшысы лауазымын атқарды.
2025 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.