14 жасар аспаз: Өз мейрамханамды ашқым келеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық 14 жастағы Дулат Тантаевтың арманы әлемдік деңгейдегі ең мықты аспаз болу. Жас фуд-блогер әрі аспаз ҚазАқпарат тілшісіне ғаламторда қалай танымал болғанын, бос уақытында немен айналысатынын және не себепті аспаз өнерін таңдағанын айтып берді.
None

Дулат Алматы қаласында дүниеге келді. Үйдің кенжесі. Алдында үш бауыры бар. Қазір №181 орта мектептің 8-сыныбында оқиды.

«Осыдан үш жыл бұрын ғаламтордан танымал аспаздардың видеоларын көре бастадым. Уақыт өте келе тамақ пісіруге деген қызығушылығым арта түсті. Әсіресе, түрік аспаздары Бурак Өздемир, Нусрет Гөкче және британдық Гордон Рамсай мені қатты шабыттандырды. Кейін мен де видео түсіруді қолға алдым. Бұл істе маған ағам Диас көмектеседі», – дейді оқушы бала.




Дулат 2020 жылы алғаш рет ағылшын десерті- трайфлға тапсырыс алды. Қазір жас аспаз түрлі тағам дайындайды. Ғаламтор арқылы рецептілерімен бөліседі. Оның әлеуметтік желіде үлкен аудиториясы бар. Бүгінде Instagram желісінде 620 мыңнан астам жазылушысы бар.

«Сондай-ақ мен мейрамханаларға шолу түсіремін, аспаздарға көмектесемін. Олардан үйренген дүниемді оқырмандарыма көрсетуге тырысамын. Үйде ата-анам, ағаларым көмектеседі. Ас үйде көп тәжірбие жасаймын. Әлеуметтік желілерге арналған бір видеоны түсіруге 3-4 сағат кетеді. Бұл оңай процесс емес. Ол мұқият дайындықты қажет етеді. Біз күнде кешкі уақытта видео түсіреміз. Бұл менің оқуыма кедергі келтірмейді», - дейді Дулат.

Айтуынша, жас аспаз қазір тапсырыс қабылдамайды, қала мейрамханаларымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жарнамадан табыс табады. Өзін ғана емес, жақындарын да сыйлықтармен қуантады. Өзінің туған күнінде қымбат смартфон сатып алды. Бұл жаңалығымен ол Instagram – дағы парақшасында бөлісті.


«Мен әу бастан ақша табуды мақсат етпедім, тек сүйікті ісіммен айналыстым. Алғашқы екі жылда табыс түскен жоқ. Ал қазір ақша жарнамадан түседі. Егер адам өзінің сүйікті ісімен жан-тәнімен айналысса, оның нәтижесі міндетті түрде болады. Менің видеоларым бірте-бірте көп қарайтын болды. Әлеуметтік желідегі парақшама жазылғандар саны артты. Оқырмандарым жұмысымды жоғары бағалап, қолдау көрсетеді. Ол маған мотивация береді. Мен блогымды екі тілде жүргіземін, бірақ көбіне орыс тілінде, өйткені мені басқа елдердің адамдары да көреді. Менің аудиториямның 60 пайызы қазақстандықтар, қалғаны шетелдіктер», – дейді ол.

Дулат тамақ пісірумен қатар музыка мен спортты жақсы көреді. Ол гитарада ойнап, бокс пен аралас жекпе-жекпен шұғылданады. Шығыс тағамдарын жақсы көреді. Жақында ол танымал аспаздарды көру үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне барды.


«Біз жақында Дубайда болдық. Түрік аспаздарымен танысқым келді, бірақ, өкінішке орай, сәті түспеді. Алайда, болашақта міндетті түрде кездесемін», - деді ол.

Қазір оны көшеде адамдар танып, бірге фотоға түсуін сұрайды.

«Иә, көшеде адамдар мені танып жатады, бірге суретке түсуімді сұрайды, мен өте ризамын. Мектепте достарымның бәрі де мені қолдайды, олармен жақсы қарым-қатынастамыз, олармен бала кезден доспыз, сондықтан танымалдыққа аса мән бермеймін», - дейді жас аспаз.


Дулат қарапайым отбасынан шыққан, анасы медбике, ал әкесі жеке такси жүргізушісі. Болашақта Алматыда өз мейрамханасын ашуды мақсат етіп отыр. Ол үшін тәжірибе жинақтап, аянбай еңбек ету керек.


Соңғы жаңалықтар