14 желтоқсан. Жылнама

жылнама
Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 14 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1990 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдарының академиясы құрылды.

1992 жылы Қазақстан халқының форумы өтті. Онда жаңа қоғамдық институт – Қазақстан халықтарының келісімі мен бірлігі Ассамблеясын құру туралы алғашқы ұсыныс білдірілді.

1997 жылы Ақмолада (қазіргі Астана қаласы) саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш орнатылды.

2009 жылы АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия ісі бойынша орынбасары Роберт Блейк алғаш рет Орталық Азиядағы бас консулдығын Алматыда ресми түрде ашты.

2011 жылы Астанада Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры мен М. Горький атындағы Орыс драма театрына академиялық дәреже берілді. Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық академиялық драма театры 1991 жылы құрылған. Ал М. Горький атындағы Орыс академиялық драма театрының тарихы 1900 жылдан басталады.

2012 жылы Варшавада Қазақстан-Польша ынтымақтастық және даму кеңесі құрылды. Бұл кеңес Қазақстан мен Польша арасындағы серіктестік платформасын қалыптастыруға, екі ел арасындағы сауда-ынтымақтастық және мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға ықпал етеді.

2012 жылы «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы ресми түрде Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының (The Asia-Pacific Broadcasting Union, ABU) толыққанды мүшесі болды. Беделді ұйымға мүше болу арқылы әлемдік тәжірибеден, жаңа технологиялардан, медиа саладағы әлемдік процестерден хабардар болуға мүмкіндік бар.

2016 жылы республикалық деңгейдегі ең маңызды нысанның бірі – Ертіс өзені арқылы өтетін Орта Азиядағы ең үлкен көпір ашылды.

2016 жылы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Астанаға ресми сапармен келді. Бұл Нетаньяхудың саяси карьерасындағы Қазақстанға жасаған алғашқы сапары болды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев израильдік премьермен келіссөздер жүргізді. Басты назарда экономикалық өзара іс-қимыл мәселесі болды. Олар бірлескен бизнес-форумға қатысты.

2017 жылы 116 жолаушысы бар, алдыңғы шассиі жоқ ұшақты сәтті қондыра білген ұшқыш, Қазақстанның халық батыры Дмитрий Родин «Жыл патриоты» құрмет белгісімен наградталды.

2017 жылы «Астана» Халықаралық қаржы орталығының Қаржы қызметтерін реттеу комитеті (Astana Financial Services Authority, AFSA) Ислам қаржы қызметтері кеңесінің (IFSB) толыққанды мүшесі болды.

2018 жылы қазақстандық KazSTSat микро жер серігінен ғарышта түсірілген алғашқы сурет алынды. Оңтүстік Америка аумағының үстімен ұшып өткен KazSTSat Аргентинаның оңтүстігіндегі ірі кемежай – Рио-Гранде қаласын суретке түсіріп алған.

2019 жылы КСРО, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Суретшілер академиясының корреспондент-мүшесі Дулат Қоспанов Кипр заманауи өнер музейіне (Кипр, Никосия қаласы) 8 авторлық жұмысын тапсырды. Олардың ішінде, автордың ең сүйікті туындысы, Ұлы ханның күрделі сипатын дәлме-дәл беретін монумент жұмысы «Абылай хан» картинасы (2019 ж.) бар. Кипрдің заманауи өнер музейі 14 түркі мемлекеттерінен келген суретшілердің туындыларына бай коллекцияға ие. Атап айтқанда, онда Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қарғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Гагаузия, Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан, Алтай, Тува және Халай Республикаларының жұмыстары ұсынылған.

2019 жылы Францияның «L’Essentiel Des Relations Internationales» журналының беттерінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің алғашқы сұхбаты жарияланды. 90 мың дана тиражбен шығатын журнал Франция, Швейцария, Бельгия, Люксембург елдерінде таралады.

2020 жылы Колумбия Республикасындағы Қазақстанның алғашқы Құрметті консулдығы ашылды. Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Қ. Саржанов өз сөзінде Құрметті консулдықтың ашылуы екі елдің екіжақты күн тәртібін, әсіресе сауда, инвестициялық және гуманитарлық бағыттардағы, оның ішінде Қазақстан 2019 жылы шілдеде бақылаушы мәртебесін алған Тынық мұхиты альянсы аясындағы саяси ерік-жігерінің көрсеткіші екенін атап өтті.

2020 жылы Бейжіңде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған естелік конверттер шығарылды. Конверттердің бірінде ұлы философ және ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби, екіншісінде – ұлы ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлы бейнеленген. Конверттердегі суреттердің авторы – қытайлық дипломат, суретші Фэн Ишу.

2020 жылы бүкіл Испания бойынша айналымға түркі әлемінің екі ұлы тұлғасы Абай Құнанбайұлы мен Үзейір Гаджибейли бейнеленген пошта маркалары шығарылды. Маркілерді басып шығарудың мақсаты – халықаралық ауқымды аудиторияны Түркі әлемінің көрнекті тұлғаларының шығармашылығымен таныстыру.

2021 жылы балаларға арналған Қазақстан халқының ертегілер жинағы жарық көрді. Жинаққа Қазақстанның кәріс, неміс, шешен-ингуш, еврей, грек, мордва, литва, поляк және т.б. 25 ірі этносының 114 халық ертегілері енді. Кітаптың жалпы таралымы – 4 000 дана (әр бөлігі 2 000 данадан), екі томнан тұрады (4-7 және 8-11 жастағы балаларға арналған).

2021 жылы Мажарстанда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мерейтойлық пошта маркасы шығарылды. Пошта маркалары елшіліктің күнделікті хат-хабарларында, сондай-ақ кәдесый ретінде пайдаланады. Алғашқы мерейтойлық маркалар Мажарстан Үкіметі, ғылым және мәдениет өкілдеріне, қоғам қайраткерлеріне, сондай-ақ жергілікті коллекционерлерге, яғни филателистерге табыс етіледі.

2022 жылы Астанада VII Республикалық әкелер форумы өтті.

2022 жылы Астанада Қазақстандағы және Орталық Азиядағы тұңғыш «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік мюзикл театры жас көрермендерге арнап жаңа премьера – «Алдар Көсе» мюзиклін ұсынды.

Соңғы жаңалықтар