14 жыл бұрын Мордовияда екі адамды өлтірген Тәжікстан азаматы Астанада ұсталды
АСТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат - 19 - 21 қазан аралығында елорда аумағында ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерді іздеу бойынша жүргізілген кең ауқымды операция барысында Астана қаласы ішкі істер департаментінің қызметкерлері 14 жыл бойы іздеуде жүрген 1963 жылы туғанТәжікстан Республикасының азаматы Шамс Юсуфович Мусулмоновты қолға түсірді.
Астана қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 1997 жылдың 17 қазанында Мордовия Республикасы Саранск қаласында Ш.Мусулмонов екі адамды өлтіріп, қылмыс орнынан қашып кеткен. Оған РФ Мордовия Республикасының Ішкі істер министрлігі іздеу салған. Қазіргі таңда қылмыскерді экстрадициялау шешімі қабылданды. Ұсталған адам тергеу изоляторына жабылды.
«ІЗДЕУ» іс-шарасының екі күнінде Астана қаласының ішкі істер департаменті 6 қылмыскерді ұстаған.