14 жылдан соң қайта жанданған Күләш Байсейітова байқауы мәресіне жетті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Күләш Байсейітова атындағы ІХ республикалық вокалистер байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
14 жылдан бері тоқтап қалған байқауды қайта жандандыру идеясын Қазақстан Тұңғыш Президенті қоры қолдаған болатын. Ең алғаш рет бұл байқау 1975 жылы шымылдығын ашқан еді.
Ересектер тобында бас жүлдені Абай атындағы Мемлекеттік Опера және балет театрының солисі Балуан Беркенов, кіші топта - Шымкент музыкалық колледжінің тәрбиеленушісі Нұрқанат Тәпиев жеңіп алды.
Ұйымдастырушылар байқауды жыл сайын жалғастырып, халықаралық деңгейге шығармақ. Музыкалық байқау өнердің дамуына үлес қосып жүрген жастардың атын шығарып, танытуға бағытталған.
«Тұңғыш Президент қорының бастамасымен Күләш Байсейітова атындағы байқаудың қайта жандануы - өнер мен музыка саласындағы бірегей құбылыс болып отыр. Күләш Жасынқызының талантының алдында бас ие отырып, бәрін үлкен жауапкершілікпен атқаруға тырыстық. Ұйымдастыру комитеті дайындық шараларын белсенді жүргізді. Үміткерлерді 4 ай таңдадық», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев.