15 ақпанда «Қазақстан дауысы» мегажобасының жеңімпазы анықталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» телеарнасындағы «Қазақстан дауысы» мегажобасы аяқталуға таяп қалды. Жақын арада телекөрермендер жеңімпазды анықтайтын болады, деп хабарлады телеарнаның баспасөз қызметі.

15 ақпанда «Қазақстан дауысы» мегажобасының жеңімпазы анықталады

Өткен жексенбіде «Қазақстан» республикалық телерадикорпорациясының веб-порталында ( www.kaztrk.kz ) он-лайн режимде жобаның тікелей эфирін 45 мыңнан астам пайдаланушы тамашалады. Бұл алдыңғы аптадағы көрсеткішпен салыстырғанда 2 есеге артық. Шешуші күн жақындаған сайын тартыс та қыза түсуде.

«Қазақстан дауысы» байқауының финалын «Қазақстан» телеарнасы 15 ақпанда cағат 21.00-де тікелей эфирде көрсетеді, оған төрт үміткер шығады. Орындаушыға қолдау көрсету үшін 3075 номеріне рет саны бар СМС жолдауға немесе 8 80 90 80 30 75 номеріне қоңырау шалуға болады.

Жеңімпаз 5 млн. теңге мен әлемге әйгілі «Universal» дыбыс жазу студиясымен келісімшартқа отыру мүмкіндігіне ие болады.

«Қазақстан» дауысы» жобасы көпшілікке белгісіз талант иелерін халыққа танымал етуді мақсат етеді. «Қазақстан дауысында» ең маңыздысы - дауыс.

Бұл жоба The Voice of Holland (Нидерланды) немесе «Голос» түпнұсқалық форматының қазақстандық нұсқасы ретінде 2013 жылдың жазында басталды. «Қазақстан Дауысы» жобасының алғашқы маусымының жеңімпазы - Қостанай облысының тумасы 27 жастағы Шахаризат Сейдахмет. Орындаушының тәлімгері - Нұрлан Албан.

«Қазақстан Дауысы» 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - барлық қатысушыларды тыңдау арқылы әділқазылардың әрқайсысы төрт топ құрады. Екінші кезеңде әр түрлі топтардың мүшелерінен құралған жұптық сайыс өткізіледі. Үшінші кезеңде жеңімпаздарды халық SMS-дауыс беру арқылы анықтайды.