15 қарашадан бастап «Ақтөбе – Қандыағаш» тасжолының бір бөлігі ақылы болды
АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылғы 15 қарашадан бастап республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қандыағаш» автомобиль жолының 89 шақырымы ақылы жүйеге қосылды, деп хабарлайды Қазавтожол.
Бұл бөлік бұрыннан жұмыс істеп тұрған «Қандыағаш – Мақат» ақылы жолының құрамына енгізілді. Нәтижесінде ақылы жолдың жалпы ұзындығы 469,5 шақырымға жетті.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ хабарлағандай, жолдың 11+000 және 87+200 шақырым белгілері аралығында барлық көлік түрінен ақы алынады. Ал қалған бөлігінде тек автобустар мен жүк көліктері үшін төлем қарастырылған. Жеңіл көліктер тегін жүреді.
Жолақы мөлшері көлік түріне және төлеу тәсіліне байланысты. Мәселен, жеңіл автокөлікпен жолдың ақылы бөлігін бір бағытта жүріп өту құны алдын ала төлегенде шамамен 240 теңге, ал сапардан кейін төлегенде 276 теңге болады.
Жол бойына 10 бақылау аркасы орнатылған. Олар көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін автоматты түрде анықтап, жүріп өткені үшін төлем есептейді.
«ҚазАвтоЖол» жолақыны алдын ала төлеу тиімді екенін еске салады. Ол үшін kaztoll.kz сайты, банк қосымшалары немесе басқа да ресми төлем сервистері арқылы көліктің жеке шотын алдын ала толтыру ұсынылады.
-Ақылы жолға іргелес елді мекендер мен аудандарда тіркелген көлік иелеріне жеңілдетілген абонементтер қарастырылған. Жеңіл автокөліктерге арналған жылдық абонемент құны небәрі 1 АЕК немесе 4 325 теңге. Автобустар мен жүк көліктері үшін олардың санатына қарай айлық және жылдық абонементтер ұсынылады,-делінген хабарламада.
Ақылы жолдардан түскен қаражат жолдарды күтіп ұстауға, жөндеуге және арнайы техника сатып алуға жұмсалады.
«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге сапар алдында көліктің жеке шотындағы қаражатты тексеріп, мүмкіндігінше жолақыны алдын ала төлеуге кеңес береді.
Жолақы тарифтері, төлем тәсілдері және абонемент рәсімдеу тәртібі туралы толық ақпаратты kaztoll.kz сайтынан немесе тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 тегін байланыс нөмірінен алуға болады.
Осыған дейін Қазақстанның ақылы жолдарына 56 лазерлік құрылғы орнатылғанын жаздық.