15 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2015 жылғы 15 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

15 қазан. БЕЙСЕНБІ

Ауыл әйелдерінің бүкіләлемдік күні. Аталмыш күнді атап өту идеясы 1995 жылы Бейжіңде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының 4-ші әйелдер конференциясында ұсынылды және сол жылдан бастап атап өтіледі. Ауыл әйелдері жер шары тұрғындарының ширектен астамын құрайды және азық-түлік өнімдерін өндіруде, сондай-ақ ауылдық жерлердің дамуына, тұрақтылығына көп септігін тигізеді. Дегенмен, олар өмірлік маңызы зор несие алу, білім алу сияқты қызмет түрлерін алуға мүмкіндіктері аз. әлемде 500 миллион ауыл әйелдері кедейшілікте өмір сүреді.

Бүкіләлемдік қол жуу күні

Біріккен Ұлттар Ұйымы, соның ішінде БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), қазанның 15-ін Бүкіләлемдік қол жуу күні деп жариялады. Қолды сабынмен жуу - жыл сайын 3,5 миллион балалар өмірін қиятын түрлі аурулардың алдын алудағы неғұрлым тиімді және үнемді дауалардың бірі. Бүкіләлемдік қол жуу күні санитарлық тазалық пен гигиеналық дағдыларға шақырады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

5 4 жыл бұрын (1961) Целиноград қаласында (қазіргі Астана) Тың игерушілер сарайының құрылысы басталып, 1963 жылы аяқталды.

1 6 жыл бұрын (1999) Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында қазақ батырлары Қарасай мен Ағыбайға мемориалдық кешен орнатылды.

1 6 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов атындағы ауылда Мұхаммед Қайдар Дулатиға ескерткіш орнатылды.

1 6 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласындағы Маяковский көшесіне ақын Сабырхан Асановтың есімі берілді.

1 6 жыл бұрын (1999) қалалық әкімшілік шешімімен Алматы қаласының кітапханалар күні белгіленді.

14 жыл бұрын (2001) Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты құрылды.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылы 15 қазаны № 1330 қаулысының және Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрінің 2002 жылы 20 ақпаны № 1/29/1/068 Директивасының негізінде құралған (Азаматтық авиация академиясының әскери факультеті базасының негізінде).

ЖОО-ның негізгі міндеті болып ҚР ҚК әскерлері мен қаруланудың зенитті ракеталық, радиотехникалық әскерлерінің, байланыс бөлімдерінің, авиацияны радиотехникалық қамтамасыз етудің, автоматтандырылған басқару жүйелерінің кәсіби офицерлерін дайындау саналады.

12 жыл бұрын (2003) Қазақстанда алғаш рет Азаматтық форум өтті.

1 1 жыл бұрын (2004) Башқұртстан Республикасының Президенті Мұртаза Рахимов сапармен Қазақстан Республикасына келді.

1 1 жыл бұрын (2004) белгілі журналист Аяған Сандыбайдың «Чем порадовать сердце» кітабы жарық көрді. Кітапта Қазақстанда соңғы жылдары болып жатқан қоғамдық маңызды оқиғалардың мәні зерделенген.

10 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі БҰҰ-ның 60 жылдығына орай 100 теңгелік мерекелік ақшаны айналымға шығарды. Ол Қазақстан теңге сарайында жасалған. 100 теңгелік мерекелік күміс ақшаның диаметрі - 24,5 мм, қалыңдығы - 1,9 мм. Ал, салмағы - 6,45 грамды құрайды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына 1992 жылы наурыздың 2-сінде 46-шы сессияда мүше боп қабылданған болатын. Біріккен Ұлттар Ұйымы күні жыл сайын қазанның 24-інде ресми түрде аталып өтеді.

8 жыл бұрын (2007) жарты ғасырдан астам уақыт бойы шойын жолда жұмыс істеген белгілі павлодарлық Әби Сарқыншақовтың кітабы жарыққа шықты. Автор еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, Павлодар темір жол бөлімінің бастығына дейін көтерілген. «Өмірім менің - темір жол» атты кітабының Қазақстан темір жолының даму тарихы, белгілі адамдармен кездесулері мен автордың өз көзімен көрген оқиғалар жазылған. Оқырмандар бұл кітапта өткен ғасырдың 80-ші жылдары өткізілген ауыр салмақты эшелондардың екібастұз көмірімен жөнелту бірегей эксперименттің, жақында болған оқиғалардың ішінде Ақсу-Дегелен жолының құрылысын, Павлодар - Екібастұз торапының электрлендіруі болғанын біле алады. «Өмірім менің - темір жол» ардагердің үшінші кітабы, тағдырларын темір жол көлігімен байланыстырған адамдарға арналған. Кітап жергілікті «Баспа үйі» баспасынан шығарылған.

8 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды, оған сәйкес Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау агенттігі құрылды. Агенттікке бәсекелестікті қорғау және монополиялық қызметті шектеу саласындағы функциялар мен өкілеттіктер берілді.

6 жыл бұрын (2009) Парижде ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 35-ші сесиясында Қазақстан ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесі; Коммуникацияны дамытудың Халықаралық бағдарламасының Үкіметаралық кеңесі; «Адам және Биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесі; Халықаралық үкіметтік емес ұйымдар жөніндегі комитет, сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері бойынша Комитет бюросы болып 4 жылға сайланды.

6 жыл бұрын (2009) Оралдағы «Қазақстан» кинотеатрында «Біржан сал» көркем фильмінің таныстырылымы болды. Бұл - белгілі кино актері Досхан Жолжақсыновтың режиссер ретіндегі тұңғыш туындысы. Оның үстіне басты роль - Біржан бейнесінде Досханның өзі ойнайды. Режиссердің айтуынша, қазақтың Көкшедей көркем жерінде табиғаттың өзі оң қабақ танытып түсірілген фильмге актерлер іріктеліп алынды.

5 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасы Үкіметінің арасында ақысыз әскери көмек көрсету Келісімін ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.

5 жыл бұрын (2010) «Әдеби әлем» («Литературный мир») ғаламтор-порталының таныстырылымы өтті. - www.adebiet.kz .

Енді пайдаланушылар, соның ішінде шетелдегі қазақтар Абай мен Махамбеттен бастау алатын танымал қазақстандық әдебиетшілердің шығармаларымен таныса алады. Балаларға арналған бөлімде ертегілер оқуға болады. Сондай-ақ қанатты сөздер бөлімі бар.

Бір жыл бұрын (2014) Германияда «Frankfurter Buchmesse 2014» атты 66-шы халықаралық кітап көрмесінің аясында «Springer» әлемдегі ең ірі баспа үйі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ректоры Ғалым Мұтановтың Mathematical Methods and Models in Economic planning, Management and Budgeting» кітабын таныстырды.

Бір жыл бұрын (2014) Алматыда «iOS» және «Android» операциялық жүйелеріне арналған Colors of Great Steppe («Ұлы Дала бояулары») мобильді қосымшасының тұсаукесері өтті. Мұндағы басты мақсат - отандық және шетелдік аудиторияға Қазақстанның мәдениетін, тұрмысын, өзіндік ерекшелігін, тарихын, табиғатын заманауи фотоөнер туындылары арқылы таныстыру.

«Ұлы Дала бояулары» мобильді қосымшасына табиғат, тарих, этнография секілді бағыттар бойынша 1000-нан астам фотосуреттер енгізілді. Оларда Қазақстанның төрт аймағы көрініс берген.

Бір жыл бұрын (2014) Ұлттық медициналық холдингтің базасында онкологиялық және жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу бойынша жұмыс басталатын Метаболизм синдромын емдеу орталығы ашылды.

445 жыл бұрын (1570) Солтүстік Кореяның қазіргі астанасы Пхеньян қаласының негізі қаланды.

434 жыл бұрын (1581) француз королевасы Екатерина Медичидің өтінішімен Парижде бірінші балет қойылды.

349 жыл бұрын (1666) ағылшын королі Чарльз II үстіне жилет киіп, жаңа сән үлгісін шығарды.

ЕСІМДЕР

12 1 жыл бұрын (1894-1938) қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері СЕЙФУЛЛИН Сәкен дүниеге келген.

Қарағанды облысы Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағында туған. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсеткен. Осыдан бір ай өтпестен, маусымның 4-де ақтар көтеріліс жасап, Ақмола совдепшілерін тұтқынға алған. Сәкен атаман Анненковтың «азап вагонында» 47 күн ажалмен арпалысып, 1919 жылғы сәуірдің 3-де адмирал Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан. 1920 жылғы мамырдың 7-де Ақмолаға қайтып оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. Осы жылғы қазанның 4-де Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезі делегаты болып қатысқан, Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасаған. «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманағы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған. Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары жарық көрген. «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтарында Қазан төңкерісінің жеңісі жырланды. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты. С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Казақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді. С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. «Жұбату» әңгімесі - Сәкеннің қазақ әйеліне арналған алғашқы прозалық, шығармасы. «Жемістер, «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» туындыларында замандастар өмірі бейнеленген. С.Сейфуллин қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғак, кешу» атгы тарихи-мемуарлық романында көрсетеді. Публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі баға жетпес. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері - Ақтоқты», «Ләйлі - Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» кітабы - осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. С.Сейфуллин қазақ әдебиетінен мектептерге оқулық жазу ісіне де қатысқан. Қазақ әдебиетінің кадрларын даярлауға, алғашқы кітаптарын бастыруға көп күш салды. 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвада өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, шығармашылық еңбегіне 20 жыл толуы кеңінен мерекеленді. 1938 жылы жолсыз жазаға ұшырады. Ол туралы С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, поэмалар, әдебиеттанушылық зерттеулер жазылды.

110 жыл бұрын (1905-1995) ақын, журналист, Қазақстанның халық жазушысы СӘРСЕНБАЕВ Әбу (Әбуғали) дүниеге келді. Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған. Астрахандағы партия мектебін, Алматыдағы Коммунистік жоғарғы оқу орнын бітірген. 1934-1936 жылдары - «Түрксіб» газетінің редакторы. 1936-1942 жылдары - Қазақ мемлекеттік баспасының директоры. 1942-1947 жылдары Кеңес армия қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысты. 1947-1953 жылдары Қазақ мемлекеттік оқу-педагогикалық баспасының директоры қызметтерін атқарған. Оның «Еділ толқыны» атты тұңғыш дастаны 1937 жылы жарық көрген. «Жүрек сыйы», «Ант», «Ақша бұлт» атты өлең кітаптары, «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері» романдары, «Арбасу» (Қ.Жұмалиевпен бірге), «Теңіз махаббаты» пьесалары, «Әдебиет хрестоматиясы» (Е.Исмайловпен бірге құрастырған, 3-інші сыныпқа арналған), «Оқу кітабы» (үлкендер мектебіне арналған), «Ана тілі» (3-інші сыныпқа арналған) оқулықтары, әскери новеллалар мен эсселер жинағы жарық көрген. Сонымен қатар А.Пушкин, М.Лермонтов, Ш.Петефи, Н.Некрасов, Фаиз шығармаларын қазақ тіліне аударған. Оның шығармалары орыс, эстон, түрікмен, тәжік, болгар, т.б. тілдерге аударылған. Қызыл Жұлдыз, Қазан революциясы, Халықтар достығы, Еңбек Қызыл Туы, Отан соғысы «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

105 жыл бұрын (1910-1976) көрнекті қазақ ғалымы, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ДҮЙСЕНБАЕВ Ысқақ Тәкімұлы дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Омбы облысы Таврия ауданында туған. А.М. Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1939-1942 годы - Қазақ мемлекеттік әдеби қоғам басылымның редакторы. 1943-1946 жылдары үшінші Украина майданының «Кеңестік жауынгер» (Советский воин) газеті редакторының орынбасары. 1946-1947 жылдары - Қазақстан ҒА Төралқасының ғалым хатшысы, КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалының әдебиет секторында кіші, аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі. 1947-1948 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының өнертану секторының меңгерушісі. 1949-1976 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институты бөлімінің меңгерушісі. Негізгі ғылыми еңбектері қазақ фольклоры, оның ішінде лиро-эпос, әдебиет тарихы, мәселелеріне арналған. Сонымен қатар Ф.Рабле, И.С.Тургенов, А.П.Чехов, Р.Роллан, А.Горький шығармаларын қазақ тіліне аударған. Оның «Мұхтар Әуезов», «Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Ғасырлар сыры», «Қазақтың лиро-эпосы» атты еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған елеулі үлес болып есептеледі. Қызыл Жұлдыз, 2-інші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

104 жыл бұрын (1911-1970) әдебиет зерттеушісі, сыншы, педагог, филология ғылымының докторы, Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЫСМАЙЫЛОВ Есмағамбет Самұратұлы дүниеге келді.

Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1934-1938 жылдары - «Қазақстан большевигі» журналының жауапты хатшысы. 1939-1966 жылдары Қазақстан коммунистік журналистика институтының, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының, Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, профессоры, Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі болған. Ғалымның негізгі ғылыми зерттеу еңбектері әдебиет сынына, теориясына, тарихына және фольклортану мәселелеріне арналған. Көкшетау облысының Степняк қаласындағы бір көшеге, туған жеріндегі орта мектеп пен кітапханаға оның есімі берілген.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

103 жыл бұрын (1912-1998) жазушы, аудармашы, журналист, КСРО және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қарағанды қаласының құрметті азаматы БЕКТҰРОВ Жайық дүниеге келді. 15 қазанда Ақмола облысы Ақмола ауданы Қызылағаш ауылында туған. Жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін (1934), Қазақ мемлекеттік университетін (1955) бітірген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол кейін Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында комсомол жұмысында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің жауапты редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлім меңгерушісі, Жамбыл облысы «Колхоз жолы» (кейін «Еңбек туы») газетінің редакторы, Талдықорғанда ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы болған. «Жол жоралғысы» (1977) жинағының авторы. Л.Пантелеев, Г.И.Серебрякова, Д.Дефо, Ш.Петефии, Я.Г.Гашек, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. Қазақ зиялылары туралы жазылған естеліктері мен әдеби портреттер жинағы шықты.

102 жыл бұрын (1913-1997) медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері МЫРЗАЛИЕВА Хадиша Есентұрқызы дүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған. Саратов медицина институтын бітірген. 1951-1962 жылдары Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Ана мен баланы қорғау ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақ мемлекеттік медицина институтының акушерлік-гинекологиялық кафедрасының меңгерушісі болды. 1962 жылдан Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында жұмыс істеді. Мырзалиева екі қабат әйелдердің жұқпалы ауруларын, олардың белгілері мен анықтау жолдарын зерттеген. Жүрегі мен қан тамырлары зақымданған әйелдің құрсақ көтеруі, босануы, сол кезеңдерде көрсетілетін дәрігерлік көмек мәселелерімен шұғылданған. 130-дан астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 4 монография бар.

10 2 жыл бұрын (1913-1980) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ӘДІЛШІНОВ Қалкен Шәкенұлы дүниеге келді.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1932 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ академиялық драма театрының актері қызметін атқарған. 1935 жылы осы театрдың студиясын режисер М.Насоновтың жетекшілігімен бітірген. Ол оқып жүрген кезінде-ақ театр спектакльдеріне қатысып ойнады. Таңдаулы рөлдері қатарында Науан хазірет, Жантық (Ғ.Мүсіреповтің «Ақын трагедиясы» мен «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында»), Көбей (М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде»), Мирон (Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббатында»), Семенов-Тянь-Шанский (С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында»), Михайлов, Жиренше (М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абайында»), Айдар (Ә.Тәжібаевтың «Той болардасында»), Қатай (С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажалында»), Скапен (Ж.Мольердің «Скапеннің айласында»), Бакин (А.Островскийдің «Таланттылар мен табынушыларында»), т.б. бар. Әділшінов - өзі ойнайтын рөлінің әлеуметтік-тұрмыстық психологиялық жағына ден қоюмен қатар, оның мінез-кейпін әсерлеп көрсететін өткір мінезді актер болды. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 1956 жылдан киноға түскен.

«Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

99 жыл бұрын (1916-1963) актриса, әнші, Қазақ КСР-інің халық әртісі ҚОЙШЫБАЕВА Рахия Рысбайқызы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Сахнадағы өнер жолын Қарағандының Жұмысшы жастар театрынан (қазіргі облыстық қазақ драма театры) бастап, 1938 жылы Қазақ драма театрының құрамына қабылданған. Алғашқы рөлін А.Тоқмағанбетовтің «Әзірет сұлтан» қойылымындағы күтуші кемпірден бастап, Зере (М.Әуезов «Түнгі сарын», «Шекарада», «Абай»), Мақпал, Дәмелі (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты»), Меңсұлу (Ш.Құсайынов «Алдар Көсе»), Зейнеп (С.Мұқанов «Шоқан Уәлиханов») сияқты күрделі бейнелерді сахнаға шығарды. Классикалық драматургиядан Н.Гогольдің «Ревизорында» Анна Андреевнаның, А.Островскийдің «Шындық жақсы, ал бақыт одан да артық» және «Таланттылар мен табынушыларында» Мавра Тарасовна мен Долина Пантелеевнаның, Ж.Мольердің «Скапеннің айласы» мен «Сараңында» Зарбинетта мен Фрозинаның, т.б. рөлдерін сомдады. 1940 жылдан бастап «Райхан», «Абай әні», «Алтын мүйіз», «Махаббат дастаны», «Біздің сүйікті дәрігер», «Егер біздің бәріміз де» фильмдеріне түсті. Сонымен қатар актриса халық әндерін нақышына келтіре орындаушы ретінде де ерекше көзге түсті. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.

87 жыл бұрын (1928-1995) қазақстанның Халық суретшісі, кескіндемеші, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ШАЯХМЕТОВ Камил Махмұтұлы дүниеге келді.

Көкшетау қаласында туған. Алматы көркемсурет училищесін, И.Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген. Қылқалам шебері тарихи тақырыпқа арналған «Тоқаш Бокиннің байларды тәрбиелеуі», «Елден хат», «Жер туралы әңгіме» атты картиналар, «Шопандар тойы», «Басқарма», «Балықшы Сәуле», «Туған ауылда», «Біздің ұжымшарда», «Ұрпақ», «Егіншілер», «Даладағы ақ қала», «Ғани Мұратбаев», «Композитор Л.Хамиди», «Халық суретшісі А.Ғалымбаева», «Композитор М.Төлебаевтың портреті» т.б. портреттік топтамалар мен кескіндемелік полотнолар салған. Шаяхметовтың кескіндемелік еңбектері нәзік лирикалық әуезділікке, шырайлы символикалық бояуға толы болуымен, бейнеленетін адам мінезінің қоршаған ортамен әдемі үйлесімділікте ұштасуымен ерекшеленеді. Ол Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтында (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) кафедра меңгерушісі болып, педагогикалық қызметпен де шұғылданды. «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

84 жыл бұрын (1931-1994) актриса, Қазақстанның халық әртісі ИІСОВА Тұратай дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын бітірген. 1956 жылдан өмірінің соңына дейін Семей қаласындағы Абай атындағы Қазақ музыкалы драма театрында актриса болып қызмет атқарған. Оның театр сахнада жасаған бейнелері ірі де сан қырлы. Солардың ішінде: М.Әуезовтың «Қара Қыпшақ Қобыландысында» - Қарлыға, «Еңлік - Кебегінде» - Еңлік, «Абайда» - Әйгерім, Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқтысында» - Ақтоқты, «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында» - Мақпал, Ш.Айтматовтың «Жәмиләсында» - Жәмилә, «Ана-Жер анасында» - Әлиман, Б.Майлиннің «Шұғасында» - Күлзипа, А.Штейннің «Толасында» - Тата Нерадова, Д.Исабековтің «Әпкесінде» - Әпке, т.б. көптеген, классикалық, трагедиялық, комедиялық, психологиялық, драмалық бейнелер бар.

79 жыл бұрын (1936-2007) жазушы, аудармашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы әдеби сыйлығының лауреаты МҰРАТБЕКОВ Сайын дүниеге келді.

Алматы облысының Қапал ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген. 1977-1984 жылдары - «Жұлдыз» журналының, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, редакторы. 1984-1991 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, көркем әдебиетті насихаттау бөлімінің директоры, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, басқарма хатшысы, «Жазушы» баспасының директоры. 1992-1996 жылдары - «Халық конгресі» газетінің бас редакторы. 1989 жылдан «Невада - Семей» қозғалысы басшыларының бірі. Жазушының алғашқы әңгімесі 1954 жылы жарық көрді. Оның халықтың соғыстан кейінгі тұрмысы мен қазақ ауылының, замандастарының тыныс-тіршілігін шынайы сомдаған «Ауыл оты», «Көкорай», «Дос іздеп жүрмін», «Өліара» «Басында Үшқараның», т.б. шығармалары ұлттық бояуының қанықтығымен танылды. Әсіресе «Жусан иісі», «Жабайы алма» сынды әңгіме-повестері - қазақ әдебиетінің көркемдік көкжиегін кеңейткен шығармалар. Мұратбековтің туындылары бойынша «Тел өскен ұл», «Ұлтуған» кинофильмдері мен 9 қысқа метражды фильм түсірілген. Ол Ә.Әлімжанов, О.Сүлейменов шығармаларын, тәжік классигі С.Айнидің «Вобкенттік Шүкірбек», орыс жазушысы Ю.Казаковтың «Қыру - шыру», украин жазушысы О.Гончардың «Қас-қаққандай бақыт үшін», Африка жазушысы Алекс Ла Гуманың «Тас ғалам» атты туындыларын, сондай-ақ жүзден астам көркемсуретті фильмді қазақ тіліне тәржімаласа, өзінің де шығармалары 30-дан астам шет ел тілдеріне аударылған.

Құрмет белгісі орденімен, медальдармен марапатталған. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

76 жыл бұрын (1939) әдебиет зерттеушісі, профессор, жазушы ҚАЛИҰЛЫ Әуелхан дүниеге келді.

Қытайдың Шыңжаң-Алтай аймағы Буырылшын ауданында туған. Шыңжаң педагогикалық институтын бітірген. 1959-1978 жылдары Шыңжаң педагогикалық институтында, 1978-1995 жылдары Шыңжаң университетінде сабақ берді. 1995 жылдан Шыңжаң оқу-ағарту институтының ректоры қызметін атқарған. Оның қазақ тілі мен әдебиеті мәселелерін зерттеуге арналған «Жазушылықтың негіздері», «Қазіргі қазақ тілінің стилистикасы», «Қазақ ауыз әдебиетіне шолу» атты монографиялары және «Әдебиетіміз туралы кейбір ойлар», «Биіктеген там» әңгімелер мен эсселер жинағы, «Ауырлықты жер көтереді» пьесалар жинағы жарық көрген. «Қазақтың байырғы тұрмыс-салты жырлары» деген кітабы ағылшын тілінде жарияланды.

76 жыл бұрын (1939-1996) актер, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ОМАРОВ Жақып дүниеге келген.

Ақмола облысы Мәдениет ауылында туған. Қазақ академиялық драма театрының студиясын, Алматы өнер институтын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. Қарағанды облыстық драма театрының актері, Қазақ академиялық театрының режиссері қызметтерін атқарған. Жамбыл облыстық драма театрының, Қарағанды облыстық драма театрының, Шымкент облыстық драма театрының бас режиссері. 1990 жылдан өмірінің соңына дейін Астана қаласындағы музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі болды. Ж.Омаров сол кездегі Кеңестер Одағына кеңінен танымал классиктердің туындыларын ғана емес, әлемдік классика шығармаларын да сахналап, лайықты бағасын алған. 1972 жылы Қарағанды облыстық драма театрында Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» спектаклін қойса, 1978 жылы әйгілі Уильям Шекспирдің «Макбет» спектаклі үшін Бүкілодақтық байқауда 1-інші дәрежелі дипломмен марапатталды. Шымкент облыстық драма театрында 1981 жылы қойған Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» қойылымы үшін 1983 жылы КСРО Мәдениет министрлігінің дипломын иеленді, 1982 жылы сахналаған Әлжаппар Әбішевтің «Мәдиі» де қалың өнерсүйер қауым жүрегінен жол тапты. Ал, 1996 жылы Астана театрында қойылған Шахмет Құсайыновтың «Алдар көсе» спектаклі Уфа қаласында өткен «Туғанлық» фестивалінің жүлдесін жеңіп алды.

73 жыл бұрын (1942-2015) танымал балалар хирургы, медицина ғылымдарының докторы, профессор ДҮЙСЕКЕЕВ Амангелді Дүйсекейұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысындағы Жаңа Қазалы кентінде дүниеге келген.

Алматы мемлекеттік медициналық институтының педиатриялық факультетін бітірген (1965), педиатр дәрігер.

Медицина ғылымдарының кандидаты (1975), докторы (1995). Докторлық диссертациясының тақырыбы: «Хирургиялық шағын стационарлар». 27 ғылыми еңбектің авторы.

1965 жылдан - Алматы облыстық балалар емханасының дәрігері, бөлімше меңгерушісі. 1968 жылдан - Алматы қаласының №11 балалар емханасының хирург дәрігері, бас дәрігердің орынбасары. 1974 жылдан - бас дәрігердің орынбасары, 1981 жылдан - Алматы қаласындағы №2 балалар емханасының бас дәрігері. 1985 жылдан - Алматы қалалық Денсаулық сақтау Басқармасының бастығы. 1991 жылдан - Республикалық балалар ауруханасының бас дәрігері. 1992 жылдан - ҚР денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары. 1997 жылдан - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмектермен қамсыздандыру департаментінің бастығы. 1997 жылдың желтоқсан айынан - Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 2004 жылдан - ҚР Парламентінің 3 шақырылған Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени дамыту жөніндегі Комитеттің мүшесі. 2007 жылдың тамыз айынан бастап - Алматы мемлекеттік дәрігерлерді жетілдіру институтының ректоры болған.

2009 жылдан бері - С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің дипломнан кейінгі білім беру және аймақаралық ынтымақтастық проректоры.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» (2006) медальдарымен наградталған. КСРО денсаулық сақтау үздігі. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

72 жыл бұрын (1943) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ЖАНАТ Ахмади дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасының Қорғас ауданында туған. Құлжа қаласындағы мал дәрігерлік техникумын бітірген. 1962-1972 жылдары Қапал ауданындағы ұжымшарларда мал дәрігері болды. 1972-1986 жылдары Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы «Келінтөбе» кеңшарында әр түрлі жұмыстар атқарды. 1986-1996 жылдары Орталық мемлекеттік мұрағатта кіші, аға ғылыми қызметкер болды. Оның «Дүрбелең», «Шырғалаң» тарихи дилогиясы, «Жүрек қартайса, ажал аңду салады», «Зар-зарауха», «Өмір өткелі» атты кітаптары жарық көрген.

66 жыл бұрын (1949) сәулетші-ғалым, философия ғылымдарының докторы, Сәулетшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының құрметті сәулетшісі АХМЕТЖАНОВ Абай Қапанұлы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік политехникалық институтын (Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университет) бітірген. Целиноград (Ақмола) инженерлік-құрылыс институты архитектура кафедрасының оқытушысы болған. Институтта студенттердің жобалау-конструкторлық бюросының бастығы болған. Қазір Алматы облысы Талғар ауданының бас сәулетшісі. 1997 жылы Еуропа университетінде сәулетші мамандығы бойынша докторлық дәрежесін алған. 1998 жылы Табиғат және қоғам жөніндегі Халықаралық ғылыми академияның толық мүшелігіне сайланды (Мәскеу бөлімшесі), Табиғат және қоғам жөніндегі Халықаралық ғылыми академияның «Ғылым мен өнер серісі» атағына ие болды, орденмен марапатталды. 2005 жылы Табиғат тану ғылыми Еуропа Академиясының құрметті докторы атағын алды. 2005 жылдан Ганновер қаласындағы Табиғат тану ғылыми Еуропа Академиясының толық мүшесі, осы Академияның «Золотой Коронованный Орел» орденімен марапатталған. «Қазақстан Конституциясының 10-жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.

56 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы МЕЛДЕШОВ Бақыт Сәрсенбайұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысы Киров ауданының Мақталы ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1985-1986 жылдары - Алматы темір жолы басқармасы заң бөлімінің юрисконсульты. 1986-1989 жылдары - Қазақ ССР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының аға консультанты. 1989-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі хаттар және азаматтарды қабылдау бөлімінің консультанты, қабылдау бөлмесінің меңгерушісі. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыру-заң бөлімінің аға консультанты, Парламент Сенаты аппараты заң шығару бөлімінің консультанты. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің заң шығару және сот жүйесі жөніндегі бөлімінің аға сарапшысы. 1997-1998 жылдары - «Қазақтелеком» ААҚ-ы Басқармасы шарт-талдау бөлімінің бастығы. 1998-2001 жылдары - «Қазақтелеком» ААҚ-ы Басқармасы шарт-талдау бөлімінің меңгерушісі. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Заң бөлімінің меңгерушісі. 2003-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан.

48 жыл бұрын (1967) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі МҰСАЙБЕКОВ Сәкен Жүнісбекұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.

Әр жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының көмекшісі, ҚР мемлекеттік кіріс министрінің кеңесшісі, ҚР Қаржы министрлігі әкімшілік департаментінің директоры, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің «Қазақавтожол» РМК бас директорының орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі аппаратының басшысы, ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі қызметтерін атқарған.

2005 жылдан бастап - ҚР Қаржы министрлігі аппаратының басшысы. 2006 жылдан бастап - ҚР Үкімет басшысының штаттан тыс кеңесшісі. 2008 жылдың наурыз айынан бастап - «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ-ның басқарушы директоры. 2008 жылдың қараша айынан бастап - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ аппаратының басшысы.

2012 жылдан бері - «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» қауымдастық формасындағы заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры болып жұмыс істеген.

269 жыл бұрын (1746-1784) орыс саяхатшысы және географы РЫЧКОВ Николай Петрович дүниеге келді. Ол жеке жүріп те, экспедиция құрамында болып та Орынбор, Жайық бойларымен Оңтүстік Орал мен Қазақстанға саяхат жасаған. 1771 жылы Жоңғарияға қашқан қалмақтарды қайтару үшін Орскіден аттанған әскери отрядтың құрамына еніп, жолшыбай табиғи-географиялық және этнографияық мәліметтер жинауға тапсырма алады. Осы сапарының негізінде «Н.Рычковтың 1771 жылы қырғыз-қайсақ даласына сапары кезіндегі күнделігі» атты еңбегі жарық көрді. Онда қазақтардың әскери өнері мен қару-жарақтарына көп көңіл аударған. Сонымен қатар қазақ жүздері, халық саны мен этнографиялық аймағы, әдет-ғұрпы, шығу тегі жөніндегі аңыз-әңгімелер де бар.

201 жыл бұрын (1814-1841) орыс ақыны, прозашы, драматург, суретші, офицер ЛЕРМОНТОВ Михаил Юрьевич дүниеге келді. 171 жыл бұрын (1844-1900) неміс философы, ақын НИЦШЕ Фридрих Вильгельм дүниеге келді.

101 жыл бұрын (1914-2007) Ауғанстан королі МОХАММАД Захир-шах дүниеге келді.

74 жыл бұрын (1931) Үндістанның 2002-2007 жылдардағы президенті Абдул КАЛАМ дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар