15 қазан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 15 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Бүкіләлемдік қол жуу күні
Біріккен Ұлттар Ұйымы, соның ішінде БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) 15 қазанды Бүкіләлемдік қол жуу күні деп жариялады. Қолды сабынмен жуу – жыл сайын 3,5 млн баланың өмірін қиятын түрлі аурулардың алдын алудағы ең тиімді және үнемді амалдың бірі. Бүкіләлемдік қол жуу күні санитарлық тазалық пен гигиеналық дағдыларға шақырады.
Дүниежүзілік сүт безі қатерлі ісігімен күрес күні
Жыл сайын Europa Donna сүт бездерінің қатерлі ісігіне қарсы Еуропа коалициясының – Еуропаның 47 елінің мүшелерін біріктіретін тәуелсіз коммерциялық емес ұйымның бастамасымен аталып өтеді.
Бүкіләлемдік ауыл әйелдері күні
Осы күнді атап өту идеясы 1995 жылы Бейжіңде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының 4-әйелдер конференциясында ұсынылды және сол жылдан бастап аталып өтеді. Ауыл әйелдері жер шары тұрғындарының 25 пайыздан астамын алады және азық-түлік өнімдерін өндіруде, сондай-ақ ауылдық жерлердің дамуына, тұрақтылығына көп септігін тигізеді. Дегенмен, олардың өмірлік маңызы зор білім, шағын несие сияқты қызмет түрлерін алуға мүмкіндіктері аз. Әлемде 500 миллион ауыл әйелі кедейлік шегінде өмір сүреді.
Бүкіләлемдік ақ таяқ күні
Жыл сайын аталып өтетін мереке. Бастапқыда АҚШ-та ғана, одан кейін әлемнің басқа елдерінде де мерекелене бастады. Зағип және көзі нашар көретін адамдар ақ түсті таяқ таянады. Таяқты ақ түске бояу идеясын 1921 жылы Бристольдегі фотограф Джеймс Биггс ұсынған. 1930 жылдары әлемнің түрлі елдерінде зағип жандар үшін ақ түсті таяқтарды енгізу бойынша қозғалыс басталды, себебі мұндай таяқтарды көшедегі адамдар мен жүргізушілер байқап отырады және қауіпсіздікті күшейтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1961 жылы Целиноград қаласында (Астана) Тың игерушілер сарайының құрылысы басталды. Латвия сәулетшілері О. Крауклис, Д. Даннеберг, П. Фогель жобасымен салынған оның құрылысы 1963 жылы аяқталған. Тың игерушілер сарайы 2 355 орынға есептелген. Көлемі және жабдықтар жүйесі жағынан сол кезде КСРО-да Кремльдің съездер сарайынан кейін екінші орында тұрды. Тың игерушілер сарайы 1990 жылдардың соңындағы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін 1999 жылдан бастап Конгресс-холл аталды. 2016 жылдан бастап «Астана» концерт залы болып атауы өзгертілді.
1999 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында қазақ батырлары Қарасай мен Ағыбайға мемориалдық кешен орнатылды.
1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов атындағы ауылда Мұхаммед Қайдар Дулатиға ескерткіш орнатылды.
2005 жылы ҚР Ұлттық банкі БҰҰ-ның 60 жылдығына орай 100 теңгелік мерекелік ақшаны айналымға шығарды. Ол Қазақстан теңге сарайында жасалған. 100 теңгелік мерекелік күміс ақшаның диаметрі – 24,5 мм, қалыңдығы – 1,9 мм. Ал салмағы – 6,45 грамм. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына 1992 жылы 2 наурызда 46-сессияда мүше болып қабылданған болатын. Біріккен Ұлттар Ұйымы күні жыл сайын 24 қазанда ресми түрде аталып өтеді.
2008 жылы Жамбыл облысында әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет йодпен байытылған дәндер алынды. «Кордай нан» ЖШС Тараз мемлекеттік университетінің тамақ өнеркәсібі мамандарымен бірге байытылған дәннің отызға жуық түрін шығарды.
2009 жылы Парижде ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 35-сесиясында Қазақстан ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесі, Коммуникацияны дамытудың Халықаралық бағдарламасының Үкіметаралық кеңесі, «Адам және Биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесі, Халықаралық үкіметтік емес ұйымдар жөніндегі комитет, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері бойынша Комитет бюросының құрамына 4 жылға сайланды.
2012 жылы Қатар астанасы Дохада Дүниежүзілік пошта одағының (ДПО) XXV Конгресінің аясында «Қазпошта» АҚ-ға сапаны басқару үшін «В» деңгейлі сертификат табысталды. Сапаны басқарудың «күміс» деңгейі ДПО-ның қазақстандық пошта операторының өткізіп отырған реформаларының тиімділігін мойындау болып табылады. Шараның жұмысына әлемнің 192 елінен 1500 өкіл қатысты.
2014 жылы Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық мұражай-қорығының көрме залында Дінмұхамед Қонаев мұражайының «Ер жігіттің қаруы» бірегей көрмесі ашылды. Экспозицияда Д. Қонаевқа әлемнің белгілі мемлекет қайраткерлері сыйлаған кездіктер, қанжарлар, қылыштар, аң аулайтын карабиндер, мылтықтар таныстырылды. Әр жылдары басқа елдердің басшылары, әріптестері мен достары сыйға тартқан қарулардың сирек кездесетін түрлері де болды. Олардың арасында Фидель Кастроның, Леонид Брежневтің, Иосип Броз Титоның, Эрих Хонеккердің сыйлықтары да қамтылған. Тіпті, 1982 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаев қайраткерге сыйға тартқан қару да бар. Көрмеге қарудан басқа Д. Қонаевтың ата-анасы мен отбасының фотосуреттері қойылды.
2014 жылы Бутанда өткен Дүниежүзілік таэквондо федерациясының (WTF) кезектен тыс жиналысында Арман Чилманов президент – доктор Чунг Вон Чоның қолынан аталған ұйымның атқарушы комитетінің мүшесі сертификатын алды.
2015 жылы қазақстандық Аделия Амраева Владислав Крапивин атындағы балаларға арналған әдебиет беделді сыйлығының лауреаты атанды. Оның «Өмір сүргім келеді» кітабында балалар суициді проблемасы қозғалған.
2016 жылы Нью-Йоркте «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) делегациясының АҚШ-қа сапары аясында АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Nasdaq, Inc президенті Адена Фридман өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
2019 жылы «Мұзбалақ» анимациялық фильмі 7-13 қазан аралығында Германияның Хемниц қаласында өткен XXIV Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған Schlingel кинофестивалінде Германияның анимациялық фильмдер институты (DIAF) тағайындаған «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталды. Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениеті туралы сыр шертетін «Мұзбалақ» анимациялық фильмі бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайды. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген. Режиссерлері – Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы.
2020 жылы Семейде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың балалары – Ақылбай және Төреғұлмен бейнеленген «Ұлы ақын Абай балаларымен» атты ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты. Мемлекет басшысы шараның қатысушыларын Абайдың мерейтойымен құттықтап, ақын есімін құрметтеу – жалпы парызымыз екенін атап өтті. Ашылу салтанатынан кейін Президент Абайдың «Жидебай-Бөрлі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды мұражай-қорығына барды. Абай мұражайы 1940 жылы Абайдың 95 жылдығы құрметіне ашылған. Бұл – Қазақстан тарихындағы алғашқы әдеби-мемориалды мұражай.
2021 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары әртүрлі терең жаралар мен күйіктерді емдеуге арналған инновациялық құрал жасап шығарды. X-Graft биологиялық жабыны заманауи тіндік инженерия технологияларын қолдана отырып, коллаген және эластин талшықтарынан жасалған. Таңу материалы кең, терең және ұзақ емделмейтін жараларды емдеуге арналған, сонымен қатар трофикалық жараларды уақытша жабу үшін қолданылады. Дәрілік қасиеттері бойынша биологиялық жабын шетелдік аналогтерден кем түспейді және жоғары беріктікке, серпімділікке және сіңіруге ие.
2021 жылы Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 76-сессиясы барысында Қазақстан Республикасы 2022-2024 жылдарға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің (АҚК) мүшесі болып сайланды. Еліміздің дүниежүзілік ұйымның негізгі құқық қорғау органына сайлануы оның адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды ілгерілету үдерісінің белсенді және жауапты қатысушысы ретіндегі рөлін мойындау болып табылады.
2023 жылы Розенбергте (АҚШ, Техас) WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен IBF белбеуінің иегері неміс боксшысы, «Босс» лақап аты бар Винченцо Гуальтиери арасындағы жекпе-жек қазақстандықтың жеңісімен аяқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлын WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағы үшін неміс боксшысы Винченцо Гуальтиеримен өткен жекпе-жегіндегі жарқын жеңісімен құттықтады.