02:31, 07 Мамыр 2013 | GMT +5
15 мамырда елордада кеме жүзуі маусымы ашылады
АСТАНА. 7 мамыр. ҚазАқпарат - Астанада Есіл өзенінде кеме жүзуі маусымының ашылуы 15 мамырға жоспарланған. Ашылу салтанаты үрмелі оркестрдің концертімен сүйемелденеді, деп хабарлайды қала әкімдігінен.

Елорда тұрғындары мен қала қонақтары қайықпен немесе кемемен серуендеп, салқын судың лебімен демалып қана қоймай, Астананың сәулетімен де кеңінен танысуына болады.
astana.kz сайтының жазуынша, бүгінгі күні кеме серуенінің бағдары Есіл өзенінде 9,4 шақырымға жетті. «Есіл-Астана» МКҚК флотында бүгінгі күні сегіз кеме бар. Олардың ішінде 60, 30, 32 және 45 адам сиятын 5 жолаушылар кемесі бар. Және сүйрейтін кеме мен құтқару қайығы алынған.
Қазіргі сәтте елордада үш жағажай айлағы жұмыс істейді. Кәсіпорынның мәліметі бойынша, бір реттік жүру тарифі, ересектер үшін 700 теңге, 7 жас пен 16 жас аралығындағы балалар үшін 350 теңге көлемінде белгіленген.