15 маусым. Жылнама

оқиға
Фото: ҚазАқпарат

АСТАНА. KAZINFORM - Kazinform оқырман назарына 15 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік жел күні

Бұл айрықша мереке Еуропа жел энергетикасы қауымдастығының және Дүниежүзілік жел энергиясы жөніндегі кеңестің бастамасымен белгіленген. Мақсаты – жұртшылық назарын жел энергетикасының зор әлеуетіне аудару. Алғаш рет Еуропада 2007 жылы атап өтті. 2009 жылы бүкіләлемдік мәртебеге ие болды.

Дүниежүзілік қарт адамдарға қатысты зорлық-зомбылық туралы ақпарат тарату күні

Көптеген елдерде қарт адамдарға қатысты әртүрлі құқық бұзушылықтар бар, сондықтан мұндай бұзушылықтарды жою мәселесіне бүкіл халықаралық қоғамдастықтың назар аударғаны жөн. Осыған байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2011 жылы қарт адамдарға қатысты зорлық-зомбылық туралы ақпарат таратуға арналған дүниежүзілік күнді белгіледі және осы күні барлық БҰҰ-ға мүше елдерді егде жастағы адамдар туралы ақпараттар арттыруға бағытталған іс-шараларды өткізуге шақырды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1993 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Үндістан Республикасында Қазақстан Елшілігі ашылды.

1993 жылы мүгедектерге мемлекеттің қолдауын көрсету, олардың мәселелеріне назар аударту мақсатында, сонымен қатар БҰҰ Бас ассамблеясының ұсыныстарын ескере отырып Қазақстан Республикасындағы Мүгедектер күні бекітілді. Ол қазанның екіншісі жексенбісінде атап өтіледі.

1996 жылы Абай шығармаларының жинағы Иранда парсы тілінде басылып шықты.

1996 жылы ҚР Президентінің Өкімімен Архив туралы Ереже бекітілді. ҚР Президентінің архиві – ҚР Президенті және оның Әкімшілігінің мұрағаттық қызметін қамтамасыз ету саласында республикалық мемлекеттік орган қызметін атқаратын мемлекеттік мекеме. Архивті ҚР Президенті Әкімшілігі басқарады.

2001 жылы «Шанхай бестігіне» Өзбекстан қосылды, нәтижесінде Қазақстан, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбекстан басшыларының «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» құрылды.

2011 жылы Алматыдағы М.Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және зоонозды жұқпалар ғылыми орталығының аумағында Орталық Азия елдерінде теңдесі жоқ Орталық референц-зертханасының 4 қабатты ғимаратының құрылысы басталды.

2011 жылы Брюссельде Қазақстан достарының Еуропалық клубының ашылу салтанаты өтті. Оған ҚР Парламентінің депутаттары, Еуропарламент және Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының мүшелері, Еурокомиссияның, ЕО-тың басқа институттарының ресми тұлғалары, Бельгия Парламентінің депутаттары қатысты. Олар клубтың құрылуы қазақстан-еуропалық ынтымақтастықтың маңызды кезеңі екенін және екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

2012 жылы Алматы қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетінде Біріккен Ұлттар Ұйымының орталығы ашылды. Орталық ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі, еліміздің БҰҰ-дағы бірінші тұрақты өкілі, профессор Ақмарал Арыстанбекованың бастамасымен Қазақстанның БҰҰ-ға кіруінің 20 жылдығына орай және ҚР-дағы БҰҰ мен ҚазҰУ арасындағы Академиялық ықпал ету туралы меморандумға қол қойылғанына орай ашылды.

2012 жылы Астанаға ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болғанын растайтын сертификат табысталды.

2013 жылы Талдықорған қаласының көрікті жерлерінің бірінде ССРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқан Төлебаевтың құрметіне ескерткіш ашылды.

2017 жылы Қазақстан Республикасының Халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясына қосылу рәсімі өтті. Нидерланды Корольдігінің Сыртқы істер министрлігінде ҚР Елшісі Мағжан Ілиясов Қазақстанға Гаага Конференциясының жарғысын қабылдау туралы хабарлап, қосылу туралы құжатты салтанатты түрде ұсынды.

2018 жылы Римде Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында алғаш рет «Қазақ хандығы – Алмас қылыш», «Жұлдыздар осылай пайда болды» және «16 қыз» сынды қазақстандық фильмдердің көрсетілімі ұсынылды. Итальян тілінде көрсетілген фильмдер римдіктер мен қала қонақтарының қазақ тарихына деген үлкен қызығушылығын тудырды. Оған қаланың тарихи орталығында орналасқан Casa del Cinema кинотеатрына лық толған көрермен дәлел болды.

2021 жылы Қазақстанда «Kazakhstan Project Management Awards 2021» ұлттық конкурсы басталды, оның негізгі мақсаты - өз қызметінде жобалық менеджмент әдістері мен құралдарын белсенді енгізетін және қолданатын мемлекеттік органдарды, ұйымдарды қолдау, мемлекеттік қызметшілерді көшбасшылық пен жаңа құзыреттерді дамытуға ынталандыру.

2021 жылы «Беларусь мемлекеттік музыка академиясында домбыра күні» халықаралық жобасы аясында Беларусь музыканттары алғаш рет қазақ ұлттық музыкасын халқымыздың мәдени аспабымен орындады.

2021 жылы Алания қаласында (Түркия) қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай атындағы саябақ ашылды. Алания саябағында орнатылған ақын ескерткішінің авторы – Нұрлан Ахметов.

2022 жылы Мемлекет басшысы қазақ әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесі үшін Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді.

2023 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге 70 жасқа толуына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды дамытуға, сондай-ақ Қытайдың халықаралық аренадағы жоғары беделін ілгерілетуге қосқан жеке үлесін жоғары бағалады. Қазақстан басшысы ҚХР көшбасшысының Қытай халқының әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған бастамалары мен ауқымды реформаларының сәтті жүзеге асуын тіледі.

2023 жылы Алматыда ұлы әртіс Юрий Померанцев мүсінінің салтанатты ашылуы өтті. Енді М.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының кіреберісінде «құрметті дәрігердің» қоладан құйылған мүсіні қарсы алуда. Театр жанындағы мүсіннің ашылу салтанатына Ю.Померанцев шығармашылығының жүздеген жанкүйерлері қатысты.

Соңғы жаңалықтар