15 мемлекеттік қызметкер жұмысынан қуылды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Тәртіптік кеңесте қаралған 30 іс бойынша 15 мемлекеттік қызметкер қызметінен босатылды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы, тәртіптік кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев мәлім етті.
Департамент басшысының айтуынша, 2 қызметкерге сөгіс беріліп, бір адамға ескерту жасалған. Сондай-ақ үш қызметкерге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылған. Бір адам қызметінен төмендетілген. Бүгінгі күні нақты 22 адам осындай әртүрлі жауапкершілікке тартылған.
Бір айта кетерлігі, олардың 16-ы сыбайлас жемқорлық сипатында тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Барлығы дерлік басшы лауазымдағы қызметкерлер екенін айта кеткен жөн. Жауапкершілікке тартылғандардың арасында қала әкімінің орынбасары М. Тілеуімбетов ескерту алса, Сырдария ауданы әкімінің орынбасары С. Нұртазаев қызметінен босатылған. Сондай-ақ, Сырдария ауданы «Шіркейлі» ауылдық округінің әкімі Ғ. Биқожа, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Р. Сұлтангереев қызметтерімен қош айтысқан.