15 наурыз – Қайырымдылық күні: Астаналық волонтерлер бауырсақ пен ыстық шәй таратты
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Наурызнама аясында қала тұрғындары мен қонақтарына бауырсақ, ыстық шәй мен шоколадтар таратылды.

«Бүгін астаналық волонтерлер қала тұрғындары мен қонақтарына бауырсақ, ыстық шәй, шоколад таратып жатыр. Олар адам көп жүретін, жиналатын орындарды аралайды. Мақсат – адамдарды бір-біріне қамқор, мейірімді болуға шақыру. Осы секілді іс-шаралар бізде жиі өткізіліп тұрады. Кейде еріктілер өздері бастама көтеріп, бізге жүгінеді. Жастар көп жағдайда ұсыныстар жасап, белсенділік танытады», - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы еріктілер қозғалысын дамыту бөлімінің маманы Айзат Абибуллақызы.

Маманның айтуынша, әсіресе 14 пен 22 жас аралығындағы волонтерлер қоғамдық жұмысқа белсенді араласады.
«Олар - мектеп оқушылары және студенттер. Мәселен, бүгінгі іс-шараға 20 шақты волонтер қатысып отыр. Жалпы, біздің волонтерлер бірнеше бағыт бойынша қайырымдылық акцияларымен айналысады. Одан бөлек, еріктілер елордада өтетін мәдени және спорттық іс-шараларға белсене қатысады. Егер кәмелет жасына толмаған жасөспірім волонтер болғысы келсе, алдымен міндетті түрде ата-анасының рұқсатын аламыз», - дейді ол.

Акция қатысушыларының бірі - 9-сынып оқушысы Рауан Қодаров, оның волонтер болғанына 4-5 ай ғана болған. Жас еріктінің айтуынша, волонтер болу - жаңа достар тауып, жалпы тәжірибе жинауға мол мүмкіндік.
«Бүгін қайырымдылық күні. Осы орайда біз көше аралап, адамдарға бауырсақ, ыстық шәй және шоколад таратайық деп шештік. Бұл дәстүр бізде жыл сайын ұйымдастырылады. Қайырымды болуды насихаттау мақсатында коммуналдық қызмет жұмысшыларына да бауырсақ беріледі, мысалы қар тазалаушылар жылынып алсын деп ыстық шәй таратамыз. Волонтер болуға өзім қызығушылық таныттым, «Астана жастары» ұйымының әлеуметтік желісі арқылы біліп, жазылдым. Біздің мақсат – әртүрлі қайырымдылық іс-шаралар мен акцияларға қатысу, ұйымдастыру жұмысына көмектесу. Атап айтсам, қарттарға үй ауласын қардан тазартуға көмектесеміз, сондай-ақ дүкен мен дәріханадан қажетті заттарын әкеліп береміз. Сонымен қатар мұқтаж жандарға азық-түлік себетін таратуға атсалысамыз», - дейді ол.

Айта кетсек, бүгінде Астанадағы жастар орталығында 6 мыңнан астам волонтер бар.
«Қайырымдылық қорлары мен волонтерлік ұйымдар түрлі бағыттағы іс-шараларды ұйымдастырады. Бастысы - мұқтаж жандарға көмектесу, қол ұшын созу. Сонымен қатар волонтерлер қозғалысының қызметі – адамзатқа қатысты проблемаларға қоғамның назарын аудару, мысалы қоршаған ортаға қамқор болып, таза ұстау, қарусыз иттер мен мысықтарды қорғау. Біз қайырымдылық акцияларын өткізу арқылы адамдарды мейірімді, бір-біріне қамқор болуға шақырамыз және волонтер болып жүрген жеткіншектер қайырымды болуды біліп өседі», - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы волонтерлер қозғалысын дамыту бөлімінің жетекшісі Эльвира Есімханова.
