15 наурызға дейін «Нұрлы жол» бағдарламасының инфрақұрылымдық жобаларына қанша жұмыс орны керектігі анықталады - Т.Дүйсенова
АСТАНА. ҚазАқпарт - 15 наурызға дейін «Нұрлы жол» бағдарламасының инфрақұрылымдық жобаларына қанша жұмыс орны керектігі анықталады.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
«Біз қазір барлық мемлекеттік органдармен, жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қандай инфрақұрылымдық жобалар іске асыру керек және бұл жобаларда қанша жұмыс орындарын ашу керек, деген мәселелерді анықтаудамыз. 15 наурызға дейін бұл жұмысты бітіруіміз керек. Одан кейін осы жұмыс орындарына біздің жұмыспен қамту орталықтары арқылы азаматтарды тарту мәселесін қарастырып жатырмыз», - деді министр.
Оның атап өтуінше, құрылған жұмыс орындарына жұмыссыз жастар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және аз қамтылған азаматтар жіберілетін болады.
«Сонымен қатар біз қазіргі уақытта мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобаларды анықтаудамыз. Бұған қоса, өңірлер шегінде құрылатын жұмыс орындары санын да нақтылаудамыз», - деді Т.Дүйсенова.