15 шілде. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 15 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Румыния арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

1999 жылы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, Алматы облысының Талғар қаласы аудандық маңыздағы қалалар санатына енгізілді. Әкімшілік орталығы — Талғар қаласы, ол облыс орталығы Талдықорған қаласынан 274 км, Алматы қаласынан 25 км қашықта жатыр.

1999 жылы Третьяков галереясында (Мәскеу) қазақстандық суретші, Сальвадор Дали атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Ерболат Төлепбайдың жеке көрмесі өтті.

Ерболат Төлепбай — Мәскеудің мемлекеттік Третьяков галереясында өзінің жеке көрмесін өткізген тұңғыш қазақстандық суретші. Ол сурет өнеріндегі ерекше жетістігі үшін Сальвадор Дали атындағы халықаралық альянс сыйлығын (Мадрид — Прага, 2002 ж.), EUROUNION жоғары марапатын (Брюссель, 2001 ж.) иеленген. Оның еңбегі сюрреализм ғұламасы Сальвадора Далидың 100 жылдығына арналған бірлескен жұмыстар аясында Францияның Парижінде қойылған.

2009 жылы Қазақстанда халықаралық Еуро-2 техникалық және экологиялық стандарты енгізілді.

2010 жылы Павлодар ауданы Григорьевка ауылының музейі жаңа экспонатпен толықты. Балықшылар Ертіс өзенінен ежелде өмір сүрген мамонттың бір метрден асатын азу тісін тауып алды. Қазақстандағы үздік мектеп музейі деп танылған музейде Қазақ даласын мекендеген ежелгі жануарлардың сүйектері бар. Осыдан елу жылдай бұрын Ертіс өзені осы ауылдың жанынан ағып өтетін тұсындағы арнасын өзгерткен болатын. Содан бері археологтар осы маңнан ежелгі жануарлардың сүйектерін тауып жүр.

2010 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Шелл Казахстан Девелопмент Б.В.» компаниясы Солтүстік-Каспий жобасы аясында акционерлер келісіміне қол қойды. Оған сәйкес, «ҚМГ» «Шелл» компаниясымен теңдей шарттар негізінде NC Production Operations Company B.V. (NCPOC) компаниясына кірді.

2014 жылы Арқалық педагогикалық институтының профессоры Әбілхан Үмбетов физика саласындағы өнертабыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін Ресей табиғаттану академиясының Нобель алтын медалін алды. Медаль «Лазерлі өлшеу құралы» ғылыми-зерттеу жұмысына берілді.

2018 жылы Физика-математика бағытындағы НЗМ оқушысы Нұрдәулет Таумергенов «Yakutsk International Science Fair» атты оқушылар арасында өткен Халықаралық ғылыми-конференция байқауында гран-при жеңіп алды. Оқушы ыммен жеткізілген сөздерді GloveSpeaker қолғабы арқылы ауызекі сөйлеу тіліне аударуға арналған жобаны таныстырды. Оның ойлап тапқан туындысы мылқау адамдармен қиындықсыз түсінісуге мүмкіндік береді. Сингапур ұлттық университетінің профессоры, Халықаралық зияткерлік ойындардың бағдарламалық комитеті төрағасы Леон Чуан Квек және «Майтона» компаниясының президенті Александра Баишева жеңімпазға 5 мың АҚШ долларының арнайы сертификатын табыс етті.

2018 жылы Калатура қаласында (Шри-Ланка) 7-17 жастағы мектеп оқушылары арасында шахматтан 14-ші Азия чемпионаты өтті. Оған әлемнің 16 елінен 400-ден астам жас дарын иелері қатысты. Онда тоғыз жасар атыраулық Зарина Нұрғалиева рапид және блиц бойынша алтын медаль иеленді.

2019 жылы қазақстандық әнші Әділхан Макин Витебскте өткен «Славян базары-2019» эстрада әндерін орындаушылардың XXVIII Халықаралық байқауында Гран-приге ие болды. Қазақ әншісі екі күннің қорытындысы бойынша 178 бал жинады.

2021 жылы Чехияда пара жеңіл атлетикадан халықаралық ашық турнир аяқталды. Қазақстанның атынан ядро лақтыру, ұзындыққа секіру, найза және диск лақтыру, жүгіру қашықтықтары тәртіптері бойынша 9 спортшы қатысып, 18 медаль жеңіп алды. Қазақстандық паралимпиадашылар турнирден 18 медаль иеленді. Ұлттық құраманың қоржынында 5 алтын, 6 күміс, 7 қола медаль бар.

2022 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет еліміздің төрт төрешісі «Үлкен дулыға» турниріне қазылық етті. Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Меруерт Каукеева (Талдықорған), Юлия Игнатченко (Алматы), Борис Кравчук (Қостанай) және Владлена Саменкова (Ақтөбе) Уимблдон жарысында төрелік жасап, деңгейлерінің жоғары екендігін көрсете білді.

2023 жылы Алматыда Қазақ көз аурулары ҒЗИ мен Дацин көз ауруханасы бірлескен ғылыми зерттеу жобаларын жүргізуге мүмкіндік беретін Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Меморандумның мақсаты — білім беру және ғылыми-зерттеу қызметіндегі стратегиялық әріптестікті дамыту.

Соңғы жаңалықтар