15 тамызда Таяу Шығыста болған оқиғаларға шолу
АСТАНА. KAZINFORM – Қатар астанасында халықаралық бітімгерлер арқылы Израиль мен палестиналық ХАМАС тобы арасында уағдаластыққа келу жөнінде келіссөз басталды. Палестина президенті Махмуд Аббас Түркия парламентінде сөз сөйледі, ал Ақ үй Иранның Израильге шабуылы ешқандай ескертусіз болуы мүмкін екенін айтты. 15 тамыз күні болған осы және басқа да оқиғаларды көпшілік назарына ұсынамыз.
Америкалық Axios басылымы АҚШ-тағы екі дереккөзге сілтеме жасап хабарлағандай, Республикалық партиядан президенттікке үміткер Дональд Трамп сәрсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесіп, Газа секторындағы атысты тоқтату келісімін талқылады. Кейінірек Нетаньяху кеңсесі осындай пікіралмасу болғанын жоққа шығарды.
Наблус қаласына жақын маңдағы Балата лагеріне Израильдің ұшқышсыз басқарылатын ұшағы жасаған соққыдан екі палестиналық қаза тауып, төртеуі жараланды. ЦАХАЛ-дың хабарлауынша, әскерилер осы аймақта лаңкестікке қарсы операция жүргізген.
The New York Times газеті АҚШ Орталық қолбасшылығының бұрынғы басшысы генерал Джозеф Л.Вотелдің пікірін жариялаған. Әскери маманның айтуынша, Израиль Газа секторында ХАМАС-қа қарсы әскери тұрғыда қолынан келгеннің бәрін жасап үлгерді. Сондықтан палестиналық топ ауқымды іс-қимылын жүзеге асыра алмайтын жағдайда.

Израиль әскері соңғы тәулікте Газа секторында ХАМАС-тың 30-дан астам нысанына әуеден соққы жасалғанын хабарлады. ЦАХАЛ-дың мәлімдеуінше, бір аптада саперлер ХАМАС тобының 50-ден астам жерасты жолын жойды.
«Хезболла» Израильдің солтүстігіне қарай 25-тен астам зымыран мен ұшқышсыз басқарылатын ұшақ бағыттаған. Бұл зымырандардан зардап шеккендердің болмағаны хабарланды. Олардың көбісін Израильдің қорғаныс күші жойған.

Қатар астанасы Дохада АҚШ, Қатар және Мысырдың атсалысуы арқылы Газа секторында атысты тоқтатуға және кепілге алынғандарды босатуға бағытталған келіссөздер басталды. Оған Израиль «Моссад» басшысы Дэвид Барнеа, ШАБАК қауіпсіздік қызметінің басшысы Ронен Бар және армия өкілі Ницан Алон сияқты қызметкерлер енген делегацияны жіберді.
Келіссөздерге АҚШ Орталық барлау басқармасының директоры Уильям Бернс, Мысыр барлау қызметінің басшысы Аббас Камел және Қатар премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани қатысып жатыр. ХАМАС өкілдері келіссөздерге қосылмады. Дегенмен, бітімгерлер осы кездесуден кейін ХАМАС-тың Дохадағы келіссөз тобымен кеңесуді жоспарлап отыр.
Атысты тоқтату жөніндегі осы келіссөздер қайта басталғаннан кейін, кепілге алынған адамдардың отбасылары мен олардың жақтастары Тель-Авивте митинг өткізіп, үкіметті Газа секторында тұтқында отырғандарды босату туралы келісімге келуге шақырды.
Палестина президенті Махмуд Түркияға сапармен барып, Түркия парламентінің арнайы отырысында сөз сөйледі. Аббас өз өміріне қауіп төнсе де, Газа секторына баруға ниетті екенін мәлімдеді.
«Мен Палестина басшылығындағы басқа да адамдармен бірге Газаға баруды шештім. Тіпті, бұл сапар менің өміріме қауіп төндірсе де, Газаға сапарламақпын. Біздің өміріміз сондағы балалардың өмірінен артық емес», - деді Аббас.
Израильдің «Эль-Аль» ұлттық әуе компаниясы 2024 жылдың екінші тоқсанында рекордтық табыс алғанын хабарлады. Өйткені бірнеше халықаралық компания Газада жалғасып жатқан соғыс пен аймақтық шиеленістің күшеюі салдарынан Израильге рейстерін тоқтатты.
«Эль-Аль» компаниясының хабарлауынша, бірінші тоқсанда 80,5 млн доллар табыс болса, екіншісінде 147,4 млн доллар пайда тапты. Сонымен қатар, әуе компаниясы өзінің ескірген ұшақтарын ауыстыру үшін Boeing-пен «737 MAX» үлгісіндегі 31 ұшақты жеткізу туралы келісім жасады.

Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігі Газа секторында соғыс басталғаннан бері қаза тапқан палестиналықтардың саны 40 мыңнан асқанын хабарлады.
Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби АҚШ Иранның Израильге қарсы шабуыл жасауы мүмкіндігі жайында немесе оның қашан басталатыны туралы білмейтінін, бірақ бұл шабуыл ешқандай ескертусіз болуы мүмкін екендігі жөнінде ақпарат бар екенін айтты.

ЦАХАЛ өкілі Даниэль Хагари кейінгі күндері Израиль әскері «Хезболла» мен Иран жағынан болуы мүмкін шабуылға байланысты дайындығын арттырғанын айтты.
Бейсенбі күні кешке бетперде киген 50 шақты израильдік қоныстанушы Палестинаның Джит елді мекененіне басып кіріп, 4 үй мен 6 көлікті өртеп жіберді. Тәртіпсіздік салдарынан 20 жастағы палестиналық жігіт көз жұмды.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен президент Исаак Герцог осы қоныстанушылар жасаған тәртіпсіздіктерді айыптап, кінәлілер жауапқа тартылады деп уәде берді.
Израильдің ішкі істер министрі Моше Арбель құқық қорғау органдарын сотқарлық жасаған қоныс аударушыларға қарсы шара қолдануға шақырды.
כ-50 ישראלים רעולי פנים נכנסו לכפר ג'ית והחלו להצית רכבים@Doron_Kadosh @hod_barel pic.twitter.com/EB0uPKSzjS
— גלצ (@GLZRadio) August 15, 2024