15 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 15 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

15 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

15 тамыз, СЕЙСЕНБІ

Үндістан Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1947)

Үндістан - Оңтүстік Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Қытай, Непалмен, солтүстік-батысында Пәкістан, Ауғанстанмен, солтүстік-шығысында Бангладешпен, шығысында Бутан, Мьянмамен шектеседі. Мемлекет құрамына Араб теңізіндегі Лаккадив, Аминдив, Бенгаль шығанағындағы Андаман, Никобар аралдары да кіреді. Халқының саны жағынан әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында. Астанасы - Нью-Дели қаласы. Ресми тілі - хинди, ағылшын тілдері, сондай-ақ әр түрлі штаттарында мемлекеттік тіл дәрежесінде қолданылатын 10-нан астам тіл бар. Жалпы Үндістанда 1600-дан астам тіл мен диалекті бар. Үндістан - 25 штаттан және 7 одақтас аумақтан тұратын Федеративті Республика. Әр штатының және кейбір одақтас аумағының министр басқаратын үкіметі және заң шығару жиналысы бар. Үндістанның мемлекет басшысы - Премьер-Министр. Ақша бірлігі - рупий.

Қазақстан Республикасы мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 23 ақпанда орнатылды.

Корея Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика жарияланған күні (1948)

Корея - Шығыс Азиядағы Корей түбегінде орналасқан мемлекет. Қытаймен және Ресеймен шектеседі. Әкімшілік жағынан 9 провинциядан және тікелей орталыққа бағынатын 6 қаладан тұрады. Астанасы - Сеул қаласы. Ресми тілі - корей тілі. Ақша бірлігі - вон. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ұлттық жиналыс.

Қазақстан Республикасы мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 28 қаңтарда орнатылды.

Конго Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960)

Конго - Орталық Африкада орналасқан мемлекет. Оңтүстігінде Анголамен, шығысында Конго Демократиялық Республикасымен, солтүстігінде Камерун, Орталық Африка Республикасымен, батысында Габонмен, оңтүстік-батысы Атлант мұхитымен шектеседі. Әкімшілік жағынан 10 облысқа және Браззавиль автономиялық коммунасына бөлінеді. Астанасы - Браззавиль қаласы. Ресми тілі - француз тілі, сонымен қатар банту тілі мен Конго өзенінің орта ағысы аумағындағы этносаралық сөйлесу тілі лингала кеңінен тараған. Ақша бірлігі - Африка қаржы қауымдастығы франкі. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы екі палаталы парламент - Сенат және Ұлттық жиналыс.

Поляк Халық армиясы күні

1920 жылы тамыз айында Қызыл Армияның Батыс майданы мен Поляк Армиясы арасында Варшава шайқасы болды. Шайқас тамыздың 13-нен 16-ына дейін созылды.

Нидерландыда Ұлттық еске алу күні (жыл сайынғы үлкен шеру)
Бұл күн Тынық мұхитында Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталуына орай атап өтіледі. Жыл сайын Амстердамның оңтүстік бөлігіндегі Мартин Лютер Кинг саябағында карнавалдар мен қойылымдардың үлкен шеруі өтеді. Саябаққа кіру кешкі сағат 18.00-ге дейін тегін, одан кейін ақылы. Сонымен қатар саябақта пародия думаны өтеді.

Археолог күні

Археология - тарих ғылымының көне дәуір мен орта ғасырдағы адамзат қоғамы дамуының заңдылықтары мен негізгі кезеңдерін зерттейтін саласы. Археология термині жыл санауға дейінгі 4 ғасырда көне заманды зерттейтін салаға қатысты қолданыла бастағанымен, археологиялық ғылыми зерттеулер Еуропада Қайта өрлеу дәуірінде ғана жүргізілген.

Коста-Рикада аналар күні.

Орталық Американың бұл елінде жыл сайын аталып өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

73 жыл бұрын (1944) Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты ашылды. Шалғай аудандардағы ауылдың қыз балаларын жоғары білім алуға тарту, оларды рухани биік, парасатты, білікті мамандар етіп тәрбиелеу арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатымен ашылған институттың бұл кезеңі ел тарихының елеулі, қиын да сұрапыл соғыс кезімен тұспа-тұс келді. Институттың алғашқы ректоры болып Тұрсын Мырзабекова тағайындалды.

56 жыл бұрын (1961) Қазақстан картасында жаңа екі қала Шахтинск және Абай қалалары пайда болды.

Абай қаласы - Қарағанды облысындағы Абай ауданының орталығы. Қала іргетасы 1949 жылы Қарағанды көмір алабының батыс телімдерінің игерілуіне байланысты Шерубайнұра кенті ретінде қаланған. Қалада 5 шахта, «Шығыс» көмір байыту фабрикасы, темір-құйматас бұйымдары зауыты, құрылыс материалдары және құралымдар комбинаты, тігін фабрикасы, нан зауыты, тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты жұмыс істейді. Сондай-ақ онда Тау-кен техникумы, 13 мектеп, 8 аурухана, 2 музыка, 1 спорт мектебі, 2 оқушылар үйі, мәдениет үйі, кинотеатр, кітапхана, стадион, жүзу бассейні бар.
Шахтинск қаласы Шерубайнұра және Тентек өзендері аралығында Қарағандыдан 50 шақырым жерде орналасқан. Іргесі 1949 жылы Тентек кокстелетін көмір кен орнының игерілуіне байланысты қаланған. Қаланың әкімшілік қарамағына Шахан және Новодолинка поселкесі, Солтүстік-батыс елді мекені кіреді. Аталмыш өңірдің тас көмір қоры 4,5 миллиард тоннаны құрайды. Қалада технологиялық колледж, кәсіптік-техникалық мектеп, 10-нан астам орта дәрежелі білім беретін оқу орындары, көркемөнер, музыка, спорт мектептері жұмыс жасайды.

25 жыл бұрын (1992) әдебиетші, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың тұрған үйіне орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу құрметіне орай Алматы қаласы жұршылығының жиыны өтті.

Сағат Әшімбаев (1947-1991) Қазақстан Республикасының саясат қайраткері, әдеби сыншы, тележурналист, жазушы.

Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1969 жылы «Жас Алаш» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің әдеби қызметкерлігінен бастаған. «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Жас Алаш» газеті редакторының орынбасары, «Жалын» баспасында қызмет істеген, ҚазТВ «Парыз пен Карыз» бағдарламасының жүргізушісі, Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған.

«Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік» атты кітаптардың авторы. Алматы қаласының көшелерінің біріне оның есімі берілген. 1993 жылы Алматы облысының Райымбек ауданындағы Сағат Әшімбаев атындағы мектептің алдына оның мүсін-ескерткіші орнатылды.

21 жыл бұрын (1996) Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында қазақтың ұлы ақыны, философы, ағартушы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш ашылды.

10 жыл бұрын (2007) Павлодар облысы Қашыр ауылында алғаш рет ауылдық Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) ашылды.

5 жыл бұрын (2012) ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қостанайдағы жұмыс сапары кезінде «АгромашХолдинг» АҚ мен «СарыАрқа Автопром» ЖШС-не барды.

Мұнда Елбасы қуаттылығы жылына 25 мың машина болатын жаңа өндіріс алаңының құрылыс жоспарларымен танысты. ҚР Президентіне Қостанай зауытында құрастырылатын автомобиль модельдері көрсетілді.

Н.Назарбаевты атап айтқанда шенеуніктерге арналған автомобильдер қызықтырды. Зауыттың басшылығы бұл машинаны өндірістің мақтанышы ретінде сипаттады.

5 жыл бұрын (2012) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында І.Омаров атындағы облыстық Қазақ драма театрында болды

Қазақстан Президенті еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы табыстар өнерге жаппай қызығушылық туғызатынына тоқталды, сондай-ақ қазақстандық мәдениеттің жоғары деңгейін атап өтті.

Қазақстан Президенті еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы табыстар өнерге жаппай қызығушылық туғызатынына тоқталды, сондай-ақ қазақстандық мәдениеттің жоғары деңгейін атап өтті.

Драма театрының жаңа ғимаратында қажетті бөлмелер қарастырылған: грим жасайтын 10 бөлме, дайындық жасайтын зал және өзге де техникалық бөлмелер бар. Кәсіби дыбыстық, жарық жабдықтары, ілеспе аударма аппараттары және сахнаға бейнебақылау орнатылған. Сондай-ақ жаттығу залы мен қысқы бақ бар.

Театрдың құрылысы 2010 жылғы қыркүйекте басталып, биыл қаңтарда аяқталған. Онда 276 орындық үлкен зал және 50 орындық кіші зал бар.

103 жыл бұрын (1914) Солтүстік және Оңтүстік Америка арасында қазылған Панама арнасы ресми түрде ашылды.

ЕСІМДЕР

92 жыл бұрын (1925-1990) режиссер ҚОСЫБАЕВ Мұрат Жолдыбайұлы дүниеге келді.

Орал қаласында туған. Алматыдағы киноактерлер мектебін, Ташкент театр институтын бітірген.

Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, Қарағанды облыстық драма театрында бас режиссер қызметтерін атқарған.
Ол аталмыш театр сахналарында «Есірткен ерке» (Ш.Құсайынов), «Әпенде» (Н.Хикмет), «Ыбырай Алтынсарин» (М.Ақынжанов), «Бүліншілік» (Д.А.Фурмановтың романы бойынша), «Үйлену» (Н.В.Гоголь), «Қара қыпшақ Қобыланды» (М.Әуезов), «Беу, қыздар-ай!» (Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітов), «Құдағи келіпті» (Қ.Мұхамеджанов), «Ақан сері - Ақтоты» (Ғ.Мүсірепов), т.б. спектакльдерді сахналады.

89 жыл бұрын (1928-1994) ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері ҚАЙЫРБЕКОВ Ғафу дүниеге келді.
Қостанай облысының Торғай қаласында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Қазақ мемлекеттік баспасы поэзия редакциясының басшысы, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Жазушы» баспасы поэзия редакциясының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1968-1973 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының жетекшісі. 1973-1989 жылдары - «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары. Қазақстан Жазушылар одағы Ақындар қауымдастығының президенті болған. Ақынның «Құрдастар», «Дала қоңырауы», «Жер астындағы жұлдыздар», «Қанатты жылдар», «Беласар», «Жұлдызды тағдырлар», «Елтінжал», «Ақ желкен», «Үш қиян», «Балықшы Иван», «Қосбасар», «Таулар сөйлейді», «Арал әуендері», «Балқурай», «Күн баласы», «Большевик ауылы», «Алтын бесік», «Көсемнің нұрлы атымен», «Дала саздары», «Торғай толқыны», «Асу алда», «Желқайық», «Бір кеменің үстінде», «Маңғыстау маңғаздары», «Күнтеңескен» поэмалар, повестер, өлеңдер, очерктер, көптеген әндердің өлеңдері мен 40-тан аса кітаптың авторы. Көркем аударма саласында Рудакидің, Байронның, Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың, Шевченконың, Мақтымқұлының, Толстойдың, Куприннің, Короленконың, Буниннің, Есениннің, Ғамзатовтың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.

«Халықтар достығы» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

87 жыл бұрын (1930-1992) композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның қазіргі әнұранының авторы ҚАЛДАЯҚОВ Шәмші дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумын, Ташкенттегі музыка училищесін, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.

1950 жылдан бастап шығармашылық қызметпен айналысқан. Ол ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер ретінде танылды. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. Оның азаматтық лирикаға тұнған, республикамыздың кең байтақ жерін жырға қосатын «Ақ ерке - Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен», т.б. туындыларын жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады. Композитордың марш екпінді, жігерлі, шаттықпен шырқалатын «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сияқты әндері халық арасына кеңінен тарады.
1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.

Шымкент қаласында облыстық филармония, бір көше, Алматы қаласында бір көше, композитор туған өлке - Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі - Қалдаяқов есімімен аталады. Шымкент филармониясының алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылған 1991 жылы ол жайлы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (режиссері Т.Ахметов) деген деректі телефильм түсіріліп, «Шәмшіғұмыр» естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.

79 жыл бұрын (1938) актриса, Қазақстанның халық әртісі ТАСЫБЕКОВА Торғын дүниеге келді.

Алматы облысының Іле ауданында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Қазақ драма театрында Марсела (Лопе де Вега «Шөп қорыған ит»), Айбала (Ә.Тәжібаев «Той болады»), Жансұлу (Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітов «Беу, қыздар-ай»), Баян (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Құртқа (М.Әуезов «Қобыланды») рөлдерін ойнаған. Радио-телеқойылымдарға, кинофильмдерге қатысқан. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Ән қанатында» атты көркем фильмде ойнаған Сәбира бейнесі отандық киноөнердің алтын қорындағы актерлік шеберліктің айшықты үлгісі ретінде бағаланған.

62 жыл бұрын (1955) ҚР Жоғарғы сотының судьясы НҰРАЛИН Дәулен Дәулетұлы дүниеге келді.

Көкшетау облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеен. 1972-1973 жылдары - Алматы қаласы Ленин ауданының нотариалдық кеңсесінің хатшысы, 1973-1978 жылдары - Көкшетау қаласы прокуратурасында тағлымдамадан өтуші. 1979-1981 жылдары - Көкшетау қаласы прокуратурасының аға тергеушісі. 1981-1990 жылдары - Көкшетау облыстық сотының мүшесі. 1990-1997 жылдары - Көкшетау облыстық соты төрағасының орынбасары. 1997 жылғы қаңтар-1997 жылғы мамыр айларында - Көкшетау облыстық сотының қылмыстық істер бойынша алқасының төрағасы. 1997-1999 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы. Қазіргі қызметінде - 1999 жылдан бері.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен; ҚР Соттар одағының «Үш би» құрмет белгісімен марапатталған.

61 жыл бұрын (1956) «Фитохимия» Халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің» басқарма төрағасы ӘДЕКЕНОВ Серғазы Мыңжасарұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ кентінде туған.

1978 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін «химия» мамандығы бойынша бітірген.
1978-1983 жылдары - Қазақ КСР ҒА Химия-металлургия институтының аға лаборанты, инженері, кіші ғылыми қызметкері; 1983-1995 жылдары - ҚР ҰҒА органикалық синтез және көмір химиясы Институтының табиғи құрамдар лабораториясының аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі; 1995-2006 жылдары - институт директоры; 2006-2009 жылдары - «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ Президенті (2009 жылы «Фитохимия» Халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» болып өзгертілген); 2009 жылдан осы уақытқа дейін - «Фитохимия» Халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің» басқарма төрағасы.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «10 жыл Астана», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев атындағы алтын, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен, «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» (2014), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015) мерекелік медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен (1981) марапатталған, Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.


54 жыл
бұрын (1963-2000) халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, Әлем чемпионы, КСРО чемпионы ШАЙХИЕВ Асқар Тастайұлы дүниеге келді.


40 жыл
бұрын (1967) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (VI шақырылым), аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі БАРЛЫБАЕВ Ерлан Хайланұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған.

1990 жылы Алматы халық шаруашылығы институты, мамандығы - «Тексеру және бақылау»

2011-2014 жылдары - Ресей Федерациясы Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы академиясы, біліктілігі - іскерлік әкімшілік докторы (Doctor of Business Administration (DBA)

Жұмыс тәжірибесі: 1990 - 1992 жылдары - Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі сумен жабдықтау жұмыс басқармасы бас бухгалтердің орынбасары, 1992 - 2002 жылдары - «БАЕР» компаниясының президенті, 2002 - 2008 жылдары - «СҮТ» АҚ (Павлодар қаласы) басқарма төрағасы, 2008 - 2016 жылдары - «Мал өнімдері» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, 2009 - 2010 жылдары - «ГорЭлектроСеть» АҚ (Екібастүз қаласы) басқарма төрағасының экономика және қаржы бойынша орынбасары, 2010 -2016 жылдары - «ГорЭлектроСеть» АҚ (Екібастұз қаласы) Директорлар кеңесінің төрағасы, 2010 -2011 жылдары - "Атамекен" ҚҰЭП басқарма төрағасының халықаралық мәселелер бойынша орынбасары, 2011 ж. - «Ак жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары (экономикалық саясат және кәсіпкерлікті қолдау), 2016 жылғы наурыздан - VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

2013 жылы "Құрмет" орденімен наградталған.

248 жыл бұрын (1769-1821) ұлы француз императоры НАПОЛЕОН I (Бонапарт) дүниеге келді.

16 жасында артиллерия кіші лейтенанты шенінде әскери қызметін бастады. 1799 жылы мемлекеттік төңкеріс жасап, бірте-бірте билікті өз қолына алып, 5 жылдан кейін император болды. Ол көптеген жорықтар ұйымдастырып, империя аумағын мейлінше ұлғайтты. Алайда 1812 жылғы Ресеймен соғысы оның «Ұлы армиясын» күйретіп қана қойған жоқ, сонымен бірге Еуропада Наполеон езгісіне қарсы ұлт-азаттық күрестің басталуына ұйытқы болды. 1814 жылы наурызда Парижге енген одақтастар әскері оны орнынан түсуіне мәжбүр етті. Ол 1815 жылы Эльба аралынан Францияға қайта оралып, екінші рет «жүз күн» билік құрды. 1815 жылы 2 маусымда Ватерлоо түбінде Ресей, Англия, Германия әскерлерінен жеңіліп, 6 жылдан кейін Қасиетті Елена аралында қайтыс болды.