15 жасар Александр Тен - триатлоннан Азия чемпионы

Алматыдағы триатлон федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Александр Тен «суперспринт» (400 м жүзу, 10 км веложарыс және 2,5 км жүгіру) қашықтығындағы аса күрделі біріншілікте «алтын» медаль жеңіп алған. Almaty Triathlon Federation тәрбиеленушісі жүзу бағдарламасын көш басында аяқтады. Сосын велоқашықтықта Гонконг және Оңтүстік Кореядан келген атлеттермен бірге қара үзіп, басқалардан оқ бойы озып кетті. Ал соңғы жүгіру сатысында 15 жасар чемпион оңтүстіккореялық қарсыласынан жеңісті жұлып алды.
Триатлоннан Азия чемпионаты аяқталды. Кенджуда Қазақстанның туы екі рет желбіреді. Біздің құраманың қанжығасында екі алтын, екі қола медаль бар. Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан ресми емес жалпыкомандалық медаль есебінде екінші орында тұр.