15 жасар қазақстандық ауыр атлет әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Надежда Ли Мексиканың Леон қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Sports.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, 15 жасар Надежда Ли 64 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Қазақстандық спортшы қоссайыс қорытындысында 190 килограмм жинады (85+105).
Алтын жүлде 211 килограмды (94+117) бағындырған колумбиялық Ингрид Сегура Груэсоның қанжығасында кетті.
Венесуэлалық Каролина Сильва Фернандес 187 кг (84+103) нәтижемен үздік үштікке ілікті.
Мексикадағы әлемдік дода 18 маусымға дейін жалғасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ауыр атлет Ерасыл Сәулебековтің жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық ауыр атлеттер әлем чемпионатында тағы екі алтын медаль жеңіп алды.