15 жасар оқушы «Шахмат керуені» турнирінің финалына жолдама алды
Екі ай ішінде еліміздің барлық аймағын аралап шығатын «Шахмат керуені» Республика күнінде Батыс Қазақстан облысындағы үздіктерді анықтады, деп хабарлайды Kazinform.
Тұңғыш Президент алаңында ұйымдастырылған мерекелік шара кезінде Қазақстан шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылып, оның төрағалығына Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов тағайындалды.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген БҚО әкімі Нариман Төреғалиев елімізде 900-ге жуық адам шахматтан халықаралық рейтингке ие болса, оның 15-і гроссмейстер атағын алғанын жеткізді.

«Облысымызда 9 мыңға жуық адам тұрақты түрде шахматпен айналысады. 500-ге жуық бала шахмат секцияларына қатысса, оларға бағыт беретін 20 білікті жаттықтырушы бар. Жыл сайын шахматтан аудандық, облыстық турнирлер ұйымдастырылады. Бүгінде интеллектуалды ойынға үлкен қызығушылық танытып, шахмат секцияларына жазылғысы келетін балалардың саны артып келеді», – деді өңір басшысы.
Мерекелік іс-шарадан соң мобильді киіз үйде швейцарлық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұратын блицтен турнир болды. Онда облыстық іріктеуден өткен 20 адам өзара бақ сынасып, үш жеңімпаз 10 қарашада Түркістанда болатын гранд-финалға жолдама алды.
1-орын – Төрехан Молбай (100 мың теңге);
2-орын – Дмитрий Данилов (50 мың теңге);
3-орын – Мирас Рушанов (30 мың теңге).
«Фридом Финанс» АҚ-ның Оралдағы филиалының директоры Бауыржан Мұхамбетов финалистердің жолақысы мен сыйақылары компания атынан қаржыланатынын айтты.

«Шахматты 4 жасымда әкемнен үйрендім. 8 жылдан бері тұрақты айналысып келемін. Бүгін турнирде облыстың 20 мықтысымен ойнап, І орын иелендім. Өзімнің жеткен жетістігіме қуанып тұрмын», – деді 15 жасар Төрехан Молбай.
Сондай-ақ турнирге қатысқан Айша Тұрсынова «Қыздар арасындағы үздік көрсеткіш», Бексұлтан Ғұбашев «16 жасқа дейінгі үздік ойыншы» және Тайыр Жұмабаев «50 жастан асқан ардагер қатысушы» аталымдары бойынша марапатталып, әрқайсысына 30 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Марапаттаудан кейін алдын ала тіркелген 10 әуесқой ойыншы шахмат олимпиадаларының жеңімпазы, Қазақстан чемпионы Роман Козловпен бір мезеттік ойын сеансына қатысты.

Айта кетейік, «Шахмат керуені» – Қазақстан шахмат федерациясының өңірлердегі интеллектуалды спорт түрін дамыту үшін қолға алған жобасы.
Ұлттың зияткер ұрпағын қалыптастыруды мақсат еткен жобаға Freedom Broker компаниясы бас демеушілік жасап отыр. 10 қарашада әр облыстың үздік 60 ойыншысы қатысатын гранд-финалдың жеңімпазы 5 млн теңгені өз қанжығасына байлайды.
Ал керуеннің жалпы жүлде қоры – 16 млн теңге.
