15 жастағы қарағандылық полиатлоннан әлем чемпионы болды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 11-15 сәуір аралығында Беларусьтің Могилев қаласында полиатлоннан барлық жас санаттары арасында жабық кешендегі әлем чемпионаты өтті. Бұл туралы Қарағанды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жарысқа Беларусь, Ресей, Қазақстан, Үндістан, Уганда, Гана, Кения, Эстония және Нигериядан 200-ден астам спортшы қатысты.
Алғашқы күні пневматикалық винтовкадан оқ ату, екінші күні жүзу (еркін әдіспен 50 метрден 100 метрге дейін), үшінші күні 60 метрге спринттік жарыс, төртінші күні алысқа жүгіру (1000 метрден 2000 метрге дейін) спортынан жарыстар болды.
Қарағанды облысынан бір спортшы - Глеб Соболев барды. Ол 14-15 жастағылар санатында бірінші орынды жеңіп алды. Болашағынан үміт күттірген дарын иесін Широкова Галина Викторовна жаттықтырады.
Жалпы, осы турнирде жақсы өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы командалық есепте екінші орынды иеленді.