15 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 15 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

73 жыл бұрын (1950) ҚР мемлекет және саяси қайраткері Ахметжан Смағұлұлы ЕСІМОВ дүниеге келді.

Алматы облысы Қаскелең ауданында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Ресей Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген.

Еңбек жолы: 1990-1992 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік агроөнеркәсіптік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1992-1994 жылдары Алматы облысы әкімшілігінің басшысы, 1994-1996 жылдары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, 1996-1998 жылдары ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Инвестиция жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болды. 1998-2001 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, Бенилюкс елдеріндегі (Бельгия Корольдігі, Нидерланд Корольдігі және Люксембург Ұлы Герцогтігі) ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі, 2001-2002 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, 2002-2004 жылдары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, 2004-2006 жылдары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2006-2008 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, 2008-2015 жылдары Алматы қаласының әкімі болды. 2015 жылдың тамызынан «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Экономика ғылымдарының докторы, «Құрмет белгісі», «Парасат», «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», «Сіңірген еңбегі үшін» кавалерлік крест ордендерімен, медальдармен марапатталған.

72 жыл бұрын (1951) Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы ТҰРЫСБЕКОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ химия-технологиялық институтын және Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

Еңбек жолы: 1973-1977 жылдары Қазақ химия-технология институтының оқытушысы – комсомол ұйымының хатшысы, 1977-1979 жылдары Қазақстан ЛКЖО Шымкент облыстық комитетінің «Спутник» халықаралық жастар туризмі бюросының төрағасы, 1979-1980 жылдары Қазақстан ЛКЖО Түлкібас аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек етті. 1980-1990 жылдары Қазақстан КП Түлкібас аудандық комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1990-1991 жылдары Түлкібас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1991-1992 жылдары халық депутаттары Түлкібас аудандық кеңесінің төрағасы, 1992 жылдан Түлкібас ауданы әкімшілігінің әкімі, 1992-1993 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігі әкімінің орынбасары, 1993 жылға мамырдан – бірінші орынбасары, 1993 жылғы желтоқсаннан әкімі болды. 1995-1997 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, 1997-1999 жылдары ҚР Көші-қон және демография агенттігінің төрағасы, 1999-2000 жылдары Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі, 2000-2003 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы қызметтерін атқарды. 2003-2005 жылдары ҚР ішкі істер министрі, 2005-2007 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, 2007-2009 жылдары ҚР-ның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі, 2009-2012 жылдары ҚР-ның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі боп еңбек етті. 2012-2015 жылдары ҚР-ның Украинадағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ҚР-ның Молдова Республикасындағы төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарған, 2015-2017 жылдары «Нұр Отан» партиясының хатшысы болды.

Қазіргі қызметін 2017 жылдың маусым айынан атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен, 4 медальмен марапатталған.

68 жыл бұрын (1955) ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, «Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының Республикалық Қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Николай Владимирович РАДОСТОВЕЦ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1976 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.

Еңбек жолын экономист, кіші ғылыми қызметкер, хатшы ғалым, топ жетекшісі, докторант, Қазақстан Ғылым академиясындағы Экономика институты секторының меңгерушісі лауазымдарынан бастаған. 1999-2000 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып қызмет етті. Елдегі көптеген өнеркәсіп, тауар өндіруші, тау-кен металлургия саласындағы ұйымдар мен ассоциацияларға басшылық жасады. 2004-2005 жылдары «Қазақстанның тауар өндірушілері мен экспорттаушылары одағының» президенті болды. Геология саласы, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы, «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы төралқасының мүшесі (2015 жылдан бастап). 2019 жылғы қазаннан бастап Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткері, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшесі.

2005 жылы «Құрмет» орденімен марапатталып, Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатына ие болған.

65 жыл бұрын (1958) танымал сазгер, қоғам қайраткері және меценат, Еуразия мәдениет қорының президенті Ерұлан Мұсаханұлы ҚАНАПИЯНОВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген соң оқытушылық және қоғамдық жұмыстармен айналысқан.

1990 жылдың басынан кәсіпкерлікпен шұғылданып, «Жиһаз» ашық акционерлік қоғамының президенті, «Алтын-Тас» директоры болып жұмыс істеген. Н. Құлсариевпен бірлесіп, Арал экологиясы тақырыбына арналған «Тақыр» рок-опера-балетін құрған. 2001 жылы «Река времен» деп аталатын авторлық музыкалық альбомы жарық көрді. Альбомға эстрадалық оркестрде ойналатын 9 музыкалық пьесадан басқа «Арсенал» ансамблі орындайтын шығармалары енген. «Қазақстан – Аустралия» қауымдастығының және «Алтын Адам» қорының президенті, «Приз традиций» Халықаралық фестивалінің бас директоры қызметтерін қоса атқарып жүр.

55 жыл бұрын (1968) Теміртау қаласының әкімі Ораз Қайсаұлы ТАУРБЕКОВ дүниеге келді.

Ленин комсомолы атындағы су астында жүзетін жоғары әскери-теңіз училищесін «штурмандық корабльдер» мамандығы бойынша, ҚР Еңбек министрлігінің Қарағанды оқу орталығын (біліктілікті арттыру институты) «бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы, Ресей Федерациясы Үкіметінің Қаржы академиясын «қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Октябрь ауданы бойынша салық инспекциясы кәсіпкерлердің салық салу бөлімінің салық инспекторы болып бастаған. 1994-1997 жылдары Қарағанды облысына қарасты салық органдарында, 1997-1999 жылдары Қарағанды қаласы бойынша Салық комитеті төрағасының міндетін атқарушы қызметін атқарған. ҚР Көлік және туризм министрлігінің «Қазтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы, басқарма төрағасы болды. 1999-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінің Салық комитеті Қарағанды облысы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, 2001-2002 жылдары Салық комитетінің Павлодар облысы бойынша салық комитетінің төрағасы, Астана қаласының салық комитеті төрағасының міндетін атқарушы, төрағасы болды. «Қазақстан жолдары», «Отырар Коммерцстрой» ЖШС қаржы директоры, «Магистраль» АОЮЛ экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті, «Бүркіт» ФПК ЖШС атқарушы директоры, ТЭМК ЖШС бас директоры, КОСС ЖШС директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы, төрағасының орынбасары, Қарағанды облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі, Қарағанды облысы экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы, басшысы қызметтерін атқарды. 2019-2022 жылдары Балқаш қаласының әкімі болды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың қыркүйек айынан атқарып келеді.

46 жыл бұрын (1977) Астана қаласы №2 Байқоңыр ауданы сотының төрағасы Кемеңгер Болатұлы ИМАШЕВ дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. 1998 жылы ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, 2015 жылы Мәскеу қаласының Заманауи гуманитарлық академиясын, 2016 жылы - Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы Қарағанды қаласының ішкі істер органдарында бастаған. 1998-2000 жылдары Қарағанды қалалық ІІБ тергеуші, 2000-2001 жылдары Қарағанды қаласы прокуратурасы бөлім прокурорының м.а., 2001 жылы Қарағанды қаласы Совет ауданы прокуроры көмекшісінің м.а., Қарағанды қаласы Совет ауданы прокурорының көмекшісі, Теміртау қаласы прокурорының көмекшісі, 2001-2002 жылдары Теміртау қаласы прокурорының аға көмекшісі, 2002-2003 жылдары Қарағанды облыстық прокуратурасының азаматтық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры, 2003-2004 жылдары Қарағанды облыстық прокуратурасының азаматтық және әкімшілік істер бойынша атқарушылық іс-жүргізу заңдылығын қадағалау прокурорының көмекшісі, 2004-2005 жылдары Қарағанды облыстық прокуратурасының азаматтық және әкімшілік істер бойынша атқарушылық іс-жүргізу заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры, 2005-2013 жылдары Теміртау қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы, 2013-2018 жылдары Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы, 2018 жылы Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы қызметтерін атқарды.

Қазіргі қызметін 2018 жылдан атқарып келеді.

38 жыл бұрын (1985) Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры және президенті Берік Бақытжанұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Ақпараттық жүйелерді (2006), механика-математика факультеті Ақпараттық жүйелер кафедрасының аспирантурасын (2009) бітірген.

Еңбек жолы: 2006-2013 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ақпараттық жүйелер кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, 2011-2017 жылдары ҚазҰУ оқу процесі бөлімінің бастығы, оқу-әдістемелік басқармасының бастығы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі вице-президенті, 2017-2020 жылдары Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры болды.

Қазіргі қызметін 2020 жылдан атқарып келеді.

Соңғы жаңалықтар