15 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 15 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Туған күн
Фото: Kazinform

69 жыл бұрын (1955) ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, «Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының Республикалық Қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры, «Атамекен» ҚР ҰКП Геологиялық сала, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы Николай Владимирович РАДОСТОВЕЦ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1976 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.

Еңбек жолын экономист, кіші ғылыми қызметкер, хатшы ғалым, топ жетекшісі, докторант, Қазақстан Ғылым академиясындағы Экономика институты секторының меңгерушісі лауазымдарынан бастаған. 1999-2000 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып қызмет етті. Елдегі көптеген өнеркәсіп, тауар өндіруші, тау-кен металлургия саласындағы ұйымдар мен ассоциацияларға басшылық жасады. 2004-2005 жылдары «Қазақстанның тауар өндірушілері мен экспорттаушылары одағының» президенті болды. Геология саласы, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы, «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы төралқасының мүшесі (2015 жылдан бастап). 2019 жылғы қазаннан бастап Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткері, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшесі.

«Құрмет» (2005), «Парасат» (2013) ордендерімен, «Астана 20 жыл» (2018), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» (2018) мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

66 жыл бұрын (1958) танымал сазгер, қоғам қайраткері және меценат, Еуразия мәдениет қорының президенті Ерұлан Мұсаханұлы ҚАНАПИЯНОВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген соң оқытушылық және қоғамдық жұмыстармен айналысқан.

1990 жылдың басынан кәсіпкерлікпен шұғылданып, «Жиһаз» ААҚ президенті, «Алтын-Тас» директоры болып жұмыс істеген. Н.Құлсариевпен бірлесіп, Арал экологиясы тақырыбына арналған «Тақыр» рок-опера-балетін құрған. 2001 жылы «Река времен» деп аталатын авторлық музыкалық альбомы жарық көрді. Альбомға эстрадалық оркестрде ойналатын 9 музыкалық пьесадан басқа «Арсенал» ансамблі орындайтын шығармалары енген. «Қазақстан – Аустралия» қауымдастығының және «Алтын Адам» қорының президенті, «Приз традиций» Халықаралық фестивалінің бас директоры қызметтерін қоса атқарып жүр.

56 жыл бұрын (1968) Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Қайсаұлы ТАУРБЕКОВ дүниеге келді.

Ленин комсомолы атындағы су астында жүзетін жоғары әскери-теңіз училищесін «штурмандық корабльдер» мамандығы бойынша, ҚР Еңбек министрлігінің Қарағанды оқу орталығын (біліктілікті арттыру институты) «бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы, Ресей Федерациясы Үкіметінің Қаржы академиясын «қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Октябрь ауданы бойынша салық инспекциясы кәсіпкерлердің салық салу бөлімінің салық инспекторы болып бастаған. 1994-1997 жылдары Қарағанды облысына қарасты салық органдарында, 1997-1999 жылдары Қарағанды қаласы бойынша Салық комитеті төрағасының міндетін атқарушы қызметін атқарған. ҚР Көлік және туризм министрлігінің «Қазтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы, басқарма төрағасы болды.

1999-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінің Салық комитеті Қарағанды облысы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, 2001-2002 жылдары Салық комитетінің Павлодар облысы бойынша салық комитетінің төрағасы, Астана қаласының салық комитеті төрағасының міндетін атқарушы, төрағасы болды. «Қазақстан жолдары», «Отырар Коммерцстрой» ЖШС қаржы директоры, «Магистраль» АОЮЛ экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті, «Бүркіт» ФПК ЖШС атқарушы директоры, ТЭМК ЖШС бас директоры, КОСС ЖШС директорының орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы, төрағасының орынбасары, Қарағанды облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі, Қарағанды облысы экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы, басшысы қызметтерін атқарды. 2019-2022 жылдары Балқаш қаласының әкімі, 2022-2024 жылдары Теміртау қаласының әкімі болды.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың қыркүйек айынан атқарып келеді.

47 жыл бұрын (1977) Астана қаласы №2 Байқоңыр ауданы сотының төрағасы Кемеңгер Болатұлы ИМАШЕВ дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. 1998 жылы ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, 2015 жылы Мәскеу қаласының Заманауи гуманитарлық академиясын, 2016 жылы - Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы Қарағанды қаласының ішкі істер органдарында бастаған. 1998-2000 жылдары Қарағанды қалалық ІІБ тергеуші, 2000-2001 жылдары Қарағанды қаласы прокуратурасы бөлім прокурорының м.а., 2001 жылы Қарағанды қаласы Совет ауданы прокуроры көмекшісінің м.а., Қарағанды қаласы Совет ауданы прокурорының көмекшісі, Теміртау қаласы прокурорының көмекшісі, 2001-2002 жылдары Теміртау қаласы прокурорының аға көмекшісі, 2002-2003 жылдары Қарағанды облыстық прокуратурасының азаматтық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры болды.

2003-2004 жылдары Қарағанды облыстық прокуратурасының азаматтық және әкімшілік істер бойынша атқарушылық іс-жүргізу заңдылығын қадағалау прокурорының көмекшісі, 2004-2005 жылдары Қарағанды облыстық прокуратурасының азаматтық және әкімшілік істер бойынша атқарушылық іс-жүргізу заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры, 2005-2013 жылдары Теміртау қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы, 2013-2018 жылдары Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы, 2018 жылы Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы қызметтерін атқарды.

Қазіргі қызметін 2018 жылдан атқарып келеді.

42 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Жұмабайұлы ЫСҚАҚОВ дүниеге келді.

Шымкент қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2005 жылы Мемлекеттік жастар саясатын дамыту қорының жетекші маманы ретінде бастаған. 2006-2009 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің бас маманының м.а., бас маманы, сарапшысы, 2009 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі болды. 2009-2011 жылдары ҚР Мемлекеттік хатшысы Хатшылығының консультанты, 2011-2012 жылдары ҚР ПӘ Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының сарапшысы; консультанты. 2012-2021 жылдары ҚР Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі лауазымын атқарған. 2021-2023 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы қызметінде болды. 2023 жылы – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың қараша айынан бастап атқарып келеді.

39 жыл бұрын (1985) Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры және президенті Берік Бақытжанұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

2006 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, 2009 жылы механика-математика факультеті Ақпараттық жүйелер кафедрасының аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолы: 2006-2013 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ақпараттық жүйелер кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, 2011-2017 жылдары ҚазҰУ оқу процесі бөлімінің бастығы, оқу-әдістемелік басқармасының бастығы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі вице-президенті, 2017-2020 жылдары Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры болды.

Қазіргі қызметін 2020 жылдан атқарып келеді.

Соңғы жаңалықтар