15 желтоқсан. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 15 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

Атаулы күндер

Энергетик күні

Желтоқсан айының әрбір үшінші жексенбісінде Қазақстанда Энергетик күні – еңбегі қарапайым азаматтар мен жалпы мемлекеттің өмірінде жылумен, жарықпен және аспаптарға, аппаратураларға, станоктарға және басқа яғни электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ету сияқты маңызды міндетпен байланысты адамдардың кәсіби мерекесі атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1995 жылы Жамбыл қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Республика басшыларының Мемлекетаралық кеңесі өтті. Кеңес ұйғарымымен Қорғаныс министрлері кеңесі туралы ереже бекітіліп, ол аймақтың қауіпсіздігі, әскери ынтымақтастық саласындағы бүкіл мәселелерді қарайтын болып шешілді.

1999 жылы ҚР ұлттық қауіпсіздік стратегиясы бекітілді.

2004 жылы Еуразия мемлекеттерінің мекемелері, ұйымдары мен мәдениет қайраткерлері арасында мәдени ынтымақтастықты орнатуға, жақсартуға және кеңейтуге, Еуразиялық халықтардың мәдени мұрасы мен дәстүрлерін насихаттауға ықпал ететін Еуразиялық мәдениет қоры құрылды. ЕМҚ штаб-пәтері мен дирекциясы Алматыда орналасқан.

2007 жылы Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбеде тәжік-ауған шекарасында қаза болған қазақстандық жауынгерлерге арналған монумент ашылды. Душанбенің орталығында орналасқан монументте 35 қазақстандық жауынгердің есімі қашалып жазылған.

2008 жылы Ақтөбеде Әбілқайыр хан даңғылында Тәуелсіздік монументі ашылды. Бұл – Алматыда Республика алаңында орналасқан ескерткіштің кішірейтілген көшірмесі. Ескерткіш мешіт пен «Нұрдәулет» сауда орталығының жанында орналасты. Ескерткіштің биіктігі 20 метрден асады.

2011 жылы Қазақстан футбол федерациясы УЕФА төрешілер конвенциясының толық құқықты мүшесі болды.

2012 жылы Болгария Республикасының астанасы Софияда Қазақстан мен Болгария арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуына орай бірлескен қазақстандық және болгарлық көркем маркаларды шығару рәсімі өтті. Қазақстандық маркада Қазақстан аумағынан табылған, б.з.д. VІІІ-VІІ ғасырларға жататын, құс ұстаған бұғылардың жұптасқан пішіндері түріндегі айылбас бейнеленген. Болгарлық нұсқасында Панагур қазынасынан табылған бұғының басы бар алтын ритон бейнеленген.

2016 жылы Астанада ҚР Ұлттық музейінде «Болашаққа хат» капсулалары сақтауға берілді. Онда Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жастардың жазған 25 хаты сақтаулы тұр. Оның 16-сы республиканың 16 өңірінен жіберілсе, 9-ын түрлі республикалық жастар ұйымы жазған. Капсула қазіргі жастардан еліміз Тәуелсіздігінің 50 жылдығына сыйлық болып табылады. Оған дейін капсула ҚР Ұлттық музейінде сақталады.

2016 жылы Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Мәңгілік Ел» маркасының салтанатты таныстырылымы өтті. Шығарылған маркалардың жалпы таралымы – 7,5 мың дана. Бір марканың бағасы – 100 теңге. Перфорациясы – жоталы, жиырма маркадан құралған таңбалы қағаз түріндегі 4 бояулы офсетті қағаздан жасалған. Суретшісі – Ксения Плужникова.

2017 жылы Бакуде «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен «Trend» халықаралық ақпарат агенттігі ақпарат алмасу саласындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Құжаттың мақсаты – «ҚазАқпарат» және «Trend» ақпарат агенттіктері арасында достық қарым-қатынас орнату және жемісті ынтымақтастық қалыптастыру.

2018 жылдан Лорд-Мэр Вестминстердің шешімімен Қазақстанның Лондондағы елшілігінің ғимараты ресми түрде Kazakhstan House деп аталады. Барлық ресми құжаттарда осылай жазылады. Толық мекенжайы: Embassy of the Republic of Kazakhstan Kazakhstan House 125 Pall Mall, London SW1Y 5EA. Дипмиссия ғимаратына ресми түрде өз елінің атауын Лондондағы кейбір шетелдік елшіліктер ғана бере алған. Әдетте олар – Біріккен Корольдікпен ерекше қарым-қатынасы бар мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері.

2019 жылы елордада «Денистің достары» атты мұз шоуы өтті. Түрлі елдерден келген танымал мәнерлеп сырғанаушылар Қазақстанда мәнерлеп сырғанауды насихаттау мақсатында мұзда бірнеше рет концерт өткізген Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді еске алды.

2019 жылы Астанадағы Абай көшесінде көрнекті жазушылар Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай «Үш арыс» ескерткіші ашылды. «Бұл біздің ата-бабаларымызға деген құрмет қана емес, бүкіл қазақ әдебиетіне, еліміздің барлық жазушыларына деген құрмет», – деді жазушылардың туыстары мен жақындары.

2020 жылы Кореяда Абайдың кәріс тіліндегі «Алтын шаңырақта шырқалған ән» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Абай Құнанбайұлының өлеңдер кітабында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы, 104 өлең, 2 поэма және ұлы ақынның философиясы қамтылған. Кітап авторы – ақын және аудармашы Ким Бён Хак.

2020 жылы Түркістанда Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш ашылды. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 2,5 метр, ұзындығы – 3,5 метр. Авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, кәсіби мүсінші Тілеуберді Бинашев.

2021 жылы Қазақстанда Altynqor.com арнайы медиа-порталы құрылып, мәдени мұраны цифрландырудағы бірегей жобаға айналды. Сайтта 1930 жылдан бергі Қазақстан телерадиохабарларының бейне және аудио материалдарының алтын қоры, оның ішінде Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылындағы маңызды тарихи оқиғалар туралы баяндалған материалдар бар. Медиа-портал «Бейнеқор», «Аудиоқор», «Тұлғалар» және «Фотомұрағат» бөлімдерінен тұрады. Әр бөлімде телерадио ардагерлерінің, қазақ әдебиеті мен мәдениеті қайраткерлерінің сұхбаттары, естеліктері, жеке мұрағаты бар.

2021 жылы Қарағандыда ұлы ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойына орай мұражай-үй ашылды. Қасым үйінде публицист, ақынның сирек кездесетін қолжазбалары, кітаптары, жеке заттары мен фотосуреттері қойылған. «Қарағандыда Қасым үйінің ашылуы – ұлттық рухты, сананы жаңғыртуды айғақтайтын тарихи оқиға. Бұл үй Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, оны жаңа қырынан танитын нағыз зерттеу орталығы болады деп үміттенемін», – деді танымал ақын Серік Ақсұңқарұлы.

2021 жылы Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапхана қорына қазақстандық авторлардың 200-ден астам кітабы берілді. Бауырлас түрік халқына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Абай Құнанбаевтың, Жамбыл Жабаевтың және Әбу Насыр әл-Фарабидің кітаптары сыйға тартылды.

2022 жылы Астана қаласының мәслихаты мен әкімдігі Астана қаласында жалпы ауданы 19 336 гектар болатын жаңа аудан құру туралы бірлескен шешім қабылдады. Көп ұзамай елордалық мәслихат депутаттары жаңа әкімшілік ауданның атауын Нұра деп бекітті.

2022 жылы Қазақстан Ұлттық банкі TOǴYZQUMALAQ коллекциялық монеталарын айналымға шығарды.TOǴYZQUMALAQ – ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізілген қазақтың ең көне ұлттық ойындарының бірі. Зияткерлік үстел ойыны логикалық ойлауды дамытуға арналған. Монеталар реверсі дизайнының негізіне ежелде қолданылған ойын тақтасының дәстүрлі нысаны алынды. Күмістен жасалған монеталарда TOĠYZQUMALAQ жазуы және соғылған жылдың сандық белгісі алтын жалатылған ойын шарлары түрінде жасалған. Монетада 162 шар бейнеленген. Ойында да осы сан пайдаланылады. Монета реверсінің ортасында ою-өрнек орналасқан. Бұдан бөлек, дайындалған металды, сынамасын және массаны білдіретін жазулар бар. Монеталардың аверсінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы ою-өрнек жолағымен көмкерілген. Елтаңбаның айналасында мемлекеттік тілде және ағылшын тілінде QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY және REPUBLIC OF KAZAKHSTAN жазулары, ҚҰБ логотипі мен монеталардың номиналы белгіленген.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.

2023 жылы Алматыда «Қазақстан аруы-2023» сұлулық байқауы өтті. Жарыс «Болашақты аяла» - «Защити будущее» ұранымен қоршаған ортаны қорғауға арналды. Кастинг және байқаудың жартылай финалы нәтижесінде іріктеліп алынған финалдық шоуға 25 қыз қатысты. «Қазақстан аруы» атағын және «Әлем аруы» жолдамасын 21 жастағы алматылық Сабина Ідірісова жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар