150 мың оқушы папиллома вирусына қарсы вакцинаның екінші дозасын алады

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жеткіншек қыздар арасында (11-15 жас) жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы, яғни адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы екпе егудің екінші кезеңі басталды.

вакцинация детей
Фото: Freepik

— Күнтізбеге сәйкес вакцинация екі рет жүргізіледі, яғни 11 жастағы қыздар алдымен алғашқы дозаны алады, содан кейін 6 айдан кейін екінші дозаны қабылдайды. Қыздар арасында вакцинация қыркүйекте басталды, енді екпенің екінші дозасын алу кезеңі келді, — деді Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басқарма төрағасы Айжан Есмағамбетова.

Оның айтуынша, кез келген вакцинаны енгізбес бұрын оның тиімділігіне зерттеу жүргізіледі. 

— Зерттеу әр вакцинаға жеке белгіленеді және белгілі бір дозаның қаншалықты иммунитетті қалыптастыратынын көрсетеді. Кейбір вакцина бір дозалы, кейбірі екі, тіпті төрт дозалы екпе де болуы мүмкін. Ал адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцина егуде екі доза белгіленген. Бұл екі доза аталған вирустан тиімді қорғауды қамтамасыз етеді. Бүгінде вакцинаның бірінші дозасын шамамен 140 мың жеткіншек қыз алды, ал екінші дозаны 150 мың қыз бала қабылдайды, — дейді ұлттық орталық басшысы.

Айта кетейік, бүгін елордада Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының ұйытқы болуымен адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы екпе егу шарасына арналған конференция өтіп жатыр. Аталған шараға сала мамандары қатысты. 

Сондай-ақ, маман адам папиллома вирусына қарсы екпе алу не үшін маңызды екенін түсіндіріп берді.

Бұған дейін Қазақстанда ер балаларға да адам папиллома вирусына қарсы вакцина егу жоспарда барын хабарлаған болатынбыз

Еске сала кетейік, былтыр қыркүйекте елімізде жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы — адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы қыздарды жалпы вакциналау басталды. Осы орайда Kazinform агенттігінің тілшісі Қазақстанда аталған инфекцияның таралу статистикасы қандай, бұл вирус не үшін қауіпті және неге екпе алу қажет екеніне шолу жасаған еді. 

Үкімет адам папилломасы вирусына қарсы вакцина сатып алуға 9,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.

Соңғы жаңалықтар