1500-ге жуық қазақстандық терроризмді қаржыландыратындар тізіміне енген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Терроризмді қаржыландырушы тұлғалар тізімінде 1500-ге жуық қазақстандық бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін елордада ҚР Әділет министрлігі жанындағы заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы мәселелер бойынша еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар талқыланды.

Осы мәселеге қатысты баяндама жасаған ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық мониторинг комитетінің төрағасы Ануар Жұмаділдаевтің айтуынша, бүгінде елімізде терроризмді қаржыландырушылар тізіміне енген 1500-ге жуық адам бар. Жалпы аталған тізімге соттың шешімі күшіне  енгеннен кейін ғана заңды және жеке тұлғалар кіргізіледі.

«Терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заң бойынша аталған тізімге енгендер шектеуге тап болады. Олар өте көп. Салық төлеп, әлеуметтік жардәмақы алуға рұқсат берілгенімен, олар коммерциялық қызметпен айналыса алмайды. Қазіргі уақытта бірқатар түйткілді мәселе орын алып отыр. Мәселен, адам жұмыс істеп, несие алғаннан кейін белгілі бір уақыттан соң аталған тізімге қосылды. Ол несиесін төлеуі қажет. Бірақ, заң оған мұны жасауға мүмкіндік бермейді. Өйткені, оның есепшоты бұғатталған. Осы тұрғыдан алғанда оларға өздерінің несиелерін өтеуге мүмкіндік бергіміз келеді», - деді ол.

Оның айтуынша, мұндай шектеу аталған тізімге енген заңды тұлғаларға қатысты да қолданылады.

«Ол жұмысқа орналасқаннан кейін жұмыс беруші әлеуметтік төлем жасауы қажет. Бірақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ол мұны жасай алмайды. Өйткені, ол адам тізімде бар. Біз осы мәселені жеңілдетіп, адамға жұмыс жасауға мүмкіндік бермекпіз», - деді Әнуар Жұмаділдаев.

Комитет басшысының айтуынша, ұйым басшысы аталған тізімге кіретін болса, онда бүкіл заңды тұлғалар зардап тартатын болады.

«Біз бұл ретте де қандайда бір түзету енгізуіміз қажет. Себебі, олар бюджетке төлем жасап, несиелерін өтей алмайды. Мұның барлығын сәйкестендірмекпіз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар
telegram