16,3 млн. тонна таза салмақта астық жинау болжанып отыр - ҚР АШМ

АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру, құрылыс индустриясын дамыту және егін орағын сапалы өткізу мәселелері бойынша селекторлық режимдегі кеңесте Көлік және коммуникациялар министрлігіне астық тасымалдау үшін қажетінше вагондарымен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.

16,3 млн. тонна таза салмақта астық жинау болжанып отыр - ҚР АШМ

Егін орағы науқанының барысы туралы ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өмірияев хабарлама жасады.
Оның дерегіне қарағанда көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысы бойынша барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 21,4 млн. га жерді құрады. Биыл 15,7 млн. га алқаптың дәнді дақылдары орылмақ. 2 тамыздағы жағдайға сәйкес, 525 мың. га алқаптан гектарына орташа шығымдылығы 15,7 центнерден айналатын 830 мың тонна астық жиналды.
«Бүгінгі күнге 67 пайыздан астам егістік жақсы, 30 пайыздан астамы қанағаттанарлық жағдайда тұр. Осыған байланысты жалпы 16,3 млн. тонна таза салмақта астық жинау болжанып отыр», - деп хабарлады М.Өмірияев.
Биыл көктемгі егіс және егін орағы жұмыстарын қаржыландыруға «ҚазАгро» желісі бойынша 60 млрд. теңге бөлінді. Егін орағына 410 мың. тонна жеңілдетілген дизелдік отын бөлінді.
«Алдын ала бағалауға қарағанда астықтың шығымдылығы мен тұтастай астық жинау көрсеткіші 2012 жылғы деңгейден жоғары болады деп күтілуде. Үкімет егін орағын ұйымдасқан түрде өткізу үшін барлық шараларды қабылдады. Қарқынды ұстап тұру үшін АШМ мен облыстар әкімдері егін орағы жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап отыруы қажет», - деп атап көрсетті С.Ахметов.
Талқылау қортындысы бойынша Үкімет басшысы облыстар әкімдеріне ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау мәселелерін шешуге жәрдем беруге, ЖЖМ және басқа да ресурстармен қамтамасыз етуге, Азық-түлік корпорациясына мемлекеттік қорға астық сатып алу бағдарламаларын орындауда көмек көрсетуді тапсырды.
Көлік және коммуникациялар министрлігіне «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп астық тасымалдау үшін қажетінше астық тасымалдау вагондарымен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды, МГМ-ге облыстарға жанар-жағар майлардың уақытында жеткізілуіне бақылау жасауды жүктеді.