16 қалада тұтанған алау бір арнада тоғысып, Универсиаданың ашылуын әлемге паш етті - Байбек
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Еліміздің 16 қаласында жағылған алаулар бір арнада тоғысып, 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың ашылуын бүкіл әлемге паш етті, деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бүгін әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде өткен Универсиада Алауының жағы салтанатты шарасында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алау тұтату салтанатында сөз алған қала әкімі Алматы бұл тарихи оқиғаға 5 жыл дайындалғанын айтты.
«Универсиада Алматының дамуына тың серпін беріп, ажарын аша түсті. Жаңадан спорт ғимараттары салынып, қаламыздың көркіне көрік қосты», - деді Бауыржан Байбек.
Құттықтау сөзінде қала басшысы Алауға қатысты «от», «Отан», «От Ана» сөздерінің мән-мағынасына тоқталды.
«Халқымыз үшін қымбат «Отан», «отбасы» деген ұғымдардың түбірі осы оттан шыққан. «Отан - қуат, отбасы - шуақ» дейді дана халқымыз. Универсиада қазақ жерінде, Алматы қаласында тұңғыш рет өтіп отыр. Универсиада алауын тұтату рәсімі еліміздің барлық өңірлерінде өтіп, оған 100-ден астам ЖОО студенттері қатысады. Астанадағы Назарбаев университетінде Алауды Елбасы өзі тұтатты. Еліміздің 1000-нан астам азаматы оны алып жүру құрметіне ие болды. Міне, Универсиада алауы Алматы төріне де келіп жетті», - деді Бауыржан Байбек.
Өз сөзінде Алматы әкімі спортшыларымызға сәттілік тіледі.
«Әлемдік жарыстарда топ жарып жүрген спортшыларымыздың осы жолы да бағы жансын. Баршамыз қолдау көрсетейік», - деп сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада Алауы эстафетасының басты алауы жағылды.
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің үздік студенті Айсулу Ерниязова эстафета алауын Алматы әкіміне табыс етті. Алауды Бауыржан Байбек Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге табыстап, сәттілік тіледі.
Енді Алауды веллейболшы сұлу Сәбина Алтынбекова, Дәулет Тұрлыханов, Амалбек Тшанов сынды елімізге танымал тұлғалар қала көшелерімен алып жүреді. Айта кетейік, ресми тасымалдаушы «Эйр Астана» компаниясы еліміздің аймақтарынан 15 Алауды Алматы қаласына жеткізді.
Бұған дейін ұйымдастырушылар 2017 жылғы Алматыдағы 28-Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың Алау эстафетасы ерекше оқиға екенін айтты. Оның ерекшелігі - Универсиада алауы Қазақстанның түкпір-түкпірінде, 16 қалада жағылып, Алматыда басты алауға ұластырылуында.
Алау Қазақстанның 16 қаласына барып, жер бетімен 200-ден астам шақырымды, әуеде (ұшақпен тасымалдану) 2300 шақырымды жүріп өтеді.
Алауды тұтандырудың салтанатты рәсімі 25 қаңтарда Астана қаласында, Назарбаев Университетінде өтті. 26, 27 және 28 қаңтарда 14 облыс орталығында алау оты жағылды. 29 қаңтарда аймақтардың озық студенттері Алауды Алматыдағы тұғырына жеткізді.
Жобаға 1000 алаугер қатысты.