16 қараша. Тұлғалар туған күн
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 16 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР

47 жыл бұрын (1975) Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Руслан Бақытжанұлы БЕКЕТАЕВ дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Бристоль университетін (Ұлыбритания), Оксфорд университетін (Ұлыбритания) бітірген.
1996-2001 жылдары – ҚР Ұлттық құнды қағаздар комиссиясының лицензиялау және қадағалау департаментінде жетекші маман, сектор меңгерушісі, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, департамент директорының орынбасары міндетін атқарушы. 2001-2004 жылдары – ҚР Ұлттық банкінің қаржылық қадағалау департаментінің инспекциялау басқармасының бастығы. 2004-2005 жылдары – ҚР қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі банктерді қадағалау департаментінің инспекциялау басқармасының бастығы. 2005-2010 жылдары – қаржы органдарындағы, ҚР Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіндегі қызмет. 2011 жылғы мамыр-тамыз – «Қазақ гуманитарлық заң университеті» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі. 2011-2012 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық мониторинг комитеті төрағасының орынбасары. 2012-2014 жылдары – ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің төрағасы. 2014-2021 жж. – ҚР Қаржы вице-министрі.
Қазіргі қызметінде 2021 жылғы қаңтардан бері.

47 жыл бұрын (1975) ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ақан Жылқышыбайұлы ӘБДУӘЛИЕВ дүниеге келді.
Алматы облысы Жамбыл ауданы Шиен ауылында туған. 2005 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, 2012 жылы Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясынан бастаған. Кейінірек Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада – цирк колледжінде, сондай-ақ Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында ұстаздық қызметтер атқарған. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы музыка факультетінің «Дәстүрлі музыка орындаушылық» кафедрасының меңгерушісі болды. 2008-2009 жж. А. Жұбанов атындағы ҚОМММИ директорының музыка ісі жөніндегі орынбасары, 2009-2015 жж. А. Жұбанов атындағы РҚМММИ директоры; 2015-2016 жж. Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының директоры қызметтерін атқарған. Алматы облысы әкімінің өкімімен 2016 жылдың 1 маусымынан бастап облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болып тағайындалды. 2018-2019 жылдар аралығында Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры (2019-2021). 2021-2022 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы.

47 жыл бұрын (1975) – «Егемен Қазақстан РГ» ЖШС Бас директорының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің басшысы Әскер Аллабердіұлы ПІРИЕВ дүниеге келді.
Ол 1992-1995 жылдары Шымкент энергетика және бизнес колледжінде «экономика және менеджмент» мамандығын игеріп шықты. 2001 жылы «Тұран» университетін халықаралық экономика және бизнес мамандығымен, 2013 жылы Қазақ технология және бизнес университетін экономикалық ғылымдарының магистрі дәрежесімен тәмамдады.
Еңбек жолын 1995 жылы «МТК ХИЛАЛ» ЖШС-дан бастаған. 1998-2003 жылдары «Ак-пласт инжиниринг» ЖШС бас директорының орынбасары, 2003-2011 жылдары «Әлем-Систем» ЖШС бас директоры болған. 2011 жылдан бері «Алуана» ЖШС директоры, «Тенгри» қонақүйінің директоры.

39 жыл бұрын (1983) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Жұманғалиұлы СӘПИЕВдүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт, экономика факультеттерін бітірген.
2002-2004 жылдары – Қазақстан Республикасының Қарулы күштер қатарында әскери борышын атқарған. 2003-2009 жылдары Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінде дене шынықтыру оқытушысы және құқықтану мамандықтары бойынша білім алған. 2011-2014 жылдары тау-кен істерінің бакалаврі мамандығы бойынша ҚарМТУ-ін бітірген. 2014-2016 жылдары Қазақ спорт және туризим академиясының академиялық педагогика ғылымының магистрі дәрежесін алған. 2014 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша спорт менеджері мамандығын алған. 2004-2014 жылдары келісімшарт бойынша мерзімнен тыс әскери қызметте болған. 2010-2012 жылдары «Қазақстанның бокс федерациясы» ҚН ЗТБ-ның жаттықтырушы-оқытушы қызметін атқарған. 2013-2014 жылдары – «Қазақстанның бокс федерациясы» ҚН ЗТБ-ның спорт жөніндегі директоры. 2005-2013 жылдары бокс жөніндегі Қазақстан Республикасының ұлттық командасының штаттында нұсқаушы-спортшы. 2014-2017 жылдары – ЖШС «Astana Arlans» КСК бас директоры. 2017-2019 жылдары – VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы (2019-2021).
2008 жылы «Парасат», 2012 жылы «Отан» ордендерімен, 2008 жылы «Астананың 10 жылдығы», 2016 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен марапатталған.