16 кәсіпорында зиянды шығарындыларды азайтуға 565 млрд теңге бағытталады –министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы 16 кәсіпорында зиянды шығарындыларды азайту үшін 500 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

16 кәсіпорында зиянды шығарындыларды азайтуға 565 млрд теңге бағытталады –министр

«Айтып өткенімдей, 10 қаладағы ластанудың жоғары деңгейі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметіне байланысты. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 16 кәсіпорынмен шығарындыны орта есеппен 33 пайызға төмендету көзделуде. Оған 565 млрд теңге жеке инвестициялар бағытталады», - деді министр Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, бұл жұмыстан басқа жеке секторды да, сол сияқты шаруашылық жүргізуші субъектілерді де газдандыру немесе баламалы энергия көздеріне ауыстыру, қоғамдық көлікті газға немесе электр көлігіне ауыстыру жұмыстарын да жүргізу қажет.

Бұған дейін Серікқали Брекешев көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жұмыстарын баяндаған еді.

«Қазақстан 2030 жылға дейін парниктік газ шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға қысқартуға ниетті. 2019 жылы парниктік газдардың ұлттық шығарындылары 1990 жылғы деңгейден 2,4 пайызға төмен. Қазір қазақстандық делегация климаттың өзгеруі бойынша Глазгода өтіп жатқан саммиттің 26-сессиясына белсенді қатысуда. Атап айтқанда, 26-ы СОР шеңберінде Қазақстан «Орман және жерді пайдалану» декларациясына және де Білім мен жастарды тарту міндеттемесіне қосылды», - деді министр.