16 қазан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 16 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСІМДЕР

71 жыл бұрын (1954) ақын, жыршы, манасшы, режиссер, сатирик, тележүргізуші Баянғали Тоқанұлы ӘЛІМЖАНОВ дүниеге келді.

Баянғали Тоқанұлы ӘЛІМЖАНОВ
Фото: okzhetpes-burabay.kz

Көкшетау облысының Степняк қаласында туған. ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген (1977).

С. Мұқановтың мұражайында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Кітап жаршысы» газеттерінде, «Қазақфильм» киностудиясында, «Балдырған», «Жұлдыз» журналдарында, «Көкшетау правдасы» газетінде, Еңбекшілдер аудандық мәдениет бөлімінде, Ш. Құсайынов атындағы Көкшетау облыстық қазақ драма театрында қызмет істеген. «Паң Нұрмағамбет» киностудиясының директоры және көркемдік жетекшісі. 1984 жылдан бері республикалық, облыстық деңгейде өткен айтыстарда сайысқа түсіп, жеңімпаз және жүлдегер атанған.

«Қиқыматтың хикаялары» (1982), «Ұя» (1985), «Жынды Қаратайдың қасиеті» (2000), «Қиқыматтың қиссасы» (1989), «Ауылдың ақ самалы» (2003), «Алаш пен Манас» (2004), «Әзіл шуағы» (2004), «Деген екен» (2005) атты кітаптардың, «Құдалық», «Қожанасыр», «Қайран кемпір-шалдар-ай», «Еркегі бар болғыр», «Жолбарыс пен Пони», «Алтын ноқта», «Қазақы сайлау», «Жас қазақ», «Қазаннан келген қызғалдақ» атты пьесалардың авторы. «Жыраулар», «Асылдың сынығы», «Палуан» атты деректі фильмдердің, «Ән мен анаша» атты көркем фильмнің сценарийін жазған.

«Ерен еңбегі үшін» (2000), «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» (2006) медальдарымен марапатталған. Қырғызстан Республикасы Композиторлар одағының А. Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты, айтыста 22 рет гран-при иеленген.

71 жыл бұрын (1954) Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Владимир Степанович БУБЕНКО дүниеге келді.

БУБЕНКО Владимир Степанович
Фото: mtrk.kz

Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы, Надежка ауылында туған. 1976 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген.

Еңбек жолы: 1977-1986 жылдары Булаев ауданы Калинин атындағы кеңшардың аға диспетчері, МТМ бастығы, бас инженері, Булаев аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1986-1995 жылдары Соколов аудандық РАПО төрағасының орынбасары, төрағасы, 1995-1997 жылдары Соколов ауданы әкімінің бірінші орынбасары, 1997-2003 жылдары Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары, 2003-2004 жылдарыҚызылжар ауданының әкімі, 2004-2007 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы әкімінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының бірінші орынбасары, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары, 2007-2010 жылдары Есіл ауданының әкімі, 2010-2013 жылдары М.Жұмабаев ауданы әкімі, 2013-2014 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының әкімі, 2014-2016 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2016-2023 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы болып қызмет атқарған.

2023 жылдың наурыз айынан бері қазіргі қызметінде.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Тынға 50 жыл» медальдарымен марапатталған.

50 жыл бұрын (1975) Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы Дәулат Затұлы ЕШКЕЕВ дүниеге келді.

 Дәулат Затұлы ЕШКЕЕВ
Фото: Gov.kz

Қарағанды ​​мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша бітірген (1996); Қазтұтынуодағы Қарағанды ​​экономикалық университеті, «заңгер» мамандығы; Экономика ғылымдарының магистрі (2014).

Еңбек жолы: кеден органдарында жұмыс істеген, Қарағанды ​​облысы әкімінің аппарат басшысы; Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары, Қарағанды ​​облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2020-2023 жылдары Қарағанды ​​облысы әкімі аппаратының басшысы болып қызмет атқарған.

2023 жылдың ақпан айынан бері қазіргі қызметінде.

48 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасының Гонконг және Макао АӘА-дағы Бас консулы Бауыржан Бақбергенұлы ДОСМАНБЕТОВ дүниеге келген.

 Бауыржан Бақбергенұлы ДОСМАНБЕТОВ
Фото: Gov.kz

Қазақ мемлекеттік заң университетін құқықтану мамандығы бойынша (1999), ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын халықаралық қатынастар мамандығы бойынша (2001) бітірген.

Еңбек жолы: 2001 жылдан ҚР СІМ жүйесінде жұмыс істеген. 2012-2015 жылдары – ҚР СІМ Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Түркия департаментінің және Әзербайжан Республикасындағы ҚР Елшілігінің Кеңесшісі, 2015-2017 жылдары Әзербайжан Республикасындағы ҚР Елшілігінің Кеңесші-уәкілі, 2017-2019 жылдары ҚР СІМ Еуразиялық интеграция департаменті директорының орынбасары болды. 2019-2023 жылдары Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулы, 2023-2025 жылдары Қазақстан Республикасының Самарқандағы Бас консулы лауазымын атқарған.

2025 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

48 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Гүлмира Сайлаубекқызы ҚАРАУЫЛОВА дүниеге келді.

Гүлмира Сайлаубекқызы ҚАРАУЫЛОВА
Фото: БНС АСПИР

Тараз қаласында туған. 1999 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірді. 2009 жылы Халықаралық бизнес университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірді, экономика магистрі. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «Саясаттану» мамандығы бойынша бітірді, әлеуметтік білім магистрі.

Еңбек жолы:1994-2000 жылдары «Байланыс-құрылысшы» МАК Жамбыл филиалында, «Таразтурист» ЖШС-де жұмыс істеді. 2000-2001 жылдары ҚР Статистика агенттігі Әлеуметтік және демографиялық статистика департаментінің Әлеуметтік статистика және үй шаруашылығын зерттеу басқармасы Халықтың тұрмыс деңгейі статистикасы бөлімінің жетекші маманы, 2001-2002 жылдары «Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің Ақпараттық-есептеу орталығы» РМК Үй шаруашылықтары статистикасын ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің маманы, 2003 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік саласының шығыстарды жоспарлау департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасының Мәдениет, спорт және БАҚ бөлімінің жетекші маманы, 2007-2009 жылдары ҚР Статистика агенттігі Әлеуметтік және демографиялық статистика департаменті Әлеуметтік статистика басқармасының бас маманы, сарапшысы лауазымдарында жұмыс істеді. 2009-2010 жылдары ҚР Статистика агенттігі Еңбек статистикасы және үй шаруашылықтарын зерттеу департаменті Үй шаруашылықтарын зерттеу басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы, 2010-2011 жылдары ҚР Статистика агенттігі Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы департаменті Тұрмыс деңгейі статистикасы басқармасының бас сарапшысы, бастығы, 2011-2014 жылдары ҚР Статистика агенттігі Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы департаменті Үй шаруашылықтарын зерттеу басқармасының басшысы, 2014-2020 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті Әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасының бас сарапшысы, басшысы, Қызмет көрсету және энергетика статистикасы басқармасының басшысы болып қызмет атқарған. 2020-2021 жылдары ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Қызмет көрсету және энергетика статистикасы басқармасының басшысы, 2021-2025 жылдары ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Қызмет көрсету және энергетика статистикасы департаменті директорының орынбасары, директоры лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2025 жылғы сәуірден бері атқарып келеді.

Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Статистика үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар