16 қазан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 16 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

69 жыл бұрын (1954) ақын, жыршы, манасшы, режиссер, сатирик, тележүргізуші Баянғали Тоқанұлы ӘЛІМЖАНОВ дүниеге келді.

Көкшетау облысының Степняк қаласында туған. ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген (1977).

С. Мұқановтың мұражайында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Кітап жаршысы» газеттерінде, «Қазақфильм» киностудиясында, «Балдырған», «Жұлдыз» журналдарында, «Көкшетау правдасы» газетінде, Еңбекшілдер аудандық мәдениет бөлімінде, Ш. Құсайынов атындағы Көкшетау облыстық қазақ драма театрында қызмет істеген. «Паң Нұрмағамбет» киностудиясының директоры және көркемдік жетекшісі. 1984 жылдан бері республикалық, облыстық деңгейде өткен айтыстарда сайысқа түсіп, жеңімпаз және жүлдегер атанған.

«Қиқыматтың хикаялары» (1982), «Ұя» (1985), «Жынды Қаратайдың қасиеті» (2000), «Қиқыматтың қиссасы» (1989), «Ауылдың ақ самалы» (2003), «Алаш пен Манас» (2004), «Әзіл шуағы» (2004), «Деген екен» (2005) атты кітаптардың, «Құдалық», «Қожанасыр», «Қайран кемпір-шалдар-ай», «Еркегі бар болғыр», «Жолбарыс пен Пони», «Алтын ноқта», «Қазақы сайлау», «Жас қазақ», «Қазаннан келген қызғалдақ» атты пьесалардың авторы. «Жыраулар», «Асылдың сынығы», «Палуан» атты деректі фильмдердің, «Ән мен анаша» атты көркем фильмнің сценарийін жазған.

«Ерен еңбегі үшін» (2000), «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» (2006) медальдарымен марапатталған. Қырғызстан Республикасы Композиторлар одағының А. Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты, айтыста 22 рет гран-при иеленген.

45 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы бас консулы Бауыржан Бақбергенұлы ДОСМАНБЕТОВ дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік заң университетін құқықтану мамандығы бойынша (1999), ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын халықаралық қатынастар мамандығы бойынша (2001) бітірген.

Еңбек жолы: 2001 жылдан ҚР СІМ жүйесінде жұмыс істеген. 2012-2015 жылдары – ҚР СІМ Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Түркия департаментінің және Әзербайжан Республикасындағы ҚР Елшілігінің Кеңесшісі, 2015-2017 жылдары – Әзербайжан Республикасындағы ҚР Елшілігінің Кеңесші-уәкілі, 2017-2019 жылдары – ҚР СІМ Еуразиялық интеграция департаменті директорының орынбасары.

ІІ сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар.

Қазіргі лауазымына 2019 жылғы мамыр айында тағайындалды.

60 жыл бұрын (1963) «Қоғамдық мәселелерді талдау орталығы» қоғамдық қорының директоры Меруерт Маутханқызы МАХМҰТОВА дүниеге келді.
Семей облысында туған.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, физика мұғалімі (1985); ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқарудың ұлттық жоғары мектебін бітірген, мемлекеттік басқару менеджері (1997). Экономика ғылымдарының кандидаты (2000).

Еңбек жолы:1985-1987 жылдары орта білім беретін мектепте физика мұғалімі, 1987-1993 жылдары Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтында инженер, 1993-1996 жылдары «Толқын» серіктестігінің экономика және қаржы директоры, «Ана мен бала» АҚ бас есепшісі, 1997 жылы ҚР Стратегиялық ресурстарды бақылау агенттігінің консультанты болды.

1997-1998 жылдары «Семей» қаржы өнеркәсіп тобының жаңа жобалар бөлімінің менеджері, 1998-2001 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Экономика институтында қаржы-несие қатынастары мәселелері бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

2001 жылдан бері «Қоғамдық мәселелерді талдау орталығы» қоғамдық қорының директоры.

Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, БҰҰДБ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) және басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшысы.

55 жыл бұрын (1968) Астана қаласындағы «№ 5 қалалық емхана» МҚК бас дәрігері Алтыншаш Жұмашқызы ТАБУЛДИНА дүниеге келді.

ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі.

1992 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтын дәрігер-педиатр мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолы: Целиноград қаласының №1 қалалық балалар ауруханасында педиатр, «СВА - Академия» ЖШС аға дәрігері, Астана қаласы №1 қалалық балалар ауруханасының 6-амбулаториялық бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды.

2007 жылдың маусым айынан бері Астана қаласы «№ 5 қалалық емхана» МҚК-ның бас дәрігері.

«ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2010), «Қазақстан Даңқы» ордені (2013), «Құрмет» ордені (2017).

Астана қаласы мәслихатының жетінші шақырылымының депутаты, Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы.

48 жыл бұрын (1975) Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы Даулат Затұлы ЕШКЕЕВ дүниеге келді.

1996 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша бітірген. 2014 жылы Қарағанды экономикалық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамды.

Еңбек жолы: 2020-2023 жылдары кеден органдарында, Қарағанды облысы әкімінің аппарат басшысы, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары; Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарды.

2023 жылдың ақпан айынан бастап Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы.