16 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 16 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық Озон қабатын қорғау күні
1987 жылы Озон қабатын бұзатын заттар туралы Монреаль хаттамасына қол қойылды. Сол күннің құрметіне БҰҰ Бас Ассамблеясы 1994 жылы қарар қабылдап, 16 қыркүйекті Халықаралық Озон қабатын қорғау күні деп жариялады. 1995 жылдан бері жыл сайын аталып өтеді.
HR менеджерлері күні
ТМД елдерінде бейресми мереке ретінде қыркүйектің үшінші сәрсенбісінде аталып өтеді. Жұмыскерлерді іріктейтін, оқытатын, кадрлық есептерді жүргізетін және лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлейтін қызметкерлердің кәсіби мерекесі. Бұл күні компаниялар мерекелік корпоративтік іс-шаралар өткізеді. Белгілі HR менеджерлеріне жұмыстары үшін алғыс айтылып, марапатталады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1944 жылы Ақтөбе облыстық филармониясы құрылды. 1997 жылы оған композитор Ғазиза Жұбанованың есімі берілген. Филармония құрамында эстрадалық-жез аспаптар оркестрі, қазақ камералық хоры, «Домбыра-дастан» халық ансамблі және шығыс биі ансамблі бар. Филармонияда Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Р.Ақжарова, Г.Қойшыбаева, Т.Оспанов және Ж.Сейілов жылдар бойы жұмыс істеді.
1976 жылы Т. Г. Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясы мен республикалық қолданбалы өнер мұражайының коллекцияларынан құрылған Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы есігін ашты. Коллекцияның негізгі бөлігі Қазақстанның бейнелеу және қолданбалы өнер туындыларынан тұрады. Батыс Еуропа коллекциясында 16-19 ғасырлардағы Италия, Франция, Нидерланд, Фландрия, Германия, Англия және Аустрия суретшілерінің түпнұсқа туындылары бар. Мұражайда сонымен қатар Ресей, кеңестік кезең және Шығыс Еуропа елдерінің бейнелеу өнерінің бірегей коллекциясы бар.
1992 жылы Қазақстан мен Беларусь Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.
Беларусь Республикасы — Ресей, Украина, Польша, Латвия және Литвамен құрлық шекаралары бар Шығыс Еуропа елі. Оның аумағы 207 600 км². Астанасы — Минск. Ресми валютасы — Беларусь рублі. Ресми тілдері — беларусь және орыс тілі. Мемлекет басшысы — президент.
1992 жылы Қазақстан мен Молдова Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.
Молдова Республикасы — Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы ел. Ол солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде Украинамен, ал батысында Румыниямен шектеседі. Оның аумағы 33 800 км². Астанасы — Кишинев. Ресми тілі — молдован тілі. Ақша бірлігі — молдован лейі. Мемлекет басшысы — президент, оны парламент мүшелері 4 жылдық мерзімге сайлайды (бір рет қайта сайлау құқығымен).
2000 жылы Атырауда Сұлтан Бейбарыстың 775 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. Араб елдерінің ғалымдары Мысыр билеушісінің 775 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
2005 жылы Түркияның Измир қаласында Маниса, Чанаккале, Денизли, Ушак, Кутахия және Айдын аудандарын қамтитын Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының ашылу рәсімі өтті.
2006 жылы Алматы облысының Қарасай ауданында, екі ірі жолдың қиылысында Наурызбай батырға арналған ескерткіш биік тұғырға орнатылды. Ескерткішті Алматыдағы Тәуелсіздік монументін жобалаған сәулетші Нұрлан Далбай жобалаған.
2007 жылы Венада Қазақстан Жаһандық серіктестік қағидаттары хаттамасына қол қойып, осы процестің толыққанды қатысушысы болды. Қазақстан Жаһандық ядролық энергетикалық серіктестіктің негізгі қағидаттарына толық қосылады және өздерінің ядролық энергетика саласын дамыту аясында сезімтал технологияларды әзірлемеуге міндеттенген елдерге ядролық отынға кепілдікті және тең қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігін атап көрсетеді. 2007 жылға қарай серіктестікке Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Жапонияны қоса алғанда, 16 ел қосылды. Бұл елдер өздерінің жетістіктерімен және озық ядролық энергетикалық технологияларымен ерекшеленеді.
2010 жылы Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 10-шы саммиті барысында экономикалық және сауда байланыстарын кеңейтуге бағытталған Түркі іскерлік кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Бакуде түркі мәдениетін сақтауды қамтамасыз ету үшін қор құрылды. Сонымен қатар, 2012 жылы ТҮРІКСОЙ Астананы түркі әлемінің астанасы деп жариялау туралы шешім қабылдады.
2014 жылы Алматыда 10-шы Халықаралық Еуразия кинофестивалі ашылды. Фестиваль қазақстандық режиссер Шәкен Аймановтың жүз жылдық мерейтойының аясында өтті. Республика сарайында өткен ашылу салтанатына Қазақстан мен Ресейдің киножұлдыздары қатысты.
2017 жылы Балқаш қаласы өзінің 80 жылдығын атап өтті. Бұл тек Қарағанды облысы үшін емес, республика көлеміндегі маңызды оқиға.
Балқаш — Қарағанды облысының дамыған инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы желісі, мәдени, денсаулық сақтау және білім беру нысандары бар заманауи өнеркәсіп орталығы. Қалада шағын және орта бизнес күшейіп, дамып келеді. Туризм кластері қарқын алып, көшелер көркейіп, жаңа ғимараттар салынып, жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп жатыр.
2019 жылы Алматыда «Қазақфильм» студиясының аумағында Ш. Айманов атындағы Қазақ киносы мұражайы ашылды. Онда баға жетпес мұрағаттық экспонаттар, соның ішінде аты аңызға айналған режиссер Сергей Эйзенштейннің камерасы, классикалық қазақ кинорежиссері Ш. Аймановтың бұйымдары мен коллекциялары, түпнұсқа сценарийлер, фильм кейіпкерлерінің түпнұсқа костюмдері, т. б. бар. Мұражайдың ерекше мақтанышы — Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың қалпына келтірілген кабинеті.
2019 жылы Маңғыстау облысының Тұщыбек ауылының маңында табылған 9 метрлік ихтиозавр қаңқасы Ақтау тарихи-өлкетану мұражайына сыйға тартылды.
2019 жылдың 25 мамырында әуесқой палеонтолог Владимир Ярцев әдеттегі экскурсия кезінде ихтиозаврға тиесілі болуы мүмкін қалдықтарды кездейсоқ тауып алды. Омыртқалардың пішіні, қалыңдығы және диаметрі альб кезеңіндегі (төменгі бордың жоғарғы шекарасы, 100 миллион жыл бұрын) ихтиозаврға ұқсайды.
2020 жылы Қарағандыда «Ұлы Абайдың ізімен: рухани саяхат» экспедициясы басталды. Экспедиция мүшелері ұлы қазақ ақыны дүниеге келген, өмір сүрген және өлең жазған мекенге барды. Олар Қайнар — Саржал — Қаратал — Жидебай — Ақшоқы — Еңлік-Кебек үңгірі — Бөрілі ауылындағы М.Әуезовтің үй-мұражайы — Семейдегі Абай мұражайы — Егіндібұлақ — Үшқара — Қарағанды бағыты бойынша мыңдаған шақырым жүріп өтті.
2020 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ислам қаржы білімін дамытуға қосқан үлесі мен жетістіктерін мойындау мақсатында беделді халықаралық Global Islamic Finance Awards 2020 (GIFA) сыйлығымен марапатталды. Қазақстанның жетекші университеті «Ислам қаржысы саласындағы ең үздік білім беру мекемесі» сыйлығын жеңіп алды. Салтанатты рәсім Пәкістанның Исламабад қаласында өтті. GIFA — ислам қаржысы саласындағы әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі, осы салада ерекше жетістіктерге жеткен үкіметке, мекемелерге және жеке тұлғаларға берілетін үздік белгі. Олардың қатарында мемлекет басшылары, көрнекті мемлекет қайраткерлері және ғалымдар бар.
2021 жылы Түркия алдыңғы бетінде Қазақстанның мемлекеттік туы бейнеленген және түрік тілінде «Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл» деген жазуы бар монета шығарды. Монетаның келесі бетінің ортасында Қазақстан картасы орналасқан. Картаның ішінде латын әріптерімен қазақ тілінде «Qazaqstan» деп жазылған. Картаның ішінде түрік тілінде қазақ жерінде болған бірнеше тарихи мемлекеттердің атаулары көрсетілген. Оларға сақтар, ғұндар, Түрік қағанаты, Алтын Орда және Қазақ хандығы жатады. Сондай-ақ Орхон-Енисей ескерткіштерінің ежелгі түрік алфавитімен «түрік» сөзі жазылған. Төменгі бөлігінде «қошқармүйіз» оюы бар. 31 грамм күмістен құйылған. Монетаның номиналы 30 түрік лирасы.
2021 жылы ЮНЕСКО Қазақстанның Көлсай көлдері ұлттық табиғи саябағын биосфералық резерваттардың дүниежүзілік желісіне қосты. Бұл шешім ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының Халықаралық үйлестіру кеңесінің 33-ші сессиясында қабылданды. Қазіргі уақытта Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының ұлттық желісіне 13 биосфералық резерват кіреді. Бұл көрсеткіш Орталық Азияның басқа елдеріндегі биосфералық резерваттар санынан айтарлықтай көп.
2023 жылы Түркістанда ТМД елдерінің Ішкі істер министрліктері басшыларының кеңесі өтті. Отырыста қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Жиынға Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанның Ішкі істер министрлері, Армения полициясының бастығы, Тәжікстан, Әзірбайжан және Түрікменстан Ішкі істер министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ басқа да үкіметаралық мекемелер қатысты.
2024 жылы Германияның Федералды канцлері ресми сапармен Қазақстанға келді. Олаф Шольц екінші «Орталық Азия + Германия» саммитіне қатысты. Іс-шарада кең ауқымды салалардағы стратегиялық ынтымақтастық пен серіктестік, атап айтқанда, сауда-экономикалық ынтымақтастық және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы ынтымақтастық туралы бірлескен декларация қабылданды.
2025 жылы Қосшы қаласына алғаш рет газ таратылды. Жалпы ұзындығы 409 шақырымға жететін магистральдық құбырлар арқылы сағатына 32 800 текше метр газ тасымалданады. Жобаның жалпы құны — 11,4 миллиард теңге.