16 қыркүйек. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 16 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
76 жыл бұрын (1948) ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Талғатбек Жәмшитұлы АБАЙДІЛДИН дүниеге келді.
Ақмола облысының Есіл қаласында туған. 1974 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетін математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша, 1993 жылы Қазақ менеджмент, экономика және болжамдау институтын саясаттанушы, жоғары және орта оқу орындарында әлеуметтік-саяси пәндердің оқытушысы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1980 жылдан Алматы қаласының үгіт-насихат және ұйымдастыру бөлімдерінде істеді. 1988-1989 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК үгіт және насихат бөлімінде нұсқаушы, идеологиялық бөлімінің саяси ұйымдастырушысы, 1991-1993 жылдары ҚазКСР Президенті Аппаратының және ҚР Министрлер кабинетінің Діни ұйымдармен байланыстар жөніндегі референтурасының референті, аға референті. 1993-1995 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, 1995-1997 жылдары ҚР Президенті Аппаратының ұйымдастыру-бақылау басқармасында мемлекеттік инспектор, 1997 жылы Көкшетау облысы әкімінің орынбасары. 1997-2003 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2003-2004 жылдары ШҚО әкімі қызметін атқарған. 2004-2005 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі, 2005 жылы ҚР қоршаған ортаны қорғау вице-министрі. 2005 жылдан бастап – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы.
Қазіргі лауазымын 2019 жылдың қазан айынан бері атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен (2006); «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2002)», «Қазақстан темір жолына 100 жыл» (2004), «Қазақстан 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» (2006), «Ауған Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің әкетілгеніне 15 жыл» медальдарымен; ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен (1974) марапатталған.
75 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасының мемлекеттік және саяси қайраткері Қабиболла Қабенұлы ЖАҚЫПОВ дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы, Қазталов ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша, 1989 жылы Алматы жоғары партия мектебін саясаттанушыТ мамандығы бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Экология академиясының академигі. Қазақстан Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі. ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.
Еңбек жолы: 1981-1983 жылдары Қазақ КСР Халық депутаттары Кеңесінің Орал қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1983-1987 жылдары Орал қалалық Халық депутаттары Кеңесінің Өнеркәсіп аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1987-1988 жылдары Қазақстан Компартиясы Орал қалалық Ленин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1989-1992 жылдары Қазақ КСР Халық депутаттары Кеңесінің Орал қалалық атқару комитетінің төрағасы, 1992-1993 жылдары Орал қалалық әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған. 1993-2001 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарып, осы өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы жолында жемісті еңбек етті.
2001-2003 жылдары ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің бірінші орынбасары, 2003-2004 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары - Үкіметтің Парламент Сенатындағы өкілі. 2007-2011 жылдары «Нұр Отан» ХДП-ның тізімі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. 2012-2016 жылдары бесінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, 2014-2016 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, 2016-2020 жылдары алтыншы сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет мүшесі қызметін атқарған.
«Парасат» (2009) және «Құрмет» (1999) ордендерімен, бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған. Сондай-ақ ұлтаралық келісімге сіңірген қызметіне орай Ресей Федерациясының ІІ дәрежелі «Даниил Әулие» ордені берілген. Қазақстан Республикасының Құрметті теміржолшысы. Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы.
56 жыл бұрын (1968) «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Серік Сәрсенұлы ЕРУБАЕВ дүниеге келді.
Атырау облысы Атырау (Гурьев) қаласында туған. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1991 жылы Қазақстан жүргізушілер одағының Гурьев облыстық кеңесінде жүргізушілерді оқыту жөніндегі шебері ретінде бастаған. 1993-2006 жылдары «Атырау Констракшн Сервисез Лтд» ЖШС-нің Бас директоры, 2006-2008 жылдары Атырау қалалық мәслихатының III және IV шақырылымдарының хатшысы, 2008-2021 жылдары «Атырау Констракшн Сервисез ЛТД» ЖШС Бас директоры қызметін атқарған. 2021-2023 жылллдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі қызметінде болды.
«10 жыл Астана» (2008ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 25 жыл» (2019ж.), Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» (2015ж.), «Әскери-теңіз флотының ардагері» Мәскеу, Тынық мұхит флоты (2016ж.), «Атырау облысы мәслихаттарына 25 жыл» (2020ж.) мерейтойлық медальдармен марапатталған.
51 жыл бұрын (1973) қазақстандық танымал велошабандоз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Азия чемпионы, 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, «Тур де Франс» әлемдік веложарысының қола жүлдегері, әлем чемпионы, Испаниядағы «Вуэльта» көпкүндігінің жеңімпазы Александр Николаевич ВИНОКУРОВ дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Кәсіби веложарыспен айналысуды 1997 жылы «Казино» командасы құрамында бастады. Оның алғашқы жетістіктерінің бірі 1998-1999 жылдардағы «Дюнкерк төрт күні» және «Dauphiné Libéré» көпкүндік жарыстағы жеңісі болды. Бұл жетістіктері спортшының 2000 жылы күшті және әйгілі «Deutsche Telekom» (2004 жылдан «T-Mobile») велотобына енуіне әсер етті. 2006 жылы Винокуров Испания командасының капитаны ретінде «Тур де Франц» көпкүндігіне қатысты. 2006 жылдан қазірге дейін ҚР «Астана» командасының құрамында. Командалық жарыста Азия ойындарының чемионы (1994), Топтық жарыста олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері (2000), «Париж-Ницца» көпкүндік веложарысының жеңімпазы (2002-2003), «Тур де Франс» кезеңдерінің (2002-2003), «Amstel Gold Race» Әлем кубогы кезеңінің (2003), «Швейцария турының» (2003), беделді біркүндік «Льеж-Бостон-Льеж» веложарысының (2005,2010) жеңімпазы, жекелей жарыста әлем чемпионатының қола жүлдегері (2004, 2006). «Тур Байери» көпкүндік жарысына қатысушы (2005) - 2-орын, «Тур де Франс» көпкүндік веложарысының қола жүлдегері (2003, 5-орын - 2005), «Тур Германии» (2003) - 3-орын, көпкүндік веложарыстарының қола жүлдегері. Алтантадағы (1996), Сиднейдегі (2000) - 2-орын, Афинадағы (2004) - 5-орын, Олипиадалық ойындарға қатысушы. ҚР ұлттық чемпионатының көптеген дүркін жеңімпазы. Азия чемпионатының жеке және топтық жарыстарындағы жеңімпаз, күміс жүлдегер (2009), Vuelta a Espana веложарысының басты есебінде жеңімпаз (2006), «Льеж-Бостон-Льеж» командалық бір күндік жарысында жеңімпаз (2010), «Тур дель Третино»жарысының жеңімпазы (2010!), «Тур де Франс» 13-кезеңінің жеңімпазы (2010).
«Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.
42 жыл бұрын (1982) ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Тұрсынұлы АБДУЛЛИН дүниеге келген.
Павлодар қаласында туған. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін, «Қаржы академиясы» АҚ тәмамдаған. Еңбек жолын 2004 жылы «Қазақавтожол» РМК Павлодар облыстық филиалының ДЭУ-62 автожол көпірінің шебері лауазымынан бастады. 2005-2011 жылдары «Қазақавтожол» РМК Павлодар филиалында түрлі лауазымдарды атқарған. 2011-2014 жылдары «Қазақавтожол» РМК Мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы, Ақмола облыстық филиалының директоры, 2014-2019 жылдары Астана қаласында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылық қызметтерін атқарды. 2019 жылы Көкшетау қаласы, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Ақмола облыстық филиалы директорының м.а., директоры, 2019-2021 жылдары ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы орынбасарының м.а., орынбасары.
2021 мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.
39 жыл бұрын (1985) «Атырау облысы Су Арнасы» КМК басшысы Мейірім Жоламанұлы ҚАЛАУИ дүниеге келді.
Атырау облысында туған. 2006 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін, 2010 жылы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
Еңбек жолы: 2006-2007 жылдары «Атырау-Ақпарат» МКҚК төрағасының көмекшісі, 2007-2010 жылдары «Тұран» республикалық газеті» ЖШС директоры, 2010-2011 жылдары «Қазақстан» РТРК АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы, 2011-2012 жылдары «Атырау-Ақпарат» МКҚК төрағасы, 2012-2016 жылдары Атырау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, 2016 жылы Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2016-2019 жылдары Атырау қаласы әкімінің орынбасары, 2019-2021 жылдары Атырау облысы Индер ауданының әкімі қызметін атқарған. 2021-2022 жылдары «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2022-2023 жылдары Атырау қаласының әкімі лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметін 2023 жылдың қараша айына кірісті.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» медалімен марапатталған (2012).