16 қыркүйек. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 16 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық Озон қабатын қорғау күні
1987 жылы Озон қабатын бұзатын заттар туралы Монреаль хаттамасына қол қойылды. Сол күннің құрметіне БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1995 жылдан бастап атап өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1944 жылы Ақтөбе облыстық филармониясы құрылды. Оған 1997 жылы белгілі қазақ сазгері Ғазиза Жұбанованың есімі берілді.
1976 жылы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы ашылды. Экспонаттардың басым бөлігін Қазақстанның бейнелеу және қолданба өнер туындылары құрайды. Батыс Еуропа коллекциясында XVI-XIX ғасырларда өмір сүріп, шығармашылықпен айналысқан Италия, Франция, Голландия, Фландрия, Германия, Англия және Аустрия суретшілерінің түпнұсқа шығармалары жиналған.
1992 жылы Қазақстан мен Беларусь Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
2000 жылы Атырауда Мысыр билеушісі болған Бейбарыс сұлтанның 775 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға араб елдерінің ғалымдары қатысты. Сонымен қатар қазақ тіліне аударылған «Әз-Захир Бейбарыс өмірбаяны» атты кітаптың тұсаукесері болып, Атырау облыстық қазақ драма театры жазушы Р.Отарбаевтың «Бейбарыс» атты пьесасын сахналады. Шежіре бойынша Бейбарыстың атамекені - Каспий теңізінің маңы, бір деректерде - Еділ-Жайық бойы. Кіші жүздегі Байұлының Беріш руынан деген мәлімет бар.
2005 жылы Түркияның Измир қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Измир провинциясының губернаторы Оғыз Қаған Көксал, осы қаладағы құрметті консулдықтардың басшылары, іскер топ өкілдері, қазақ диаспорасы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
2006 жылы Алматы облысы Қарасай ауданында Наурызбай батырға ескерткіш ашылды. Ескерткіш авторы - Нұрлан Далбай.
2007 жылы Қазақстан Венада Атом энергетикасындағы Жаһандық серіктестікке қосылды. Оның барысында Қазақстан Қағидалар хаттамасына қол қойды және осынау үдеріске толыққанды мүше атанды. Жиналғандардың алдында сөйлеген МАГАТЭ Бас директоры Мохаммед Әл-Барадэй, атом энергетикасы дамуының болжануына байланысты осынау бастаманың өзектілігін атап өтті.
2010 жылы Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Х Саммитінде экономикалық және сауда байланыстарын кеңейтуге бағытталған Түркі іскерлік кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Түркі мәдениетін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Бакуде арнайы Қор құрылып, ТҮРІКСОЙ Астананы 2012 жылғы түркі әлемінің астанасы деп жариялады.
2014 жылы Алматыда Х Еуразия кинофестивалі ашылды. Фестиваль қазақ режиссері Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арналды. Бағдарлама аясында «Жамбыл», «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» фильмдері тегін көрсетілді.
2017 жылы Балқаш қаласы 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл Қарағанды облысы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға. Бүгінде Балқаш – Қарағанды облысындағы инфрақұрылымы дамыған, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындар желісі, мәдениет, денсаулық, білім беру нысандары бар заманауи өнеркәсіп орталығы. Мұнда шағын жіне орта бизнес нығайып, дамып келеді. Туристік кластер дамуының жаңа қарқынын алуда. Көшелері жақсарып, жаңа үйлер салынуда, әлеуметтік саланың жаңа нысандары бой көтеріп отыр.
2019 жылы Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясының аумағында аты аңызға айналған режиссер Сергей Эйзенштейннің таспасы, қазақ кинематографының классигі Ш.Аймановтың жеке заттары мен коллекциялары, түпнұсқа сценарийлер, кинофильм кейіпкерлерінің костюмдері және тағы басқа бағалы архивтік экспонаттар сақталған Ш.Айманов атындағы мұражай ашылды. Мұражайдың ерекше мақтанышы – Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың қалпына келтірілген кабинеті.
2019 жылы Маңғыстау облысының Тұщыбек кентінің маңында табылған ұзындығы тоғыз метр ихтиозаврдың қаңқасы препарация жасау аяқталған соң Ақтау қаласының өлкетану мұражайына табысталды. 2019 жылдың 25 мамырында әуесқой палеонтолог Владимир Ярцев кезекті сапары кезінде бұдан 110-100 миллион жыл бұрын тіршілік еткен ихтиозаврдың қаңқасына ұқсас сүйектерді анықтаған.
2020 жылы Қарағандыда «Ұлы Абай жолымен: рухани саяхат» атты эскпедиция басталды. Экспедиция мүшелері қазақтың ұлы ақыны дүниеге келген, өмір сүрген және шығармашылықпен айналысқан жерлерге сапар жасауды жоспарлаған. Керуен төрт күн бойы Қарағанды – Қарқаралы – Қарағайлы – Қайнар – Саржал – Қаратал – Жидебай – Ақшоқы – Еңлік-Кебек үңгірі – М.Әуезовтің Бөрілі ауылындағы мұражай үйі – Семей қаласындағы Абай мұражайы – Егіндібұлақ – Ұшқара – Қарағанды бағдарымен мыңдаған шақырым жол өтті.
2020 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ислам қаржысы саласында білім берудегі жетістіктері мен қосқан үлесі үшін «Global Islamic Finance Awards 2020» (GIFA) беделді халықаралық сыйлығын иеленді. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны «Best Emerging Islamic Finance Education Provider» («Ислами қаржыландыру бойынша білім беру қызметінің үздік дамушы провайдері») номинациясында үздік болды. Сыйлықты табыстау рәсімі Пәкістанның Исламабад қаласында өтті.
2021 жылы Түркия Қазақстанның мемлекеттік туы бейнеленген және түрік тілінде «Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл» деген жазуы бар монета шығарды. Сырт жағының ортасында Қазақстан картасы бейнеленген. Картаның ішінде латын әріптерімен қазақ тілінде «Qazaqstan» деп жазылған. Сондай-ақ картаның ішінде түрік тілінде қазақ жерінде болған бірқатар тарихи мемлекеттердің атаулары берілген. Атап айтқанда, бұлар: Сақтар, Ғұндар, Түрік қағанаты, Алтын Орда және Қазақ хандығы. Сырт жағының жоғарғы жағында Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі көне түркі әліпбиінде «түрк» сөзі жазылған. Төменгі бөлігінде «қошқармүйіз» оюы бар. 31 грамм күмістен құйылған және құны әлдеқайда жоғары монетаның номиналды құны 30 түрік лирасын құрайды.
2021 жылы ЮНЕСКО «Көлсай көлдері» Қазақ мемлекеттік ұлттық табиғи паркін Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қосты. Мұндай шешім ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы халықаралық үйлестіру кеңесінің 33-ші сессиясында қабылданды.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның Ұлттық биосфералық резерваттар желісінде 13 биосфералық резерват бар. Бұл сан Орталық Азияның басқа елдеріндегі биосфералық қорықтар санынан айтарлықтай асып түседі. Осындай бірқатар биосфералық қорықтарды тану әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау мәселелеріне назар аударып, оны келешек ұрпақ үшін сақтауға деген ұмтылысын айғақтайды.
2023 жылы Түркістан қаласында ТМД елдері Ішкі істер министрліктері басшыларының кеңесі өтті. Кездесуде қылмысқа қарсы күрестегі өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Отырысқа Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан ішкі істер министрлері, Армения полициясының басшысы, Тәжікстан, Әзербайжан және Түрікменстан Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ басқа да мемлекетаралық ведомстволардың өкілдері қатысты.