16 мың адам Қазақстан азаматтығын алады - Қанат Саудабаев
АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен өткен ҚР Президенті жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан азаматтығын алуға ниет білдірген 16 мың өтінім бекітілді.
Қ. Саудабаев биыл Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның соңғы отырысы өтіп жатқанын айта келе, «Жаңа жылдың қарсаңында әлемнің әр елінен Қазақстан азаматтығын алуға ниетті 16 мың өтінімді қарастырудамыз. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасының қауқарлы әрі демократиялық мемлекет екенін көрсетеді. Сонымен қатар еліміз болашаққа нық сеніммен қадам жасап отыр. Осыған байланысты көптеген адамдар өздерінің бүгінгі және келешек өмірін Қазақстанмен байланыстырғысы келіп отыр. Сондықтан отандастарымыздың саны арта түсетіні өте қуанышты»,- деп атап өтті.
Осы орайда Мемлекеттік хатшы Елбасының тиісті Жарлығы қабылданғаннан кейін жауапты мемлекеттік органдар еліміздің жаңа отандастарының тезірек бейімделу мәселелерін жылдам және жауапкершілікпен шешу керектігін атап өтті. Таратылған мәліметтерге қарағанда, Қазақстан азаматтығын алуға ниет білдірген адамдардың саны артып отыр. Тәуелсіздік алған жылдар аралығында Қазақстан азаматтығына 600 мыңнан астам адам, оның ішінде олардың едәуір бөлігі соңғы бірнеше жылда қабылданды.