16 ноутбук ұрлаймын деп қолына кісен ілдірді
АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - Жамбылдық полиция қызметкерлері 16 ноутбукты ұрлау қылмысын ашты.
«Ағымдағы жылдың ақпан айында Жамбыл ауданы Айша-бибі ауылындағы орта мектептердің біріндегі мультимедиялық кабинеттен белгісіз біреулер ноутбуктарды ұрлап, 1,5 миллион теңгеге шығын келтірген болатын. Өткізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында 24 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды», - деді бүгін өткен брифинг барысында ҚР ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Нұрділдә Ораз.
Оның атап өтуінше, тергеу барысында күдіктінің мектепке терезе арқылы кіргені, темір құралмен кабинеттің есігін сындырып, ноутбуктарды жымқырғаны анықталды. Ұрланған заттардың жартысы алынды, тергеу амалдары жүргізілуде.